Өнегелі өмір жолы
Өнегелі өмір жолы
Академик Әлкей Марғұлан «Білген соң сөйлейміз де, әйтпесе неміз бар жұрттың миын ашытып» депті дейді қайта-қайта сөз алуына тура келген бір алқалы жиында. Сол айтпақшы, «Қордай ауданының Құрметті азаматы», бүгінде жетпісті орталап отырған ағамыз Төле Сүгірбайды ауданда күн құрғатпай өтіп жататын түрлі бас қосуларға қолқалап шақырып, төрден орын беріп жатуы тегін емес. Өйткені, ол кез-келген аудиторияда көсіле сөйлеп, көтеріліп отырған мәселені жіліктеп шағып, қолмен қойғандай түсіндіріп береді. 17 жыл мектепте, 38 жыл ауданда әртүрлі басшылық қызметте болғанда оның жадында сақталған жайлар да, болашаққа өзек болар ойлары да аз емес.
Қос самайын қырау шалғаны болмаса, қою шашы тым селдірей қоймаған, қашан көрсең сыптығырдай денесін тік ұстап, қай істің де бел ортасында құмбыл қимылдап жүргені. Жүріс-тұрысында, жұртпен қарым-қатынасында кішіпейілдік, сөйлеу мәнерінен де өзгеше сырбаздық пен мәдениет есіп тұратыны, сөз жоқ, жас күнінен бойсіңді қасиеті екенін сезесің. Төкеңнің өмір жолының жастарға үлгі етуге тұрарлық өнегелі беттеріне үңілуді хош көретініміз де сондықтан.
1958 жылы мектепті күміс медальмен бітірді. Тек орыс әдебиетінен ғана «4»-і бар аттестатпен ол қалаған оқуына емтихансыз түсе алатын еді. Бірақ, «мектептің өмірмен байланысын нығайту» деген ұранмен туған ауылында еңбекке араласуға бастама көтеруші сыныптастарынан бөлінгісі келмеді. Сондағы Еділбек Омаров, Садық Далдаев, Ноғай Жайықбаев, Зинагүл Саржанова, Сағынбүбі Әубәкірова, Иенберген Қасабаев, қазір орталарында жоқ Рыскелді Кембаев, Асқар Ормақаев, Жәнібек Жарғожаев сынды қатарластарын алға сүйреген ізгі армандары асқар таудай еді-ау. Арман жетегінде әрқайсысы әртүрлі жол таңдады. Ұстаз болуды алдына мақсат қойған Төле де бір жылдан соң колхоз даласынан Алматыға келеді. Абай атындағы пединституттың математика факультетіне құжатын тапсырады. Еңбек жолын бастаған Күнбатыс мектебіндегі алғашқы сабақтары да кешегідей көз алдында. Құлағынан күн көрінген жұқалтаң жас мұғалімді оқушыларынан ажыратудың өзі қиын-ды. Тек маржандай тізілген әріптермен алгебра амалдарын тақтаға сызып көрсетіп, таңдайы тақылдап түсіндіріп тұруынан ғана ұстаз екені білінердей. Арада екі жыл өткенде өзі оқыған Қаракемер мектебіне ауысады. Ондағы қалам ұстатып, әріп үйретуден бастап білім нәрімен молынан сусындатқан сүйікті ұстаздары Нұршида, Зағипа тәтейлері, Еламан, Орынбай, Исабек ағайларымен бірге енді олардың тәлімгерлік сабақтарын үйренеді. Өзі де қағілез, ізденімпаз жас ұстаз тез көзге түсіп, бірер жылда мектептің оқу ісінің меңгерушісі, ал 1968 жылы директоры болып тағайындалады. Ол басқарған сегіз жылда мектеп аудандағы алдыңғы қатарлылардың біріне айналады, Тіпті, Ы. Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми-зерттеу институты Қаракемер орта мектебінің озат тәжірибелерін зерттеп, насихаттауға арнайы мамандар тобын жібереді. Мектептің жетістіктері сол кездері бірге қызмет атқарған ұстаздар: марқұм Р.Тоқабаева, А.Қампитов, Ш.Аманбаева, қазіргі зейнеткерлер Г.Қорабаева, Ә.Сағынбеков, К.Қосшығұлова, Ә.Темірқұлова, Г.Райқұлова, Ә.Барманбекова тәрізді мамандығын сүйген кәнігі әріптестерінің еңбегі арқылы келгенін ол әр кезде ризашылықпен еске алып отырады. Өзі де мектеп директорларының съезі, математик мұғалімдердің конференциялары тәрізді алқалы жиындарға бірнеше мәрте қатысады. «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісімен, облыстық, аудандық оқу бөлімдерінің Құрмет грамоталарымен марапатталады. Ұстаздық қызмет өмірінің өзегіндей, алдағы бар ғұмыры дүниедегі осы бір ізгі мамандыққа ғана арналатындай көрінетін. Ол өзінің аудандық оқу бөлімінің меңгерушілігіне кадрлық резервте тұрғанын әуелде білмейтін еді. Ұстаздарға ұстаз болған Нұрқасым Сырлыбаевтың зейнетке шығатын мерзімі жақындауына байланысты оның орнына іріктелген үш кандидаттың бірі болыпты. 1976 жылы шілде айында қырғыз телевизиясы екі елдің достығы тақырыбында хабар ұйымдастырды. Студияға Тоқмақ қаласындағы орта мектеппен достық байланыс орнатқан мектеп өнерпаздары мен оның басшысы және ауданға бірінші хатшы болып жаңадан келген Берден Байқошқаров шақырылды. Бәлкім, сол жолы тікелей эфирде Төкеңнің қағазға қарамай еркін сөйлеуі және оған қоса, мектебінің жетістіктері де бірінші хатшының көңілінен шығып, үш күннен кейін аупарткомның бюросына шақырылады. Бірақ, аудандық оқу бөліміне меңгеруші етіп Қ.Тобышақовты, ал Т. Сүгірбайды оның орнына аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөліміне бекітті. Өмірдің жолы сан тарау. Ол сенің қалауыңа, алдын ала кесіп-пішкеніңе бағынбай осылай бұра тартатын кездері де бар. «Бәлкім, кейінірек сүйікті ісіме қайта оралармын» деген үміттің жетегінде қаншама жылдарды артқа салды. Білікті маман, іскер азамат қай салада да өз бағасын білдіреді, жоғары ұйымдастырушылық қабілеті мен принципшілдігі Төкеңе алда талай жауапты қызметтің құлағын ұстатып еді. 1981 жылы аупарткомның бюро мүшелігіне сайлана отырып, партиялық жұмыс және ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, бір жылдан соң аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы болып бекітілді. Партбилеттің қадірі ар-ожданмен бағаланатын ол кезде коммунистік билік буындарында қызмет ету адалдық пен зор жауапкершілікті талап ететін. Басқару жүйелері тез өзгере бастаған тоқсаныншы жылдардың басында оның еңбекшілер депутаттары аудандық атқару комитетінің төрағасы, аудандық кеңес төрағасының орынбасары ретінде өтпелі шақта ауданның іргесін шайқалтпай, елдің ынтымақ пен бірлігін сақтауға қосқан үлесі өз алдына. 1994 жылдың сәуірінен Т. Сүгірбайдың аудандағы жаңа өкілді орган – аудандық мәслихаттағы еңбек жолы басталды. 2012 жылға дейін мәслихаттың төрт шақырылымының да депутаты және мәслихаттың хатшысы болып сайлануы сайлаушылары мен депутаттардың оған деген жоғары сенімін көрсетсе керек-ті. Бұл қызметте де абыройсыз болмады. Мәслихаттардың шын мәнінде халық сайлаған өкілді орган екенін дәлелдеуге, депутаттардың белсенділігін көтеруге, олардың халық сенімі мен аманаттарын ақтауына мұрындық болған, депутаттар корпусын осы мақсатқа жұмылдыра отырып, аудан басшыларымен бірге өңірдің әлеуметтік мәселелерін шешуге, экономикасын көтеруге қосқан үлесі аз емес. Бір-екі мысал айтар болсақ, «Қаракемер-Қарасай» тас жолының салынуы және кейіннен асфальтталуы, әуелде тұрғын пәтер ретінде салынған жаңа үйлер кешенінің балабақшаға айналуы, «Балауса» балалар демалыс-сауықтыру лагерін жекешеленіп кетуден сақтап қалу, банкротқа ұшыраған шаруашылықтардан Қасық, Өтеген ауылдарындағы медпункттерді халыққа алып беру, бүтін бір ауылға су шаю қаупін төндірген Шу өзенінің жағалауын бекемдеуге Парламент депутаттарына шығып, қаржы бөлгізу және басқалары. Негізгі жұмыстарын атқара жүріп, қоғамдық өмірге белсене араласушы әр аймақтан сайланған депутаттарға арқа сүйеп атқарған қыруар нәтижелі жұмыстарымен Қордай аудандық мәслихаты ол басқарған кезеңде жұртшылық арасында үлкен бедел мен зор сенімге ие болды десек қате айтқан болмаймыз. Төле Аманжолұлының «Нұр Отан» партиясының жергілікті өкілдігін басқарудағы рөлі де өз алдына мәртебе еді. Оған қоғамдық іс деп жүрдім-бардым қарамай, партияның ықпалын арттырып, Елбасы саясатының жергілікті жерде мүлтіксіз атқарылуына бай тәжірибесі мен беделін жұмсаудан аянған жері жоқ. Бірнеше жүздеген тізімде ғана бар мүшелер санын 5,5 мыңға дейін жеткізіп, материалдық жағынан қамтамасыз етілуіне көп күш жұмсады. 2010 жылы партияның «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісін омырауына тағып, партияның VIII-XII съездеріне делегат болып қатысты. Оның кезінде ауданды басқарған талапшыл да қатал Б.Байқошқаров, адамның іскерлік қабілетін жазбай танитын Ө.Байгелди тәрізді білікті басшылардың ел басқару тәсілдерінен үйренген, бойына сіңірген жақсы қасиеттерді қажетті жерде орнымен кәдеге жарата білуі де шеберлік. Бертінде аудан әкімі болған Қ.Уәлимен тоғыз, марқұм Б.Әденмен екі, М.Жолдасбаевпен үш, И.Тортаевпен екі жыл қызметтес болғанда да, бір жағы, олармен әріптес, бір жағы, ақылшы дегендей, өзара түсіністікте ортақ шаруаның орайын келтіре талай іргелі істердің басы-қасында жүрді. Аудан басшыларының қай-қайсысы да Төкеңнің өмір көрген мол тәжірибесін, жергілікті ахуалды, адамдарды жақсы білетіндігін бағалап, іскерлігіне арқа сүйейтін кездері аз емес. Төле көкеміздің екі мәрте Елбасын ұлықтау салтанатына қатысқаны да бар. 1991 жылғы 10 желтоқсандағы алғашқы ұлықтау сәтінің қызығы өз алдына. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Өмірбек Байгелдидің ұсынысымен Нұрсұлтан Әбішұлының нағашысы болып саналатын қордайлықтардан бір топ адам ұлықтау рәсімі өтіп жатқан Алматыдағы Ленин атындағы сарайдың маңында ақсарбас атап шалып, қалың елдің атынан бата-тілектерін арнап келген еді. Ал 2011 жылғы ұлықтау жаңа Астана төрінде өтті. – Мен өзім куәсі болған Елбасын алғашқы және кейінгі ұлықтаулардың өзгешеліктері жер мен көктей, – дейді ол. – Алғашқысы күні өткен империяның шіріген арқаулары бырт-бырт үзіліп жатқан алмағайып кезеңде, Алматыдағы бұрынғы Ленин атындағы сарайда өтсе, соңғысы еліміздің араға жиырма жыл салып барлық тұрғыда мемлекеттігі нығая түскен, тәуелсіздік жылдары пайда болған жаңа елордамыз Астана қаласындағы ғажайып ғимараттардың бірі Тәуелсіздік сарайында өтті. Оның ішіне және қарсы алдындағы Қазақ елі алаңына қырық мыңнан астам халық жиылды. Шетелдерден қаншама мәртебелі қонақтар келді. Жамбылдық делегация сән-салтанаты жарасқан «Абай» қонақ үйіне орналасты. Орталық концерт залында Нұрсұлтан Әбішұлының балалық шағынан бастап өмірі туралы «Балалық шағымның аспаны» фильмін Елбасымен бірге отырып тамашаладық. Ұлықтау салтанаты тікелей эфирде бүкіл әлемге көрсетілді. Осынау жиырма жылда тұңғыш Президентіміздің бастауымен еліміздің қандай асуларды бағындырғанын төрткүл дүние жұрты көріп тамсанды... Қайда, қандай қызмет атқарса да, туған ауыл мектебінде жалынды жастық шағы өткен он жеті жыл жүрегінің түкпірінде шуақты орын алады. Өзін-өзі тану, азамат ретінде қалыптасу кезеңі еді ол. Мамандыққа ғана емес, адамдыққа, ізгі қасиеттерге баулыған тәлімгер ұстаздары, бір ұжымда қатар қызмет атқарған әріптестері, тіпті, барлығы қазір шетінен үлкен азаматтарға айналып үлгерген шәкірттерін қалай еске алмасқа, қалай сол күндерді сағынбасқа?! Шәкірттері демекші, олардың қатарында ғылым кандидаттары болған Ғабит Үмбеталиев (марқұм), Сәрсенбай Қойшыбаев, доцент Әбдімәлік Сағынбеков, ауыл әкімі Санатбай Әлиев, туған ауылына қамқорлығын аямайтын ірі кәсіпкерлер Қайрат Молдасейітов, Дүйсехан Нұркеев, Әлімхан Момбеков, Сәрсебек Салыбаев, Жанысбек Мүлкеманов, Талғат Нүсіпбаев және көптеген басқалары қоғамға пайдалы еңбекпен ел мерейін өсіріп жүргенін орынды мақтан тұтады. Зайыбы Нюра тәтеміз де колхозда, кәсіпорындарда қатардағы есепші қызметінен зейнетке шыққан, отағасы мен балаларының, немерелерінің қамымен жүгіруден өзіне ләззат табатын, қайырымы мол тілеуқор жан. Шүкір, ұл-қыздары бір-бір шаңырақтың иесі, қолға алған кәсіптері бар. Бір қызы балабақша меңгерушісі, бірі – заңгер, бірі – кәсіпкер, кенже қызы – әскери қызметші. Олардан он шақты немере, шөбере сүйіп, бастары аман, бауырлары бүтін отырғандарын үлкен бақыт санайды. Тек жоғары білім алып, әскери қызметін өтеп келіп азамат болған ұлының денсаулығына байланысты үйде отырып қалуы жанға батады. «Қадірлі адам қартаймайды» деген ұлағатты сөз бар қазақта. Мұны біздің Төкеңе де қаратып айтса болғандай. Қадіріне келсек, кеңестік кезден омырауына қадаған «Ерен еңбегі үшін», «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медальдарының қатары 2005 жылы тәуелсіз еліміздің төл наградасы Құрмет орденімен толықты. Ауданның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, аудан тұрғындарының ынтымағы мен бірлігін нығайтуға қосқан зор үлесі, қоғамдық өмірдегі жоғары белсендігі үшін жерлестері «Қордай ауданының Құрметті азаматы» атағын берді. Жетпіс бес жасқа желіп жеткен, қолында күш, бойында қуат барда тәуелсіз Қазақстанның бүгіні мен жарқын болашағы үшін барынша тер төгіп жүрген ел ағасы, азаматтың өмірдегі ақ жолы туралы айтпағымыз осылар еді.
Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол». Қордай ауданы.