Ұлы дала елін ұлы мұратқа жетелеген Ұлт Көшбасшысы
Ұлы дала елін ұлы мұратқа жетелеген Ұлт Көшбасшысы
Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен облыс тұрғындарын құттықтауы
Қымбатты жамбылдықтар! Барша облыс тұрғындарын 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінгі таңда жалпыхалықтық сипатқа ие болған бұл мерейлі мереке көп ұлтты қазақстандықтардың аса мәртебелі құрметіне ие болуда. Тұңғыш Президент күні – ұрпағын мұратқа жетелеген Елбасы, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевқа көрсетілген ұлы құрмет. 1991 жылы 1 желтоқсанда әлемдік өркениеттің шыңына ұмтылған Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде тарихи да жасампаз жаңа дәуірге қадам басты. Осы жылдар ішінде Ұлт Лидері, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығының арқасында қоғамдық-саяси жағдайы тұрақты, экономикасы өркендеген, халықаралық деңгейде беделі зор мемлекетке айналды. Жас мемлекетімізді жаңа ғасырдағы бәсекеге қабілетті ел ретінде әлем таныды. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы, ЮНЕСКО, ЕҚЫҰ, ШОС сияқты әлем мойындаған көптеген ірі халықаралық ұйымдарға мүше болды. ТМД аймағында саяси және экономикалық тұрақтылықты дамытуға кепіл болып отырған Еуразия кеңістігін құру, Бірыңғай Кедендік одақ та Н.Ә.Назарбаевтан бастау алған баға жетпес интеграциялық даму бастамасы болды. Елордамыз Астана қаласында халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу – бұл Елбасының жоғары абырой-беделінің көрсеткіші. Мемлекетіміздің заман ағымына сай қарқынды дамуына негізделген стратегиялық жоспарлар мен бағдарламалар ел игілігі жолында жүйелі іске асырылып келеді. Бүгінде Қазақстан – әлемнің дамыған елу елінің қатарында. Еліміздің бағындырар асуы – дамыған отыз елдің қатарына қосылу. Осынау биік белеске қол жеткізу мақсатында Елбасы ұзақмерзімді «Қазақстан-2050» Стратегиясын, бес институционалдық реформаларды іске асырудың «100 қадамы» – Ұлт жоспарын айқындап берді. Жамбыл облысы да республика экономикасының дамуына өзінің үлесін қосып келеді. Өнеркәсіп өндірісі тұрақты жұмыс істеуде, индустриялық жобалар жүзеге асырылып, жаңа технологиялар енгізілуде, тұрғын үйлер, білім және денсаулық сақтау нысандары салынуда. Ұлт Көшбасшысы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында қуатты мемлекет құрғанымызды, дархан ел болғанымызды мақтаныш сезіммен айта аламыз. Қаһармандыққа толы өткеніміз, жасампаздыққа толы бүгініміз, батыл бастамаға толы ертеңіміз Елбасының есімімен бірге жасайтындығы ақиқат. Құт қонып, бақ дарыған ұлтымыздың болашағы баянды, келешегі кемел болсын. Баршаңызға бейбітшілік, жақсылық, игілік және молшылық, Қазақстанымыздың өркендей беруі жолында жаңа еңбек табыстарын тілеймін! Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні – мемлекеттік мерекесі құтты болсын!