Сенат депутаты спортшылармен кездесті
Сенат депутаты спортшылармен кездесті
Мән-мазмұны өзара астасып жатқан қос мереке қарсаңында Жамбыл жеріне арнайы жұмыс сапарымен келген Парламент Сенатының депутаты Александр Савченко облыстық мамандандырылған спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта кездесу өткізді. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Ғали Есқалиев ашты.
Бапкерлер мен спортшыларды мерекелерімен құттықтаған Сенат депутаты жаттықтырушы Керей Қойшыбековке туризм, дене шынықтыру және спортқа сіңірген еңбегі үшін құрмет төсбелгісін тапсырды. Бір атап өтетіні, бұл – ТМД көлемінде берілетін марапат. «Онға жуық Парламент депутаты ТМД елдерінің депутаттарымен әріптестік байланыста, өзім сол топтың белсенді мүшесімін. Сондықтан, біздің Жамбыл өңірінен шыққан тәжірибелі жаттықтырушы осындай марапатқа ие болып отырғаны мен үшін үлкен қуаныш. Егер ол осындай нәтижеге қол жеткізбесе, шәкірттері халықаралық деңгейде жетістіктерге жетпесе, оған мұндай мәртебе берілмес еді. Еңбек табысқа жеткізеді. Жастар Керей Қойшыбеков сынды ағаларынан үлгі алуы тиіс», – деді Александр Георгиевич. Спорт саласының мамандарына мұндай мәртебе беріле бастағалы да көп бола қоймапты. Сенатордың айтуынша, Керей Қойшыбеков ТМД аумағында осындай төсбелгіні жетінші болып алып отыр екен. Жалпы, Александр Георгиевич үшін өңірдегі әлеуметтік және өндіріс нысандарының жай-күйі жақсы мәлім. Бұл туралы ол кездесуде айтты. Қазір Астанада жүрсе де, облыста қызмет істеген жылдарда көріп, көкейге түйген және кейінгі жылдардағы пайда болған мәселелерді айтып, республикалық бюджеттен қаржы бөлуге ықпал еткенін тілге тиек етті. Сенат депутаты кездесуден кейін мектеп-интернаттың спорт базасымен танысты. Интернат мұражайын аралап, тілек кітапшасына қолтаңбасын қалдырды.