Қиындықтан шығудың жолын көрсетті
Қиындықтан шығудың жолын көрсетті
Бауыржан Таңатов, «Аль-Басар» ЖШС-ның директоры.
Қазақстандықтар биыл Елбасы Жолдауын асыға күтті десем, артық емес. Әлемде болып жатқан түрлі жағдайларды естіп-біліп отырған жұртшылықтың көңілі алаңдаулы еді. Бәрінің санасында сан сауал. Ертең не болады? Дағдарыстан шығудың жолы қайсы? Тұрғындар осы сұрақтардың жауабын Президент Жолдауынан табамыз деп күтті. – Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Елбасы Жолдауы көптеген түйткілді мәселелердің шешімі болды. «Жаһандық дағдарысты ел экономикасына төнген қауіп-қатер ғана емес, жаңа мүмкіндіктер деп түсіну керек», – деді Президент. Мемлекет басшысы бүгінгі әлемдік ахуалдың күрделі кезеңмен ұштасып жатқандығын және алпауыт елдердің өзара санкциялары дүниені тығырыққа тірегенін айта келіп, Қазақстанның алға қойған мақсаты басқа екенін ұқтырды. «Біздің мақсат – әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру», – деді Елбасы. Президент Жолдауда тығырықтан шығудың 5 бағытын нақтылап көрсетіп берді. Жұртты еңбек етуге, жастарды нарық сұранысына ие мамандықтар бойынша білім алуға шақырды. Дағдарыстан шығудың жолы – өндірісті дамыту. Елбасы отандық тауарларды тұтынып, ішкі айналымдағы тауарлар ағымын ретке келтіруді тапсырды. Қазақстанда жасалған өнімдерді сатып алуға шақырды. Бір сөзбен айтқанда, қаржы дағдарысы қыспаққа алған кезеңде аспандағы айға қол созбай, «көрпеңе қарай көсілу керек» екенін ұғындырды. Мемлекет басшысының айтуынша, шикізаттық емес секторға иек артып отыра беру экономиканы тұралатады. Қиындықтан шығу үшін жеңіл өнеркәсіпті және басқа да салаларды дамытуға мән беру керектігін қадап айтты. Біз Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмасын орындап, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру бойынша жұмыс жасасақ, ішкі айналымдағы тауарларды өндірсек, Елбасы айтқан 30 елдің қатарына енетін күн алыс емес деп ойлаймын. Сондықтан, жеңіл өнеркәсіпті дамыту туралы тапсырмасын Елбасының көрегендігі, стратегиялық бағыттағы жұмыстарды шешудегі ең үздік ұсынысының бірі деп санаймын. Мойынқұм ауданы.