Экономика

Өңірімізде 25 мың адамды жұмыспен қамтуға болады

Өңірімізде 25 мың адамды жұмыспен қамтуға болады

Облыс әкімі бұл игі мақсатқа барлық қала, аудан әкімдері жұмылуы қажеттігін айттыОблыс әкімі аппараты кеңесін аймақ басшысы Кәрім Көкірекбаев ең маңызды мәселелерден, Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындау және Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмаларды назарға алудан бастады. Үкімет отырысында облыс әкімдеріне 9 бағыт бойынша жұмыстарды жандандыру міндеттелген болатын. 

Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмаға сәйкес жекешелендіру және мүлікті жария ету мәселелері бойынша облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы Асқар Қырықбаев хабарлама жасады. Баяндамашы айтып өткендей, жекешелендірудің 2014-2015 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес облысымыздан 27 ұйым, оның ішінде «Тараз» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамынан 2 еншілес ұйым жекешелендірілуі межеленсе, бүгінгі таңда ол 22 ұйымда жүзеге асырылған. Өткен жылы жекешелендіруден облыстық бюджетке 66,2 миллион теңге түсіпті. Ал биылғы жылдың 11 айындағы нәтиже бойынша облыс қазынасына жекешелендіруден 24,6 миллион теңге салықтық түсім түскен. Бір айта кетерлігі, сатылымға бірнеше рет шығарылып, алуға ешкім өтініш білдірмеген ұйымдар да бар екен. Мәселен, Тараздағы «Болашақ» және «Рауан» балаларды сауықтыру лагерьлері мен «Тараз тұрғын үй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осындай күйді кешуде. «Жасыл Ел Тараз» мекемесі үш жылға сенімдік басқаруға беріліпті. Одан өзге Т.Рысқұлов ауданындағы «Жасыл Құлан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сауда-саттыққа бес рет шығарылып, сатып алушылардың жоқтығына байланысты Т.Рысқұлов ауданы әкімінің қаулысымен таратылған. Алайда, бұл серіктестікте еңбек еткен адамдарды басқа жұмыспен қамту мәселесі қаралуда. Облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы биылғы жылдың 11 айы бойынша 5022 жылжымайтын мүліктерді жария етуге өтініштер қабылданғанын айтты. Оның ішінде 221 өтініш құжаттары толық болмауына байланысты кері қайтарылған. Жария етілген мүліктердің саны бойынша Тараз қаласы және Байзақ, Шу аудандары алда келе жатыр. Бұл көрсеткіш Т.Рысқұлов, Талас аудандарында төмен. Ал Мойынқұм ауданы бар болғаны 23 мүлікті ғана жария етіп отырғаны еш қисынға келмейді.

Облыс әкімі ұйымдарды тарату барысындағы жұмыстарда олқылыққа жол бермеу мәселесін қозғап, Меркі ауданында облыс бюджетіне жылына 400 миллион теңге салық төлеп тұрған кәсіпорынның қысқаруға ұшырағанына, салдарынан мыңға жуық адамның жұмыссыз қалғанына назар аударып, мұндай жағдайды жан-жақты ойластырып, дұрыс қадам жасауды тиісті басшыларға ескертті. Келесі сәтте «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов баяндама жасады. Оның айтуынша, аталған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде еліміздің Ұлттық қорынан облысымызға 5,3 миллиард теңге бөлінген. Оның 4,3 миллиард теңгесі 25 жобаның іске асуы үшін қарастырылған. Биылғы жылдың 11 айында аталған қаражаттың 90 пайызы игерілген. «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» шеңберінде іске асырылып жатқан Жаңатас қаласындағы кәріз желілерін және тазалау ғимараттарын қайта жаңғырту бойынша – 167 миллион, Жаңатас қаласындағы су құбыры желілерін қайта құру және тұтынушылардың жер телімі шекарасына тартылатын су құбыры желілері бойынша – 91,9 миллион, Шу қаласындағы «Жайсан» тұрғын үй алқабынан электрлік байланыс жүйесін салу бойынша 4,2 миллион теңгенің игерілмеуіне байланысты республикалық бюджеттен бөлінген трансферттердің 263,1 миллион теңгесі кері қайтарылуы мүмкін. Кеңесте облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Алмас Мәдиев Үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы құны 123,3 миллиард теңгені құрайтын 33 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, бес мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылғанын айтты. Байзақ, Жамбыл, Мойынқұм, Т.Рысқұлов, Шу ауданында ашылған жобалар 50 пайыздан жоғары қуаттылықпен жұмыс атқаруда. Керісінше Қордай, Меркі, Талас аудандарында және Тараз қаласында жобалардың қуаттылығы 50 пайыздан төмен көрсеткішті көрсетіп отыр. Ал Жуалы және Сарысу аудандарында аталған бағдарлама аясында ешқандай жоба іске асырылмаған. Бұл орайда облыс басшысы аталған бағдарламаға жауапты кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Алмас Мәдиевті сын тезіне алды. «Қай ауданда қандай жоба жүзеге асып жатқанын білмейсің. Аудан әкімдерімен байланысып, сол кәсіпорындарды неге жиі аралап тұрмайсың?» – деді облыс әкімі. Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасының биылғы 11 айда жүзеге асырылуы туралы баяндады. Басқарма басшысы айтқандай, аталған бағдарламаны қаржыландыруға облысымыз бойынша бөлінген қаржының 96 пайызы игеріліп, 6456 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Бұл орайда өзекті мәселелер де аз емес. Мәселен, Меркі ауданында 48 адам жоспарлы несие алуына қарамастан, әлі қосымша жұмыс орындары ашылмаған. Ал Қордайда несие алған 49 адамның 29-ы, Шуда несие алған 45 адамның 27-сі, Мойынқұмда несие алған 27 адамның 20-сы қаражатты мақсатты пайдалануға асықпай отыр. 207 несие алушы ғана салық ұйымдарына тіркелген. Бұл көрсеткіш Мойынқұм ауданында – 35, Жуалы ауданында – 47, Қордай ауданында 50 пайызды ғана құрағаны алаңдатады. Бағдарламаның 3-бағыты бойынша кәсіптік оқытуды аяқтаған 812 адамның 82 пайызы жұмысқа орналасқан. Оқуды аяқтағандардың ішінде Талас ауданында – 50, Мойынқұмда – 24, Меркіде – 21, Т.Рысқұлов – 10, Жуалыда 9 адам әлі жұмысқа тартылмаған. «Жастар тәжірибесіне» 578 түлек жолдама алып, бөлінген қаражат 97 пайызға игерілген. Алайда, жұмысын аяқтағандарды тұрақты жұмыспен қамту Меркіде – 27, Сарысуда – 19, Таласта – 12, Т.Рысқұловта – 11, Шу ауданында 4,5 пайызды ғана құрап отыр. Сондай-ақ, Ж.Баубеков келесі жылы Тараз қаласы мен аудандарда ашылатын әлеуметтік мекемелер (мектеп, балабақша, денсаулық сақтау нысандары) және кәсіпорындар есебінен 12 мың жұмыс орындарын ашуға болатынын, бос жұмыс орнына конкурс жариялау арқылы 12500 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік бар екенін айтып, әріптестерін игі іске жұмылуға шақырды. Облыс әкімі аппараттық кеңес жұмысын қорытындылай келе, жергілікті жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін барлық жағдайларды жүзеге асыруды орынбасарларына, Тараз қаласының және аудан әкімдеріне тапсырды. Сондай-ақ, Елбасы Жолдауын жан-жақты насихаттау жұмыстарын ұйымдастыруды облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Рахия Тұрмахамбетоваға міндеттеді.

Есет Досалы, «Ақ жол».