ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІККЕ ЖҮКТЕЛЕР МІНДЕТ АУҚЫМДЫ
ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІККЕ ЖҮКТЕЛЕР МІНДЕТ АУҚЫМДЫ
Мәден Мұсаев, Жамбыл ауданының әкімі.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты кезекті Қазақстан халқына Жолдауын дағдарыс жағдайындағы еліміздің іс-қимыл әрекетінің нақты құжаты деуге болады. Президент жаңа жаһандық ахуалдың сын-қатерлерін, Қазақстанның дағдарысқа қарсы мүмкіндіктерін айта келіп, таяу уақытта бес бағыт бойынша кешенді жаңаруларды жүзеге асыру қажеттігін атады. Мемлекет басшысы ұсынған бес бағыт – ол қаржы секторын тұрақтандыру, бюджет саясатын оңтайландыру, жекешелендіру және экономикалық бәсекелестікті ынталандыру, жаңа инвестициялық саясаттың негіздерін қалау және жаңа әлеуметтік саясат. Осы аталған бес бағытты бағдар ретінде ұстанып, аянбай еңбек еткенде ғана елді тығырықтан аман-есен алып шығып, дамыған 30 елдің қатарына қосыламыз. Елбасы алға қойып отырған міндеттерді орындау мен межеге қол жеткізуде жергілікті атқарушы билікке жүктелер міндет ауқымды. Өйткені, мемлекеттік саясаттың жүргізілу субъектісі осы арадан бастау алмақ. Елбасы өз Жолдауында: «...Мемлекеттік шығындар мен субсидиялар жүйесін де қайта қараған жөн. Бүгінде бүтіндей бір салалар мемлекет есебінен өмір сүруде. Сонымен бірге, мәселен, «ҚазАгро» корпорациясы арқылы көрсетілетін мемлекеттік қолдау құралдары бүкіл ауыл шаруашылық тауар өндірушілердің тең жартысы үшін қолжетімді емес. Бюджет шығындарын жеңілдету үшін мемлекет-жекеменшік әріптестігі тетігін белсендірек қолдану қажет. Экономиканың басым салаларына жеке инвестицияларды ынталандыру бойынша қосымша шаралар қарастыру керек. Жеке инвесторларды жол, газ құбыры, ауруханалар, мектеп және басқа да нысандар құрылысына ғана емес, сонымен бірге, оларды қайта жаңғыртуға және техникалық қызмет көрсетуге тартудың да маңызы зор. Бюджет шығындарын оңтайландырудан босаған барлық қаржыны бірінші кезекте халық үшін нақты нәтижелер әкелетін жобаларға бағыттау қажет», – деп атап көрсетті. Міне, бәріміз күткен үлкен істің нақты шешімі осы. Жалпы, бұл жолғы Жолдауда айтылған әрбір ұсыныс пен берілген тапсырманың еліміз үшін маңызы айрықша екенін Қазақстанның әрбір азаматы шын көңілмен түсініп, түйсініп, соны басшылыққа ала отырып еңбектенсе ғана айтулы нәтижелерге қол жеткізеді. «Біз көлденең шыққан кедергілерге кідірмей, дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсатына қадам басамыз», – деді Елбасы нық сеніммен. Ендеше, сол сенім үдесінен шығуға, сол арқылы ел болып бар қиындықты еңсеруге тырысайық. Жамбыл ауданы.