Қазақстан экономикасының өсімі 2017 жылы 3,3%-ға жетуі мүмкін - Дүниежүзілік банк
Қазақстан экономикасының өсімі 2017 жылы 3,3%-ға жетуі мүмкін - Дүниежүзілік банк
Дүниежүзілік банк сарапшыларының болжамынша, Қазақстанда ЖІӨ өсімі 2015-2016 жылдары шамамен 1%-ды құрап, ал 2017 жылы 3,3% дейін өсуі мүмкін, деп хабарлайды primeminister.kz.
«Біздің базалық сценариімізге сәйкес, мұнай бағасы 2016 жылы төмен деңгейде қалып, 2017 жылы қайта қалпына келе бастайды. ЖІӨ өсімі 2015 және 2016 жылдары шамамен 1% деңгейде төмен болып қалады, бірақ 2017 жылы 3,3 % дейін артуы мүмкін», - делінген Дүниежүзілік банк баяндамасында.
Сонымен қатар күрделі сыртқы орта Қазақстан дамуының орташа мерзімді перспективаларына одан әрі әсер етеді. Ұзақ мерзімді перспективада сарапшылар айтып өткендей: «елдің сыртқы қатерлерге тұрақтылығын арттыру үшін экономиканы әртараптандыру қажет».
«Пессимистік сценарийде базалық сценарийге қарағанда мұнай бағасы 2016 жылы төмендеуін жалғастырып, бұл Қазақстан бюджеті жағдайының және төлемдік балансының нашарлауына және ішкі сұраныс пен ЖІӨ өсімінің одан әрі төмендеуіне алып келеді», - делінген құжатта.
Осылайша, болжамдарға сәйкес, екі жағдайда да мұнайдың ішкі өндірісі 2017 жылы Қашағанда мұнай өндірудің арқасында арта бастайды деп күтіледі, соның нәтижесінде ЖІӨ өсімі артып, мемлекеттік бюджет пен ағымдағы есепшоттың баланстары жақсаруы мүмкін.
«Сондай-ақ Қашағанда мұнай өндірісін бастаудың кідірісі немесе Ресейдегі құлдыраудың жалғасуы мен Қытайда өсімнің одан әрі төмендеуі ықтималдығын ескергенде, экономиканың алдында айтарлықтай төмендеу қауіп-қатерлері бар», - делінген баяндамада.
Оған қоса, ДБ сарапшылары ұзақ мерзімді болашақта институционалдық реформаларды және әлеуетті дамыту, адами капиталды қалыптастыру мен инфрақұрылымға инвестиция тартуды жалғастыра отырып, Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) келісімдерін толыққанды жүзеге асыруды қоса алғанда, ҚР Үкіметінің құрылымдық реформалар бойынша бағдарламасының табысты жүзеге асуы мұнайлы емес экономиканың өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруы тиіс екенін атап өтті.
Уақыт өте келе, бұл Қазақстан дамуының әлдеқайда тұрақты және әртараптандырылған үлгісіне негіз болады деп күтілуде.