Ұстаз. Ғалым. Қайраткер
Ұстаз. Ғалым. Қайраткер
Есімі елімізге танымал ғалым Марс Фазылұлы Үркімбаев жайлы мен алғаш рет 1973 жылы ақпан айында естідім. Сол кездері Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының 4-курсында оқитынмын. Әкем Талқа Әуелұлы маған телефон шалып, Рахмет Жулаевтың зейнеткерлікке шығуына байланысты оның орнына жас ғалым, Қазақ химия-технологиялық институтының инженерлік-құрылыс факультетінің деканы Марс Фазылұлының ректорлыққа тағайындалғанын хабарлады. Білімгерлер қауымы мұны үйреншікті жай ретінде қабыл алған еді. Бірақ, жаңа ректордың небәрі 33-ақ жаста екендігі былайғы жұртшылық тарапынан таңданыс тудырғаны анық. Біз 5-курсқа көшкен жылы институттың оқу-зертханалық базасының техникалық әлеуеті жағынан өзгергенін сезіне бастадық. Жаңа ректор бұрынғы басшының жақсы бастамаларының барлығын да ілкімділікпен жалғастыра білді. Гидромелиоративтік-құрылыс институты оқу кешені құрылысының басталуы, салынуы және қолданысқа берілуі М.Үркімбаевтың есімімен тығыз байланысты екендігі бәрімізге аян. Оның жастық жігер-күші, мақсаткерлігі мен талапшылдығының арқасында аталған құрылыстың сол кездегі Үкімет тарапынан қаржыландырылуына қол жеткізілді.
Жалпы, бұл кешеннің құрылысын жобалауға және салуға КСРО Су және мелиорация министрлігінің Бас күріш совхоз құрылыс басқармасының тікелей ат салысқаны белгілі. Бұл ретте аталған басқармада қызмет еткен Талқа Әуелұлы мен Қазақ КСР Су және мелиорация министрлігінде қызмет еткен Әбубәкір Тыныбаевтың қосқан үлестерінің зор екендігін атап өткен жөн. Аталған азаматтардың Қазақстандағы барлық гидромелиоративтік жүйелерді салуға ат салысқаны және Қазақстанның еңбек сіңірген гидротехник мамандары екендігі белгілі. Марс Фазылұлы бұл туралы ылғи да айтып отырушы еді. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының бас кезінде жоғары оқу орнында мелиорация, гидрология, сусорғы стансалары және гидромелиоративтік жұмыстарды ұйымдастыру, гидротехникалық құрылыстарды жүргізу зертханалары пайдалануға берілді. Бұл – білімгерлердің зертханаларда жобалау жұмыстарынан бастап, гидромелиорация жүйелерін пайдалануға дейінгі тәжірибелік жұмыстарды орындауларына мүмкіндік берді. Марс Фазылұлының осы тұрғыда атқарған игілікті істері туралы айтпай кетуге болмас. Ол студенттік қалашықтың құрылысы басталмай тұрып, институттың профессорлық-оқытушылық құрамының сапасын арттыруды қолға алған-ды. Бұл ретте, ең алдымен, осы оқу орнының өз түлектеріне басымдық берілгендігін атап өткен жөн. Оның бұл қасиеті өзінің ұстазы Сұлтан Сүлейменовтен жұғысты болғаны анық. Міне осылай жақсы ұстаздың алдын көрген Марс Фазылұлы ректорлық қызметі кезінде КСРО-ның жоғары және арнайы орта оқу министрлігі мен КСРО-ның ауыл шаруашылық жоғары оқу орындарының бас басқармасы арқылы институт түлектері мен жас ғалымдардың сол кездегі басты инженерлік оқу орындарындағы докторантура мен аспирантураларда оқуы үшін қажетті орын бөлінуіне ықпал ете алды. Жыл сайын 25 жас маман арнайы жолдамамен жетекші оқу орындарында білімін жетілдіретін және оқуын аяқтағаннан кейін бірден облыс орталығынан 2-3 бөлмелі үйге ие болатын. Сол үрдістің нәтижесінде 1973-1991 жылдар аралығында Жамбыл құрылыс -мелиорация институтындағы ғылым кандидаттарының саны 15 есеге артыпты. Ал Марс Фазылұлының өзіне келсек, ол негізгі жұмысынан қол үзбестен Мәскеудегі Бауман атындағы жоғары техникалық училищеде докторлық диссертациясын қорғап, жастарға үлгі бола білді. Ол машина жасау саласында өзіндік ғылыми мектебін ұйымдастыра алды және оның салған соқпағын шәкірттері – ондаған ғылым кандидаты мен докторлары лайықты жалғастыра білді. М.Үркімбаевтың білім беру саласындағы жаңашылдығы мен қайталанбас бастамалары өткен ғасырдың 80-ші жылдарының орта шенінде одақтық деңгейде қолдау тауып, өз бағасын алды. Ол қатарынан үш жыл бойы КСРО- ның ең үздік ректоры болып танылды. Институт одақ бойынша білімгерлердің оқуына, демалуына, спортпен айналысуына жағдай жасауда бірінші орынға ие болды. Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласы маңайында спорттық-денсаулық сақтау кешенін салуға қол жеткізді. Институттың кеңес одағында бірінші болып мемлекеттік және шаруашылық тапсырыстардың орнына жұмыс берушілердің тапсырысына сәйкес арнайы оқу жоспарларын құруға міндеттеу және диплом жұмыстарын тапсырыс берушілердің жұмыс орындарында қорғату мүмкіндіктеріне ие болуын, сол кездегі білім беру жүйесіндегі құбылыс ретінде қарастыруға болады. Институт 1987 жылы эксперимент алаңы ретінде шаруашылық есеп қағидасына сәйкес өзіндік оқу жоспары бойынша мамандар дайындау мүмкіндігіне ие болды әрі осы модель бойынша алғашқы мамандар 1992 жылы оқуларын тәмамдап, өндіріске жолдама алды. Кезінде бұл бастамаға қарсы шығушылардың да болғандығы, олардың бұқаралық ақпарат құралдарында көптеген мақалалары жарық көргендігі мәлім. Әйтсе де, қазіргі таңда ТМД аумағындағы барлық республикаларда шаруашылық есеп қағидаларына сүйенген мамандарды дайындау моделі кеңінен қолданылуда. Бұл Марс Фазылұлының бастамасының өміршеңдігін танытуда. Марс Фазылұлының республикамыздың Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде білім беру саласы ғана емес, сонымен қатар, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп салалары мен экономиканы реформалау бағытында да көптеген заңнамаларды қабылдауға ұйытқы болғаны бәрімізге мәлім. Мәселен, еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасы бойынша елімізде аймақтарды әкімшілік басқару институтын енгізу жүзеге асырылды. Осы модельдің негізінде Мемлекет басшысының бұйрығымен М. Үркімбаев Оңтүстік Қазақстан облысының алғашқы әкімі болып тағайындалды.Сол қызметін атқару кезінде Марс Фазылұлы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасы бойынша Ордабасыда Азия республикалары басшыларының тарихи кездесуінің өтуіне ұйытқы болды. Ал бұл кездесудің көршілес жатқан елдердің мемлекетаралық байланыстарының нығаюына айтарлықтай ықпал еткендігіне дау жоқ. Марс Фазылұлы одан кейінгі кезеңде де республикалық деңгейде әрқилы қызметтерді атқарып жүріп, еліміздің нарықтық экономикаға өтуіне ерекше еңбек сіңірді. Сол ізденістері мен тәжірибелік жұмыстарының нәтижесінде ғалым «Арифметика жетістіктері», «Билік алгебрасы», «Нарық пен қоғамның интегралдық тепе-теңдігі» және басқа да 20-дан астам кітабын жарыққа шығарыпты. Бұл еңбектер осы уақытқа дейін жас мамандардың ең қажетті кітаптары болып саналады. Үркімбаев мектебінен республикаға танымал С. Терещенко, Ө. Шүкеев, Мәжіліс депутаты, академик У. Бишімбаев және басқа да мемлекет және қоғам қайраткерлерінің тәжірибе жинақтағанын айта кеткен артық болмас. Ол – Қазақстан экономикасында, білім саласында қайталанбас із қалдырған қайраткер. Оның еңбектерін еліміздің тұңғыш Президенті кезінде жоғары бағалап, көптеген орден және медальдармен марапаттады. М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-да Үркімбаевтың ғылым мен білім беру саласындағы еңбектері ұлықталып, жыл сайын «Үркімбаев оқуларын» өткізу дәстүрге айналған. Бұл ғылыми форумда жас талантты ғалымдар мен білімгерлерге ғылыми бастамаларын аяқтау үшін Үркімбаев атындағы гранттар беріледі. Қамқорлық кеңесінің төрайымы Т.Н. Үркімбаеваның басшылығымен алқа мүшелері үміткерлердің арасынан грант иегерлерін анықтайды. Өз басым осындай танымал тұлғамен бірге қызмет еткенімді, одан көп нәрсені үйренгенімді мақтан етемін. Менің курстастарым және менен кейін оқыған институт түлектері, айтулы ғалыммен бірге қызмет еткен институттың басқа да профессор-оқытушылары оны осы күнге дейін үлгі-өнеге тұтады. Өйткені, Марс Фазылұлы – тағылым алуға, тағзым етуге тұратын тұлға.
Әнуарбек ӘЙМЕНОВ, ТарМУ-дың профессоры, экономика ғылымдарының докторы.