Әдебиет

Өлеңмен өрілген өмір

Өлеңмен өрілген өмір

Кіршіксіз таза адамдар көктемде өмірге келетін сияқты 

Жер дүниенің құлпырған шағында туғандар ғұмыры әдемі өріліп, көркем жалғасатын тәрізді. Қаламдас досымыз, үзеңгі қағыстырып жүрген әріптесіміз Сайлаубай Тойлыбаев өмір өткелдерімен өрге жүзіп, табиғаттың ғажап мезгілімен көркейіп, көктем шуағымен қуаттанып, бүгінде өзінің кемел биігіне көтеріліп отыр.

Сайлаубай ізгіліктен із тастап жүргендердің қатарында. Ізгілік жасауға асығып тұратын жомарттығымен дараланып, парасат биігіне көтерілген қаламгер. Оның бойындағы ізгі қасиеттер азаматтық тұлғасына әр беріп, жақсылықтың жұпарын сездіріп жатса, оған қалай қуанбассың. Ізгі жандар ғана қалам ұстауға қақылы ма деп қаласың. Адам өмірі – оның көркем мінезі мен көрікті істерінен көрініс табатын болса, Сайлаубай ғұмырының осыған сай өрілгендігін тану қиынға соқтырмайды. Өмірінің шуақты жылдары әдемі жалғасып, мынау фәни дүниедегі жүрер жолын ұзартты және ұзартып келеді. Шығармашылық адамы үшін бұдан артық бақыт бар ма? Өйткені Сәкеңнің шабытты шақтары мейлінше шарықтап, қаламынан туған дүниелері оқырмандар жүрегіне жол тартты. Сайлаубай досты білгендіктен көп нәрсе айтуға болады. Пайғамбар жасына келген адам туралы ұзақ айтудың қажет жоқ. Өйткені Сәкең бәрін көрген, бәрін жеңген адам. Журналистік жолда қызметінің жемісін, рахаты мен қызығын көріп, өз биігіне жеткен адам. Қазақ радиосында өз қолтаңбасын қалдырып, жағымды даусымен тыңдарман жүрегін жаулаған журналист. Руханият тақырыбында ой қозғап жүрген Сәкеңнің дайындаған талай радиохабарлары Қазақ радиосының алтын қорында сақталған. Ең бастысы ол – өмірі өлеңмен өрілген ақын. Өлең өлкесінде өзіндік өрнегін танытып, оқырманын сұлу жырларымен сүйсінткен сері ақын. Жүрекпен жыр толғайтын Сәкеңнің сезімді селт еткізер, көркемдік қуаты мол өлеңдерін тамсанбай оқу мүмкін емес. Сайлаубай Тойлыбаев Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «Біздің Талғат», «Үркер ауып барады», «Өмірімнің бәрі өлең», «Мөлдір махаббат» атты өлеңдер мен поэмалар жинақтарының және көптеген ән мәтіндерінің авторы. Бірнеше жыр мүшәйраларының жүлдегері.

Мақұлбек Малдарбеков, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Суретте: Студенттік жылдардан естелік (1974 жыл).