Білім

Ғибратты ғұмыр қияға жетелейді

Ғибратты ғұмыр қияға жетелейді

Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында Тараз қаласындағы №25 орта мектебінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тағылымды қызметі мен өмірбаяны туралы сынып сағаттары өткізілді. Тұңғыш Елбасының күніне байланысты 9-10 сынып аралығында мектепішілік конференция болып өтті. «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы», «Елбасы – ел қалауы, тірегіміз», «Менің Тұңғыш Президентім!», «Қазақ елінің ұлттық идеясы – «Мәңгілік Ел» атты тақырыпта баяндамалар тыңдалды. Оқушылар Отанға қызмет етудегі Елбасының ерен еңбектерін ой елегінен өткізіп, білім мен тәрбиені ұштастыра отырып Қазақстанның жарқын болашағына үлес қосуды мақсат тұтатындарын және мемлекеттік мерекелер санатына қосылған Тұңғыш Президент күнін Ұлт Көшбасшысына берілген халықтың кұрметі екенін тілге тиек етті. Қазақстандықтар өз Отаны мен Президентін мақтан тұтады. Қазақстан азаматы болу – зор абырой және биік мәртебе. Сондықтан Отанымызды қастер тұтып, тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президентіне сенім арту – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз. Ел келешегі ертеңгі жастар бүгін мектеп қабырғасында жүр. Олардың бойына отансүйгіштік қасиетті дарыту – қасиетті іс. Мұны ұстаздар қауымы жақсы біледі. Өйткені кең-байтақ Қазақстанды гүлдендіретін, оның баянды болашағы жолында еңбек ететін жастардың бүгінгі қадам алысы қуантады.

Тараз қаласы.