Жаңа мектептер көбейіп келеді
Жаңа мектептер көбейіп келеді
Т.Рысқұлов ауылында 180 орындық мектеп оқушыларға есік ашты
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Меркі ауданының Т.Рысқұлов ауылында жаңа мектеп салтанатты жағдайда ашылды.
Аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов, аудандық мәслихат хатшысы Ілияс Ахметжанов, ардагер ұстаздар, ауыл жұртшылығы қатысқан қуанышты жиын аудандық Мәдениет үйі көркемөнерпаздарының концертімен басталды. Салтанатты жиында алғашқы болып сөз алған аудан әкімі Бақтияр Бейсембайұлы білім саласын жандандыру, жас ұрпаққа сапалы білім, тағылымды тәлім-тәрбие беруге жер жаһанды шарпыған қаржылық- экономикалық дағдарыс та кедергі бола алмайтынына тоқталды. Оған айғақ, биыл Меркі ауданында екі жаңа мектеп ашылса, оның екеуі де осы ауылдық округте екенін тілге тиек етті. Осы орайда 2012 жылы ескі мектеп ғимараты апатты деп танылған соң өткен жылдың сәуір айында павлодарлық «Нұржолстрой» ЖШС құрылыс жұмысын бастаған болатын. Бүгінде тиісті жұмысты толық аяқтаған олар 180 оқушының бір ауысымда әсем ғимаратта, жайлы кабинеттерде сапалы білім алуына қажетті жағдай туғызып отыр. Өз кезегінде аталмыш мердігер компанияның бөлім басшысы Сәрсенғали Еңсебаев білім ордасының символикалық кілтін мектеп басшылығына табыстап, көпшілікті айтулы күнмен құттықтады. Келесі кезекте сөз алған ардагер-ұстаз, бұрын мектеп директоры болған Әскеркүл Сейітқазиева әріптестерін жаңа ғимаратта жаңа қарқынмен жұмыс жасауға шақырды. Мектептің алқызыл лентасын аудан әкімі Б.Көпбосынов пен ардагер-ұстаз Ә.Сейітқазиева салтанатты жағдайда қиған соң көпшілік мектеп ішімен, ондағы заманауи лингафон, интернет, интерактивті тақта кабинеттерін, шеберхана, асхана бөлмелерін аралап көріп, өздерінің оң бағасын берді. Аудан басшылығы жұртшылық атынан жаңа оқу ордасына сый-сияпат тарту етті. Өз кезегінде мектеп директоры Нұрлан Оразбеков заманауи үлгіде безендірілген, барлық қажетті құрал-жабдықпен жабдықталған жаңа мектеп жаңа табыстарға жетелейтінін жеткізіп, сапалы білім, тағылымды тәрбие беру жолында аянбайтындарын айтты.
Нұрболат Әлдибеков,
«Ақ жол».
Меркі ауданы.