Халық сенімін ақтаған
Халық сенімін ақтаған
«Мен үшін ел сенімінен асқан мәртебе жоқ. Сол себепті Қазақстанның жарқын болашағы жолында қандай тәуекелге де дайынмын». Бұл – Президентті ұлықтау рәсімінде айтқан Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сөзі. Осынау ұлы істерді атқарып жүрген жасампаз тұлғаның осылай ағынан жарылуы, өз өмірін ел болашағына арнауы, қандай қиын-қыстау заман туса да бір сәт те кері шегінбей, жарқын болашаққа жол сала білуі кім-кімді де тебірентпей қоймайды. Қазақстандықтардың жүз пайыз қолдауына ие болып, кезектен тыс сайлауда өзінің Ұлы Дала елінің Көшбасшысы екенін тағы да бір дәлелдеген Президентіміздің ұлықтау рәсіміне қатысу бақыты маған да бұйырған еді. Бұл рәсімге барлығы 3 мыңға жуық адам қатысқан болатын. Сол жиында Елбасы халыққа адал қызмет етуге, Конституция мен заңдарды қатаң сақтауға және сіз бен біздің құқықтарымыз бен бостандығымызға кепіл болуға ант берді. Қазақстандықтар сөзі мен ісі бір жерден шығып келе жатқан Елбасына тағдырын тағы да сеніп тапсырды. Ендеше, қазіргідей күрделі кезеңде сол сенімнен ажырамағанымыз абзал. Басшымыз – біреу, халқы оған тіреу болғанда ғана біз межелі Мәңгілік ел болуға нық қадам басатынымыз анық. Елбасының ұлықтау рәсіміндегі «Қазақстандықтар, маған ұлы сенім көрсетіп, Отанға тағы қызмет етуге шақырды. Біз күрделі жолды бірге жүріп өттік: өзімізге сеніп, Тәуелсіздігімізді алдық, мемлекет құрып, әлемге жаңа Қазақстанның есігін аштық, өзімізді біртұтас ұлы ұлт ретінде таныттық. Сіздердің сенімдеріңіз мені әрдайым шабыттандырды, сенімділік пен күш-қуат берді» деген сөзіне тебіренбеген жан жоқ шығар, сірә. Сол сәтте залға жиналған жұртшылық сілтідей тынып, Мемлекет басшысының елді келесі бір белеске көтеруіне іштей күш-қайрат тілеп тұрғаны анық еді. Иә, сол күні алған әсерім айрықша болып еді... Президент мінген көлік Ақордадан Тәуелсіздік сарайына қарай бет алып келеді. Кортежді мемлекеттік күзет қызметінің жеке құрамы күтіп алып, Жеңімпаз Көшбасшының құрметіне зеңбіректен оқ атылды. Барша ел қайта сайланған Президентін ұлықтап жатыр. Шын жүректен жылы лебіздерін арнады. Жыр-маржаны ағытылды. Өйткені, бұл күн ел тарихындағы айтулы күн еді. Осындай тарихи, жүрек толқытар тамаша сәттің куәсі болғандардың кеудесіне тәуелсіз елі мен жері үшін, азаттықтың ақ таңы үшін, егемен елдің келешегі үшін мақтаныш сезімі тұтанбауы мүмкін емес. Ұлт үшін ұлық ұғым – Тәуелсіздік. Ал Тәуелсіздігімізді тұғырлы етіп, оны Мәңгілікке бастаған Мемлекет басшысының амандығы – біз үшін баға жетпес байлық. Елбасы көгілдір көк байрақты сүйіп, Әнұран орындалып, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Президент кәулігін тапсырған сәттен бастап, Мемлекет басшысы ресми түрде қызметіне қайта кірісті. Ұлт Көшбасшысы елімізді дамуға бастайтын 5 міндетті межені атады. «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біз замана ағымына сай мемлекетті құруға күш салдық. Бұл – біздің мемлекеттілік құру жолындағы алғашқы қадамымыз болды. Содан кейін аяққа тұрысымен қалыптасқан мемлекеттің жолын салдық. Бұл екінші кезең болды. Қазір елде Ұлы реформалар басталуда. Біз «Мәңгілік Елге» жол салып жатырмыз. Бұл біздің мемлекеттілік құрудағы үшінші кезеңіміз болады. Менің парызым – кейінгі ұрпаққа кемел Қазақстанды табыстау, – деді Президент. Лайым, Алла тағала Елбасына осындай ұлы арманды орындауды нәсіп етсін деп тілейік!
Ерғали Тілеубеков, аудандық мәслихаттың хатшысы.
Жуалы ауданы.