Өз алаңында үстем түздегі ойыны – сәтсіз
Өз алаңында үстем түздегі ойыны – сәтсіз
Бір күн бұрын ғана Ұлы Жеңіс мерекесін тойлаған тараздықтар сенбі күні орталық стадионда «Тараз» командасының жеңісін атап өтті. Бұл матчты облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев арнайы барып тамашалады. Бастапқыдай емес, қазір «Тараз» футболшылары өз ойын мәнерін тапқан секілді. Нәтиже жақсарғалы жанкүйерлердің де ынтасы артып, командаға қолдау көрсетуде ауызбіршілік танытуда. «Тараздың», әзірге, түздегі ойындары сәтсіз өтіп жатса да, өз алаңында қарсыластарынан үстем түсуде. Оныншы турда Керекуге «қонаққа» барған жерлестеріміз 2:0 есебімен жеңіліп қайтса, он бірінші турда шымкенттік «Ордабасы» командасын жеңіп, аса қажетті үш ұпайды еншіледі. Бірінші таймның алғашқы минуттарында Алексей Щеткин мергендігімен танылды. Тараздықтар үзіліске дейін есепті еселеп алуға ұмтылған. Александр Григориенко қорғаған қақпаға 43-минутта қорғаушы Илья Воротниковтың соққысы дарыды. Екінші таймда шымкенттіктер таблодағы көрсеткішті өзгерту үшін барын салды. Жетінші нөмірлі көк жейдеде өнер көрсеткен Азат Нұрғалиев біздің қорғаушыларды біраз әбігерге салған. Матчтың негізгі уақыты аяқталып, төреші қосқан қосымша минуттарда ақыры Журахон Бабахановтың осал тұсын таба білді. Есеп – 2:1, «Тараздың» пайдасына шешілді. Мамырдың 14 күні «Тараз» бен «Ордабасы» тағы да кездеседі. Бірақ, бұл ойын ішкі біріншіліктің кезекті туры емес, ел кубогы үшін өтетін бәсекенің 1/8 финалы. Жалпы, жамбылдықтар он күннің ішінде қатарынан үш матчқа куә болады. Себебі, он екінші турдың ойындары 18 мамырға белгіленіп отыр. Бұл дода да «Тараз» командасының өз алаңында өтеді.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».