Теңгемен есеп айырысайық
Теңгемен есеп айырысайық
Мемлекет басшысының жаңа Жолдауын «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ Жамбыл жол бөлімшесі теміржолшылары ерекше ден қоя тыңдады. Себебі, сала мамандары бүгінгідей қиын-қыстау кезеңнен шығар жолды Елбасы осы Жолдауда атап көрсететініне сенімді болды. Күткеніміздей, Президент барлық күрмеулі мәселенің түйінін тарқатып берді.
Елбасы сөзімен айтсақ, біз – небір қиын кезеңдерді бастан кешірген елміз. Тоқсаныншы жылдардың басында қайда баратынымызды, не істейтінімізді білмей, қаражатсыз, ешбір қолдаусыз қалған кезіміз де болған. Экономикамыздың барлық саласы тоқтап, ел жұмыссыз қалды, зейнетақы төленбеді. Сол кезеңде ең қиын жылдарды бастан өткердік. Сөйте тұра халқымыз сабырлылық танытып, барлық қиындыққа төзіп, тәуелсіздігімізді сақтап қалды. Осыдан кейін еліміздің әлеуметтік хал-ахуалы жақсарып, өңірлерде көптеген ауруханалар мен мектептер салынды. Осының барлығы қарапайым халық үшін жасалынып жатқан игі жұмыстар. Дағдарыс келеді, кетеді. Ал ел мәңгілік. Елбасымыз осыны үнемі қайталап айтып келеді. Мемлекет басшысы Мәңгілік елімізді дамыған 30 елдің қатарына қосатын нақты жоспарларды Жолдауда атап көрсетті. Бізді осы қуантады. Төл теңгеміздің жайы да сөз болды. Менің ойымша, қазіргі ішкі нарықтағы жағдайды түзеу үшін, алдымен, қазақстандықтардың төл теңгемізге деген сенімін күшейту керек. Оны қалай жүзеге асыру керек? Біріншіден, ішкі саудада теңгемен есеп айырысуға көшу қажет. Екіншіден, отандық кәсіпкерлеріміз өндірген тауарды тұтынуға тиіспіз. Халықтың сұранысы мен қолданысы – теңгенің құнсыздануына жол бермеудің бірден-бір жолы. Жолдауда Елбасы сырт елде қаржысын сақтап жүрген азаматтардың ісін қатты сынға алды. Президент сөзі оларды ойландыратын шығар. Расында, олардың қаржылары елге келсе әрі заңды болады, әрі таңдары да арайлы атады. Қазіргі уақытта елімізде кейбір кәсіпорындардың еңбек өнімділігі төмендеуде. Бұл дегеніміз – жұмыс орындары қысқарады деген сөз. Егер сол азаматтар қаржыларын елге әкеліп, осындай кәсіпорындарға инвестиция ретінде құйса, бұл Үкімет үшін де, халық үшін де үлкен көмек болар еді. «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ Жамбыл жол бөлімшесі филиалының бас инженері Асылхан Тайлақбаев бастаған теміржолшылар Жолдауды құлақ түре тыңдап, Елбасымыздың тапсырмаларын қолдаймыз деп тарқасты.
Қанат Тілепберген, «Ақ жол».