Әлеумет

Нұрағаның сыныптасы

Нұрағаның сыныптасы

«Өткен күннің артта қалып елесі, Тіршіліктің жылжи берер кемесі. Басыңызға бақ пен ырыс сыйлаған, Сексен жастың құтты болсын белесі» деп ақын жырлағандай, таяуда Қарасай өңірінде Фарзина Сағымбекқызының сексенге толған қазыналы жасы республика көлемінде тойланып өтті. Фарзина деп отырғанымыз – Елбасының мектеп қабырғасында бірге оқыған сыныптасы.

Фарзина – балалық шағы Отан соғысымен тұспа-тұс келген ауыр жылдардың перзенті. Соғыстың салдарынан жесірліктің жаулығын ерте жамылған анасының жанына жас та болса жалау бола білген. Ана еңбегінің бағалануына, еңбек озаты атанып, көптеген медальдар мен сыйлықтарды иеленуіне, Мәскеудегі «Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері» көрмесіне қатысуына Фарзинаның қосқан үлесі шексіз. Анасының отбасына алаңдамай еңбек етуіне үлкен тірек болып, кішкене бауырларына қарап, үй тірлігі қарғадай қыздың мойнында болады. Сол жылдардың ауыртпалығын көзімен көріп сезініп өседі. Отан үшін ерлікпен құрбан болған арқа сүйер әкенің орны ойсырап, бала жүрегі өксіп өсті емес пе?! Осындай қиын тұрмыстың салдарынан мектепке өз қатарластарынан бес жыл кейін барады. Бірақ, өкінетін емес, Алла Фарзинаға Елбасы Нұрсұлтанмен бір сыныпта оқуды, сыныптас болуды, мектепті бірге бітіру бақытын бұйырыпты. Бұл – екінің бірінің маңдайына бұйыра бермеген, тек Абай мектебін 1958 жылы бітірген түлектердің еншісіне тиген бақ. Сол бақытты иеленген түлектердің бірі Фарзина еді. Фарзина Сағымбекқызының мерейтойы кең ауқымда өтуіне ұйытқы болған «Елбасы сыныптастары мен курстастары» қоғамдық ұйымы екенін атап айтқан жөн. Ұйымның құрылуына негіз болған – көпке танымал азаматтардың бірі Бақытжан Бейсекұлы Сертеков. Ол аталған ұйымға біраз жылдан бері жетекшілік етіп келеді. Іскерлік қабілеті мен жұмысын жандандыра жүріп ауқымды мәдени де, спорттық та іс-шараларды, түрлі саяси мәні зор жиындарды да жер-жерде тынбай атқарып азаматтық танытуда. Елбасының қабылдауында да болып, қолдауына да ие болған еді. Сол шаралардың бір көрінісі бүгінгі Елбасы сыныптасының мерейтойы десек болады. Тойға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев облыс әкімі Амандық Батталовтың құттықтау хатын табыстады. Ақ тілегін білдіріп сый-сияпат жасады. Сонымен қатар, Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов, Қарасай ауданының әкімі Амангелді Дәуренбаев пен Қаскелең қаласының әкімі Біржан Нұрлыбаев мырзалардың құттықтау хаттарын Бақытжан Сертеков салтанатты түрде табыс етті. «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қоғамдық қоры Фарзина Сағымбекқызын «Әлемнің мейірімді адамы» медалімен марапаттады. Танымал өнер және қоғам, мемлекет қайраткерлері тойдың мерейін арттыра түсті. Әнші-композитор Ескендір Хасанғалиев жұбайымен, қазақтың белгілі балуандарының бірі Дәулет Тұрлыхановтың Батыр анасы Мәрзия Тұрлыханова, Қазақстан Республикасының Еңбек Ері атағының тұңғыш иегері Аягүл Миразова, Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, Тараз қаласынан келген Елбасының құрдасы, Елбасымен кездескен Нұредин Аралбаев ыстық ықыласқа толы тілектерін айтып, тойдың қуанышын бөлісті. Ескендір Хасанғалиев той иесі: «Факеңді және марқұм Ыбырайым ақсақалды көптен білетін едік, дәмдес, дастархандас болған, көңіл жақын сыйлас жандардың бірі», – деген жылы сөзін, ақ тілегін айта келіп, тойға тарту етіп «Анаға сәлем» әнін жолдады. «Елбасы сыныптастары мен курстастары» қоғамдық ұйымының атынан белгілі қоғам, мемлекет қайраткері Едіге Жүнісбеков Елбасы сыныптастарының құттықтау хатын табыс етті. Сонымен қатар, Елбасымен Теміртауда бірге оқыған курстасы, студенттік өмірдің нанын бөліп жеген, жастық шақтың базарын бірге аралаған Әмидулла Ермағамбетов бастап, әр облыстан ат терлетіп келген курстастары да тойдың көркін аша түсті. Ыбырым ағай мен Фарзина апайдың өмір жолынан түсірілген бейнетаспаны да көріп тамашаладық. Мәнді де мағыналы ғұмыр кешкен, береке-бірлігі жарасқан бақытты әулет екеніне де куә болдық. «Айтұмар» баспасынан шыққан «Ақшуақты асыл ана» кітабының тұсаукесер рәсімі де өткізіліп, кітап та таратылды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп үлкен жүректі қос шынардың ұл-қыздары да мәрт тұлғалы, жомарт жандар екен. Ана тойын ұлан-асыр, аста-төк етіп атқарды. Біз бұдан «жиған-тергенің тойға шашылсын» деген қазақы, мырза көңілдерін, кең пейілдерін таныдық. «Ананың ақ сүтін, перзенттік парызын ақтады деген осындай-ақ болар» деп, ағайын-туыстары Айгүл Ыбырайымқызы бас болған балаларына рахмет айтып, ризашылықтарын білдіріп жатты. Бүгінде бала-шағасының аялы алақанында ғұмыр кешіп отырған Фарзина бар саналы өмірін қиындығы мен жауапкершілігі мол сауда орындарында жемісті еңбек еткен еді. Халыққа жасаған адал қызметімен сый-құрметке бөленіп, сауда саласының, Тұтынушылар одағының талай марапаттарын иеленсе, ал бүгінде Елбасының сыныптасы деген құрметке лайық бедел-мәртебеге ие болуда. Бүкіл әлем саясаткерлері санасатын Елбасы – Нұрсұлтан Әбішұлымен талай рет емен-жарқын жүздесу бақытына да кенеліп жүрген жан. Елбасының сыныптасы деген құрметті атқа лайық екенін ақыл-парасатымен, ұстамды мінезімен, достарына деген таза, кіршіксіз жүрегімен көрсетіп келеді. Елбасының достық қамқорлығын әрдайым терең сезінген Фарзина апай: «Мен Елбасының қамқорлығын балаларыммен көрген адаммын. Оны көзімнің тірісінде еш уақытта ұмытпаймын. Балаларыма өсиет етіп, айтып отырамын. Құдай Нұрекеңе күш-қуат берсін деп тілеймін», – деген еді. Иә, достық демекші, Жақсылықты жария етер дос керек, Қиындықта сүйенетін дос керек. Қанатыңның талғанында дос керек. Қуанатын жүрегімен сен үшін, Жұлдызыңның жанғанында дос керек. Қуанышты, қиындықты бөлісер Өміріңнің әр кезінде дос керек, – деп ақын жырлағандай, Елбасы балалық, жастық шақтағы достарын есінен шығармай, қамқорлық көрсетіп келеді. «Бірге татымайтын мың досың болғанша, мыңға татитын бір досың болсын» деген даналық сөз Елбасы – Нұрсұлтан достарыңызға қаратылып айтылған-ау дерсіз. Бар сән-салтанатымен, жөн-жоралғысымен өткен тойда ақ тілектер ағытылып, ән де айтылды, күмбірлеген күй де тартылды, би де биленіп, той өз мәресіне жете бере, той тізгінін ұстаған Азамат Сатыбалды баламыз жапырақ жайған мәуелі Бәйтерек – Фарзина апайды ұл-қыздары, күйеу-келіндері, үрім-бұтағымен ортаға шақырды. Олар анаға деген жүрекжарды ақ тілектерін жарыса жеткізіп, қалың көпшілікке, барша қауымға риза көңілдерін білдірді. Немерелері мен шөберелері әжелеріне арнаған өлеңдерін оқып, өнерлерін көрсетті. Өз кезегінде Фарзина апай ешкімді назарынан шығармай: «Аты да, орны да бөлек, жұлдызы биік, анадан арда туған адамзаттың асыл перзенті – сыныптасым Нұрекеңе алғысым шексіз. Елбасымен сыныптас еткен Аллаға, тағдырыма ризамын. Жақсының шапағатына бөленіп, Елбасының сыныптасы деп құрметтеп жатырсыздар. Көп-көп рахмет!» – деп ағынан жарылды. Тойдың өз мәнінде өтуіне қолдау көрсетіп, ат салысқан «Елбасы сыныптастары мен курстастары» ұйымына, құттықтау хат жіберген облыстар мен аудан әкімдеріне аналық ақ батасын берді. «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қоғамдық қорының атына, тойға келген мәртебелі өнер және қоғам қайраткерлеріне үлкен алғысын білдірді. Ағайын-туыс, жора-жолдас, құда-жекжаттарына, балаларының жолдастары Манарбек пен Қаламқасқа ризашылығын айтты. Елбасының амандығын, елдің амандығын тілеп, дұға етті. Ендігі жерде Фарзина апайға айтарымыз – қарттық демейік, кемелденген шағыңыз шуақты да, қуатты да, гүлді де, нұрлы да бола беруін Алла нәсіп етсін. Алдағы өміріңізде де бүгінгідей той, қуанышты сәттер көп болсын. Сыныптастарыңызбен жұптарыңыз жазылмай, шын достықтың үлгісін көрсетіп, үлгі бола беріңіздер. Жамбыл атамыздың жасына шаршамай желіп жетуіңізге тілектестік білдіреміз. Тойшыл қауым риза көңілмен тойдың тәрбиелік мәнін атап, «тойыңыз тойға ұлассын» деген ақ тілекпен тарасты.

Ақлима Рахымбердіқызы, Үшқоңыр орта мектебіндегі «Президент әлемі» мұражайының жетекшісі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР Білім беру ісінің үздігі.

Қарасай ауданы, Алматы облысы.