Елім деп еңбек ету – парызымыз
Елім деп еңбек ету – парызымыз
Масат Берік, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.
Жаһандық дағдарысқа тәуелсіз төтеп беру үшін не істеу керек? Мемлекеттің дамудың даңғыл жолына сара жол салатын келесі қадамдары қандай болмақ? Көпшіліктің көкейінде жүрген сан сауалдың бір ғана жауабы Елбасымыздың жаңа Жолдауында көрініс тапты. Жолдау Қазақстанның 2050 жылға дейін дамыған 30 елдің қатарына енуі үшін қандай шараларды қолға алуы керек және ендігі стратегиялық бағыты қандай болуы қажет деген нақты сауалдарға жауап берді. Қазіргідей алмағайып кезеңде біздің мемлекетіміз нақты бағдар ұстануы қажет. Себебі, қазір әлемнің дамыған алпауыт елдерінің өзі тығырыққа тіреліп отыр. Қаржылық дағдарыс бір жағынан қыспаққа алса, екінші жағынан халықаралық шиеленістер ушығып тұр. Осындай шақта қазақстандықтар сабырлық танытып, бірлігін нығайтып, Елбасы бастамаларына қолдау көрсетуі тиіс. Мемлекет басшысы Жолдауда еліміздің қалталы азаматтарына шетел банктеріне салынған қаржыларын еліміздің игілігі үшін отандық өнеркәсіпті дамытуға жұмсау туралы ұсыныс айтты. Бұл ұсыныс қолдау тапса, еліміздің экономикасы тұрақтанып, ішкі әлеуетіміздің артары хақ. Елбасы барша Қазақстан халқына арнаған Жолдаудағы тапсырмалардың орындалуын бақылауда «Нұр Отан» партиясына сенім білдіретінін жеткізді. Сондықтан, Жолдау жүктеген міндеттер – барша партия мүшелерінің алдағы жылдардағы негізгі іс-қимыл әркеттері болуы тиіс. Президент Жолдау бойынша кең көлемді насихаттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, азаматтарды топтастыра отырып, жүктелген барлық міндеттердің орындалуын қадағалауды партияға сеніп тапсырды. Осы тапсырманы орындау үшін партияның облыстық филиалының ақпараттық-насихаттық тобы шалғайдағы елді мекендерде арнайы кесте бойынша кездесулер ұйымдастырып, өңіріміздегі 399 бастауыш партия ұйымдарында бірыңғай күн тәртібімен ашық партия жиналыстарын өткізуді жоспарлауда. Президентіміздің пайымды пікірі, толымды жоспарлары тоқайласқан Жолдаудағы жоспарларды жүзеге асыру – баршамыздың міндетіміз! Ел дегенде емініп еңбек ету – перзенттік парызымыз. Елбасының сенімін ақтап, мемлекеттік мүддеге қол жеткізетін жұмысты кейінге қалдырмайды, ол кезек күттірмейді. Барша партиялас әріптестерімнің тынымсыз тірлікпен, жүйелі жұмыспен, берекелі бірлікпен Елбасы тапсырмаларын тиянақты атқаратынына сенімдімін.