Қазақстанда Австралиядан жеткізілген ет өнімдерін саудалауға тыйым салынды
Қазақстанда Австралиядан жеткізілген ет өнімдерін саудалауға тыйым салынды
Бүгіннен бастап Қазақстанда Австралиядан жеткізілген ет өнімдерін саудалауға тыйым салынды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ЭБЖМ Сыртқы сауда қызметі департаментінің директоры Әлия Әлімбетова мәлім етті.
"Бізде бірқатар шектеу енгізілді. Олар Тұтынушылар құқығын қорғау агенттігі тарапынан енгізіліп отыр. Бүгіннен бастап ет өнімдерін сатуға шектеу енгізілді. Бірінші кезекте бұл Австралиядан әкелінетін сиыр етіне қатысты", - деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына орай. Оның айтуынша, аталған елден жеткізілген ет санитарлық-эпидемиологиялық сараптамадан өтпей қалған. "Онда адам денсаулығы үшін қауіпті тренболон ацетат препараты шекті деңгейден асып кетеді. Бұл өсім гормоны. Дәл осы көрсеткіш үшін аталған ет өнімдерін тасымалдауға шектеу енгізіліп отыр", - деді департамент директоры. Айта кетейік, бүгін Қазақстан тұтынушылар құқығын қорғау агенттігі "Қара Ангус еті" сауда атауымен жеткізілген сиырдың салқындатылған етін әкелуге және сатуға уақытша шектеу енгізілгенін жария еткен болатын.
Ақпарат көзі: www.nur.kz