Әлеумет

Мемлекет басшысымен «сценарийсіз» кездескен жігіт

Мемлекет басшысымен «сценарийсіз» кездескен жігіт

– Білесіз бе, мен елімді, тәуелсіз Қазақстанды әлемге танытқан Тұңғыш Президентімізді аса құрметтеймін!

– Қазақстандықтардың да ойы осы ғой. – Рас айтасыз, Елбасымызды барша халық қадір тұтады, Отанын жақсы көрмейтін адам болмайды. Сіздің айтпағыңыз осы шығар? Бірақ, менің сырым өзгеше... Өз ойын айтуға асығып, сөзімді оқыс бөліп жібергеніне қысылды ма, ол біраз үнсіз қалды. Ішкі толқынысын баса алмай тұр. Дегенмен, бұл қолайсыздық ұзаққа созылған жоқ... Дәулет – арманы асқақ ауыл баласы. Ата-бабалары туралы аңызға бергісіз әңгімелерді әжесінен естіп өсіпті. Солардың ішінде оның санасына айрықша сәуле құйып, жадында сақталғаны былай басталатын. «Оған кім айтқанын білмеймін, біздің ауылдың бір қариясы айтып отыратын. Қазақстанға ұлты басқа бір басшы келеді. Содан кейін өз ұлың басқарады. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман сонда болады. Ел өсіп-өркендейді дейтін. Сол өз ұлымыз – Нұрсұлтан екен»... Дәулет мектепті бітіріп, армандаған мамандықтың иесі атанып, еңбекке араласқанда да әжесі үнемі аузынан тастамай айтып отыратын Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен жүзбе-жүз кездесермін деп ойламапты. Тек ауыл қариясының айтқаны айдай келгеніне іштей шүкіршілік етіп жүретін. Осы көктемде Елордада Елбасының қатысуымен жастар форумы өтеді, сен соған барасың дегенде де ондай үміті болмаған еді... Бұл өзі кездейсоқ кездесу болған. «Астанаға жеткенше, іштей толқып жүрдім. Өзімше өлең жаздым. Форумда маған орын алдыңғы қатардан тигенін білгенімде, қатты қуандым. Бірақ, тура қасымда екі жас жігіт бір орынға таласып тәжікелесіп тұрған соң, орнымды беріп, артқы жаққа барып отырдым. Форум аяқталғанда да, жұртпен бірге алға қарай ұмтылмай, есікке қарай беттедім. Есіктің тұтқасына қол соза беріп, Президентті сырттай бір көріп қалайыншы деп артқа қарай бұрылғаным сол еді. Мемлекет басшысы тура менің жаныма келіп қалыпты. Сасқанымнан қос қолымды ұсынып, сәлем бердім. Бар батылдығымды бойыма жиып: «Құрметті Елбасы, сізге арнап өлең жазып едім, жырымды қабыл алыңызшы», – дедім. «О, қане, әкел, көрейік», – деді ол кісі бірден. Қойындәптерімдегі өлең жазылған бетті ойланбастан жыртып алып, Президентке ұсындым. Жырымдалған парақты қомсынбастан қолына алды. Сөйтті де дауыстап оқи бастады. Сол сәттегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаспын», – дейді «Амангелді газ өңдеу зауыты» ЖШС-ның технолог маманы, М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың магистранты Дәулет Егембердиев. Кісілік деген – осы! Елбасының жастарға деген қамқорлығы кездейсоқ кездесудің өзінде айқын көрініс тауып тұр емес пе?! Дәулеттің батылдық танытып, Президентке жүрекжарды жырын ұсынуы – жастықтың жалыны әрі бала кезден құлағына сіңісті болған әже әңгімесінің әсері шығар. Дегенмен, бір нәрсе анық. Ол – Ұлт Көшбасшысымен «сценарийсіз» болған жүздесудің жас маманға айрықша серпін беріп, арманына қанат бітіргені.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Жамбыл ауданы.