Елбасы және ел мұраты
Елбасы және ел мұраты
(Ұлы тойдан кейінгі толғаныс)
«Жамбыл облысы – менің ең жақсы көретін өңірім. Тарих туралы сөз бола қалса, көне Таразды айтпай кету мүмкін емес».
Нұрсұлтан Назарбаев.
Заманында Ұлы Даланы дүбірлеткен ер түріктің бүгінгі ұрпағы сол байырғы байтақ далада Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап ғибратты, тағылымды той өткізді.
Ата тарихын танып-білетіндей, ел санасына сіңіретіндей ұлан-ғайыр шаралар өтті. Дүйім жұрт байтақ тарихының, ел билеген хандарының, сөз ұстаған билерінің, қол бастаған көсемдерінің болғанына тағы да көздері жетіп, мәз болысты. Әдеттегідей абыр-сабыр үй тігіп, көшіп-қонып ешкім әбігерге түскен жоқ. Тойдан жарқын із қалды. Құлаш-құлаш мақалалар, том-том кітаптар жазылды. Хандық орнаған өлке – құт мекен Жамбыл облысы, көне Тараз екі мың жылдықтан кейін қайта түледі. Сөйтіп, еліміз, Отанымыз үшін, ұлан-ғайыр байтақ тарихымыз үшін, Ұлы Даланы дүбірлеткен бабаларымыздың теңдесі жоқ ерлігі үшін бәрімізді мақтаныш сезімі биледі. «Қазақ тарихы – ешкімнен ұялмайтын тарих, үнемі бірігу, тұтастану тарихы. Біз – Ұлы Даланың перзентіміз», дейтін Елбасының сөзіне қайта қанықтық, қайта жігерлендік. Қыркүйектің он бірі күні Астанада, Тәуелсіздік сарайында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Сол тарихи жиында Елбасы: «Біз – Ұлы Даланың мұрагерлеріміз», деп тебіреніп сөз сөйледі. «Мәңгі елдігіңді сақтау», «Ел ұстап төрелік ету», «Барлық сөзімді айтар, мәңгі тасқа бастым», «Ел тұтатын жер осы Өтүкен қойнауы еді», «Көкте Түрк Тәңірісі, Түрктің қасиетті жері, суы», «Түрк халқы жойылмасын, Ел болсын» дейтін Күлтегін жазуындағы кемеңгерлік толғамдар Елбасының сөзінде ақ алмастай қайта жарқырады. Замана толғатқан, ғасыр тудырған, халықтың арман-тілегінен жаралған асыл тұлға: «Батыр бабаларымыздың биік рухына тағзым ету және тағдырдың сан алуан қиындықтарынан сүрінбей өткен ата тарихынан тағылым алу үшін елдігіміздің іргетасын одан сайын бекітіп, ұлт, тіл, дәстүр, діл, дін тұтастығын көздің ағы мен қарасындай сақтап, бойтұмардай ұстап, Қазақ елінің айбынын асырған ұлы хандарымыз бен даңқты батырларымыздың керемет, кесек қимыл-әрекеттерін, отаншылдық рухын шалқар шабытпен, ғұламалық, білімпаздық зердемен, мейірлене толғап, байырғы бабаларымыз бөрілі байрақ ұстап, Байкалдан Балқанға дейінгі алқапты еркін жайлағанын, Қазақ хандығы «Еуразияның Ұлы Даласында орнаған арғы дәуірдегі сақ, ғұн, үйсін мемлекеттерінің, бергі замандағы Ұлы Түрік хандығы, Дешті-Қыпшақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұрагері», екенін айрықша қадап айтты. Елбасының ерекше лебізі көпшіліктің көңілін, жүрегін теңіздей толқытып, қиялына қанат байлап, намысын қайрап, жігер отын тұтатты. Кешкісін «Барыс» көпфункциялы жаңа мұз айдынында өткен Елбасының «Тарих толқынында» кітабының алтын арқауына құрылған ғажайып театрландырылған қойылымда тарихи сана-зерде айнасында мыңжылдықтардың мәдени жады тізбек-тізбегімен қопарыла қайта тірілді. Баба тарих, Ұлы Дала елі, Алтын Орда мен Қазақ хандығы, Тәуелсіз Қазақстан заманы дүние төрінен, дәуір биігінен сөйлеп тұрғандай болды. Мыңжылдықтар тарихы, бүгінгі «ұлы түркі елінің қара шаңырағы», «тарихымыздың жаңа шамшырағы», «Ұлы Дала елі» – Қазақстанның аршынды қадамдары, тыныс-тіршілігі тұтастай айшықты суреттелді. Тарих толқындарындағы Қазақ елінің этномәдени тұтастығы, тарихи-тәжірибелік таным тереңдігі, ұлттық сана, яғни ұлттың жан-жүрегі, дәстүрлі мәдениеті болғаны, ел басқару жүйесі бәрі-бәрі барынша кемел, толық сипатталды. «Мәңгілік Ел» қойылымының «Сақтар. Сарматтар. Ғұндар» дейтін бірінші бөлімінде көрермендердің көз алдына тарих тұңғиығындағы мыңдаған жылдар бұрынғы мемлекет келешегін діттеген өжет, өнерлі аталардың жолы Құс жолындай сайрап, қиял құстарын қалықтатты. Ел ұйыды, сілтідей тынып қызықтады. Арғы ата-бабамыз – ғұндардың кемелденген, өркен жайған, құдіретті державаға айналған заманы – б.з.д. IV-III ғасырлар. Ғұндар мен қытайлар ондаған ғасырлар бойы арпалысты. Небір ерлер тарих сахнасына шықты. Сайыпқыран Тұман, оның мың шақырымға шабатын тұлпар мінген баласы, ұлы мемлекет ұйымдастырған, Көкбөрінің қасиеті дарыған Тәңірқұт-Мөденің (Ботахан) кезеңі – Ғұн тарихындағы жарқын дәуір болды. Сол заманда Мөденің әскерінің саны 300 000 сарбазға жеткен екен, Ғұн жерінде темір қорыту, қару-жарақ өндіру, алтын, күміс, қола сияқты асыл тастарды балқыту ісі кең өріс алған; сом алтыннан жасалынған білезіктер, сәукеленің маңдайына тағылатын тәтілер, әдемі алтын белбеулер; алтын, күміс, қоладан жасалған ілгектер, кестеленген қамқа шапандар, мамық ішіктер, қымбат көркем тондар асқан шеберлікпен жасалынған. Тасқа түсірілген бейнелер, жаңа туған лақтың басына ұқсайтын сұлу күміс сырға, салт атқа мінген жауынгерлер, алтыннан қиып жасаған бөрінің суреті; бір өзінде сегіз мыңдай алтын суреттер бар қамқа тон; нәзік әрі келісті нақышталған алқалар, тұмарлар, сәндік түйреуіштер мен қапсырмалар, сақиналар; ою-өрнегі көз сүйсіндірер шыны ыдыстар, көркемдікке қызмет ететін алтын жапырақтар, сырғалар, ат әбзелдері; бояудан, тастан, эмальдан жасалған және әралуан көркемдік және техникалық тәсілдермен шебер орындалған түрлі-түсті бұйымдар, сауыт-сайман құралдары – арғы-бергі заманда адамзат жасаған өнердің, сұлулықтың қайталанбайтын тамаша үлгісі еді. Ғұндардың дүниетанымына жаратылыстың ғарыштық қуаты, символикалық-фантастикалық, табынушылық-мағыналық мән, геометриялық өрнек-әшекейлер, гармониялық үйлесім, табиғат пен адамның біртұтастығы тән еді. Ғұн дәуірінде халықтардың ұлы көші Сақтар мен Сарматтар мекендеген Шығыс Еуропаға қоныстана бастады. Рум тарихшысы Аммиан Марцеллиан мен ақын Клавдий Клавдиан ғұндар Азау теңізі мен Мұзды мұхит жағалауында мекендейтінін және атқа үйір екендігін жазып қалдырған. Батыс Ғұн мемлекеті билеушілері Руй, Бледа, әсіресе, Еділ батыр тұсында алтынның мол қорына ие болған. Ғұн заманының әшекейлі бұйымдары – Польша, Румыния, Югославия, Чехия, Словакия, Венгрия, Германия жерінде сақталған. Бағзыда Византия елшісі Земарх Ұлы Даланың мәдениеті жайында, асқан зергерлері, тасты бауырша тілетін бәдізшілері (оюшылары), темірге жан салатын ұсталары, қолашылары хақында жазба деректер қалдырған. Бабаларымыз осылай темір балқытқан, шаһар тұрғызған, егін салған. Көшпелі тайпалар мекендеген аймақты Геродот алтын және мысқа толы өлке, сақ тайпаларының ойлап тапқан бір ғажабы темір рудаларын балқытудың құпиясын табу деп таныған. Аспан шырақтарын, құстар дүниесін, гүлдің түрлерін, аңның кескінін, ізін, құрт-құмырсқалардың, қару-жарақтардың суреттерін тасқа түсірумен айналысқан қазақтың ертегі жыры қандай сұлу, қызықты болса, оның ағашқа, матаға, киізге, темірге, сүйекке, шыныға, тағы басқаларға түсірген ою-үлгілері сондай қызықты болған. Және де олар жұлдыз ғылымымен айналысқан. Аспан шырақтарының құпиясына құмартып, шаншыла көз тіккен. Елбасы ұлы тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегіндегі елдігіміздің тамыры тереңде жатқанын танытатын тарихи айғаққа жүгіне отырып, Қазақ хандығының туын көтерген ел перзенттері, ұлт патриоттары Керей мен Жәнібек, Қасым хан, Хақназар хан, Тәуекел хан, Еңсегей бойлы Ер Есім, Салқам Жәңгір, Әз Тәуке, Абылай хан турасында тебіреніп, қазақтың алғашқы 14 ханының 7-уі жорық жолында қаза тапқанын еске түсіреді. Қазақ хандығы тұсында тарих сахнасына білікті, парасатты хандар, ақылгөй абыздар, әділетті дана билер, айбатынан ай бұққан қайратты баһадүрлер дүркіреп шыққан еді. Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке сынды көсем ойлы, тапқыр тілді, билік-кесім шығарған ділмәр шешендердің; «сарыазбан атқа ер салып, сараман дәуір сүрсін» деп Ұлы Даланы қорғаған Қабанбай, Бөгенбай, Қарасай, Малайсарыдай кемеңгер қолбасшылардың сол бір сындарлы заманда өмір сүруі – қазақ халқының асқан бағы еді. Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Қазақ хандығы кезеңі – ат жалында күн кешкен Алаш жұртының қаһармандық дәуірі» – деп айтатыны да содан. Тәуелсіздік – қасиетті ұғым, сәулелі құбылыс. Сандаған ғасырлар мен замандар бойы бабаларымыздың асыл арманы болған Тәуелсіздік ақ қанатты періште сипатында халқымыздың басына бақ болып қонды. Отанымыз Тәуелсіздік құшағында асқақтап, замана тарихтың ұбақ-шұбақ көшінің нешеме алуан қисапсыз суреттері, тағдыр тәлкегіне душар болған халқымыздың хал-ахуалы, зобалаң-дүрбелеңдері әлгі қойылымда көз алдыңда қайта тізілгендей; «Елім-айдың» зарлы-мұңлы әуені естілгендей; Ұлы Дала – ұлт рухының шарайнасы, бақ-дәулеті, Ай мен Күндей баға жетпес, теңдесі жоқ қазына болып қайта жаңғырды. Орманбеттің: «Еділ – үйдің есігі, Жайық – үйдің жапсары, Түркістан – үйдің төрі» деп жырлайтыны; Қошке Кемеңгерұлының: «Түріктің алтын бесігі – Алтай, ер жетіп, өсіп-өнген ордасы – Түркістан» деп толғанатыны; Мағжан Жұмабаевтың: «Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – Ер Түріктің бесігі ғой» деп жүрегіне бөлеп жырға қосатыны – көпшіліктің туған жерге деген махаббатын күшейте түсті. Бағзы заманғы алтынжалды арғымақ мінген атақты қолбасшы Еділ батырдың, Түркі қағанаты дәуіріндегі Бумын, Естеми қағандар, Елтеріс, Тоныкөк, Күлтегін тәрізді қағанат қаһармандарының ерлігі қайта жарқырап көрінді. Жоңғар шапқыншылығына қарсы күрескен Абылай хан, қанжығалы Бөгенбай, қаракерей Қабанбай, шапырашты Наурызбай сынды баһадүрлердің, сонымен бірге, ұлт-азаттық көтерілістің ту ұстаушылары Сырым Датұлы, Исатай-Махамбет, Кенесарының қан кешудегі, нар кешудегі жорықтары Ұлы Даланы қорғаудағы теңдесі жоқ ерліктің жарқын мысалдары еді. «Сар дала – сары атандай жауыр еді» деп, Жұмекен ақын зар илегендей еліміз теперіштің, небір зұлымдық, небір жыртқыштықтың бәрін көрді. Дала данагөйі Бұқар жырау күнбатыстан бір қорғасындай қара бұлт шығып, қазақ даласын ойран-топыр ететінін көрегендікпен сезінді; зар заман ақындары Дулат, Мұрат, Шортанбайлар отарлық езгінің елге, жерге, дінге, тілге тигізер зиянын зар еңіреп тұрып жырға қосты. Олар дәстүріміздің, эпостарымыздың түбіне балта шабылатынын күні бұрын сезіп, күйінді. Нарманбет Орманбетұлының: Қалмады, ей, Сарыарқа, сенде қызық, Сандал тау, сары өлкені алды мұжық. Қолыңнан келер де жоқ, өнер де жоқ, Баласы байғұс қазақ қалдың мыжып, – деп күңіренетіні содан. Отарлаушылардың қазақтарды қынадай қырғанын, бидайдай қуырғанын, өзен-көлдің, тоғай-орманның ішінен қу дала қырға қуғанын, бейбіт елдің әбігерге түсіп, мекенінен безіп, шұбырындыға айналғанын қобыздай күңірентті. Қазақта ақыл-ойымен, шешен тілімен халқына риясыз қызмет еткен даналар аз емес. Әйтеке бидің дауылпаз үнінде, сегіз қырлы семсердей тілінде: «Біз қазақ деген – бір ұяның балапаны едік, сұңқар болып жетіліп, самғап ұшайық! Біз қазақ деген – бір тоғайдың ағашы едік, орман болып жайқалып, жасылданайық! Біз қазақ деген – бір биенің құлыны едік, тұлпар болып жетіліп, бәйгеден озайық! Біз қазақ деген – бір дастарқан едік, атамекенді түгел қамтиық» дегені бүгін ерекше естіледі. Дананың осы бір сөзінде рух, сезім, сенім, тазалық, ар-ождан шебер, әдемі қиюласады. Қазақтың арғы-бергі заманындағы ұлыларының бәрі де ұлтын әлпештеп, сүттей ұйыған бірлігін жүректеріне бөлейді. Сүйінбай ақын да қырғыз Қатағанмен айтысында бүкіл қазақтың атынан сөйлеп, ұлтының рухын аспанға көтерген еді.
Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ елдігін баянды етудің, Ұлы Далада Мәңгілік Ел орнатудың амалдарын жүзеге асырып келеді. Соның бірі – Астананы Арқаға көшіру. Ызы-қиқы заманда, аса бір қиын кезеңде Бас қаланы көшіру – ол кезде ақылға да сия бермейтін, қиялға да келмейтін, теңдесі жоқ ерлік еді. Астана бүгінде – Отанымыздың орталығына орналасқан ғарыштың тап кіндігіндегі Темірқазық жұлдызына, жаңарған Қазақ елінің інжу-маржанына, қасиетті бойтұмарына, ұлан-байтақ даламызға қан жүгіртетін, жан бітіретін күретамырына, әлем қызығатын, ел сүйсінетін игілік мекеніне, халқымыздың қара шаңырағына, жаһанға танылған жұртымыздың жарқыраған жақұтына, азаттығымыздың алтын қыранына айналды.
Астана – ұлт рухының құдіретті шарайнасы. Ол мемлекетіміздің биік мәртебесі, жоғары дәрежесі, бақ-берекесі, елдік пен тұтастық-бірліктің тұтқасы, дербестігіміздің дара тумасы. Астана тарихы Елбасының ерен тұлғасын, қайраткерлік, саясаткерлік іс-қимылдарын айқын сипаттайды. Астананың бас сәулеткері өзі, қаланың архитектуралық, философиялық-эстетикалық тұжырымдамасын да өзі жасады. Жаһандық сәулет өнерінің жаңалықты құбылыстарына, үздік үлгілеріне жүгінді; саяси-әлеуметтік, мәдени-экономикалық мәні өзгеше жаңа елордаға лайық қайталанбас ою-өрнектер, ұлттық нақыштар, сан алуан бояулармен құбылған бейнелі суреттер салдырды. «Астанасына қарап елін таниды. Астанасының қайда орналасып, қалай өркендеп жатқанынан әр елдің өзінің өткені мен ертеңіне деген көзқарасын аңғарып, өзгелерге деген пейілін сезінеді. Сондықтан да Астана келбеті – ұлт келбеті, мемлекет дидары, халық мерейі. Күллі әлем атын енді жаттай бастаған жаңа Астана біздің жас мемлекетімізге деген назарды екі есе арттыра түсуде. Оның біз жетпек биіктердей өрелі, біз орнатпақ қоғамдай тартымды болып, көркейіп, өсуі жолында бүгіндері небір қарышты қадамдар жасалуда. Біздің жаңа астананы, жаңа астананың бізді ұятқа қалдырмайтынына нық сенеміз» деп, Елбасы Н.Ә.Назарбаев жүрегінің миуа-жемісіндей, жанының бөлшегіндей ардақты Астанасы туралы көкейкесті, жүрекжарды ойын ылғи осылайша өрнектеп, тебіреніп жеткізумен келеді. Ел Президенті Астананың әрбір ғимаратын, әрбір мекемесін, әрбір ауласын көзбен көріп, зердемен бақылап, тыным таппайды. Көзінің ағы мен қарасындай Астанасын аралап, қаланың тағдыры мен тарихына, сәулеті мен құрылысына, рухани-мәдени өрлеуіне қатысты ой өрбітіп, кеңес береді. «Еуразия жүрегіне, қазақ жерінің кіндігіне Ақордасын тіккен Астана – Қазақ елінің өз қалауымен жасаған дербес таңдауы. Біз оны байтақ даланың шын иесі кім екендігін алыстың да, жақынның да есіне салу үшін жасадық. Бұл арқылы біз қазақтың осы бір құйқалы өңіріндегі ұлттық дәстүрді, тілді, өнерді, әдетті, әдепті шайылудан, жойылудан сақтап қалу үшін жасадық. Біз оны болашақ ұрпақ үшін, еркін еліміз үшін жасадық», – дейді Елбасымыз. Елбасы Сарыарқа төсіне, қазақ жерінің қасиетті төріне Астананы көшіргені тегін емес. Бұл өңірде небір өркениет дамыған. Астананың іргесіндегі Бозоқ қаласы, Ерейментаудағы байырғы хан ордалары осы Ұлы Жібек жолының бойында қоныс тепкен, тоғыз жолдың торабына орналасқан. Түгін тартса, майы шығатын осынау топырақта мыңдаған баһадүрлеріміздің қаны төгілген. Қазақтың соңғы ханы Кенесарының да айтулы шайқасы осында өткен. Олар қазақ халқының келешегі үшін күрескен. Қазақ жері – қасиетті, тарихы мен тағдыры тақсыретті жер. Ұлы Даланы бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен, құдіретті рухымен қорғады. Әзіз бабалар елдік пен ерліктің ұлы үлгісін көрсетті. Темір ноқта мен арқан ноқтаның ортасында оттай лаулап, Отанын сақтады, Тәуелсіздікті аңсады. Бабалар аңсаған сол арман – мемлекет тәуелсіздігі сан ғасырлар сағындырып, ақ қанатты періште кейпінде елімізге оралды. Халқымыз Нұх пайғамбардың кемесіне мінгендей хал кешкенде, қайшылықтар шырмауына шырмалғанда, замана теңізінен аман алып шыққан кемел ойлы саясаткер, кемеңгер, дуалы ауыз, ел бастау тәсіліне жетік Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еді. Әлем тарихында жарқын құбылыс, жаңашыл реформатор деп танылған ұлы саясаткер жайында дүние жүзі қайраткерлерінің жарыса жазатыны содан. Ол пікірлердің қай-қайсысы да ел Президентінің пайым-парасатына, ерлік іс-қимылдарына, төтенше шешімпаздығына берілген мейлінше әділ сипаттамалар. Еліміздің тереңінен толғап, алыстан болжар көсемі, сұңқар пейіл басшысы, алтын жебелі сардары Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігі мен іскерлігі арқасында Астана желкілдеп, жаңарып, жаңғырып, ертегідегі алыптардай аршындап алға басып, қарыштап дамып келеді. Елбасының қым-қуыт заманда Тәуелсіз мемлекет орнатуы да, тез арада Астананы көшіруі де – құбылыс еді. Осының бәрін Мәңгілік Ел орнату үшін жасап жатқанына бүгінде көзіміз жетіп отыр. Өзімізді өзіміз бақпасақ – сырттан келіп ешкім, ешқашан бізді жарылқамайды. Сақ заманындағы би атамыздың: «Арманның жолы қиқалаң, Адалдың жолы төте еді; Жақсы-жаман әркімнің арасынан өтеді; араздаспай, таласпай, тату жүрсең не етеді; Ынтымағы бар болса, бұл дүниенің қызығы бәріне түгел жетеді», деген аталы сөзі бүгін де қажет. Елбасының арман-мұраты да – татулық, ынтымақ, бірлік, тыныштық. Біз аздаған жылдарда талай жолдан, талай дағдарыстардан өттік. Қиындық та аз болған жоқ. Соның бәрін де ел бірлігінің арқасында жеңдік. Президентіміз есепсіз көп нәрсені істеді. Тәуелсіздігімізді баянды етті. Абыройлы асулардан астық. Әлемдегі озық елдердің қатарына қосылдық. Халық өз Президентін жүрегінің төріне шығарды. Нұрсұлтан Әбішұлы – Елбасы. Ұлт намысының қамшыгері. Қазір әлемдік саясатты игеруде, экономиканы еңсеруде, өз халқының тарихын, тілін, мәдениетін білуде Президентке тең келетін адам жоқ. Еуразия кіндігінде ұлт пен ұлысты сүттей ұйытып, күнбе-күн келісім мен жарасым шамшырағын жағып отырған – қарқарадай Президентіміздің еңбегі. Мемлекет орнату, оны қалыптастыру, баянды ету, әлемге таныту дейтін күрделі үдеріске қатысуды Алла кез келген кісінің пешенесіне жаза бермеген. Біздер руханият саласында осы бақытқа ие болғандармыз. Бізді баулыған да, елге қызмет еткізген де Нұрсұлтан Назарбаев, сол кісімен бірге келген Тәуелсіздік, Азаттықтың ақ таңы, ата-бабамыздың сан мың жылғы аңсаулы арманы. Қазақ тарихы бұрын-соңды басынан кешпеген, өзіміз де, өзге де таң қалғандай осы құдіретті істің басында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұрды. Алпауыт күштер сырттан андыздап тұрғанда, ел ішінде адам баласы түсініп болмайтын шытырман оқиғалар арпалысып жатқанда, Назарбаев көрегендікпен, көсемдікпен есеңгіреген елдің есін жиып, Ұлы Далада өте қысқа мерзімде бұрын-соңды болмаған бүтіндей жаңа мемлекет орнатты. Орнатып, қалыптастырып, дамытып, әлемге танытып, әлемдік қоғамдастыққа мойындатып қана қойған жоқ, мемлекеттіліктің, ел басқарудың өзіндік жаңа қазақстандық мектебін қалыптас-тырды. Өзі де әлем қауымдастығы мойындаған кемеңгерге айналды. Ел алдындағы, өркениет алдындағы осындай аса жауапты міндетті Елбасы, сөйтіп абыроймен орындады. «Сүйер ұлың болса, сен сүй» деп Абай айтқандай, Нұрсұлтан Назарбаев қолдауға да, қошеметтеуге де тұратын; қалай мақтаса да сыятын, соған лайықты кісі, ортасынан ойы озған, қатарынан қалпы озған азамат. Жас та, жасамыс та анық білетін ақиқат осы. Тарих үшін, әділет үшін бұл шындықты да айтатын мезгіл жетті. Президент Назарбаев – мемлекеттілігімізді орнатып, оны қалыптастырып, экономикасын реформалау арқылы өзін де, елін де әлемге мойындатқан заманның аса дарынды тұлғасы. Елбасының аз ғана жылдарда адам айтса нанғысыз атқарған қыруар істері болашақ ұрпаққа аңыз болып жететіні сөзсіз. Аумалы-төкпелі, алмағайып заманда мың өліп, мың тірілген қазақтың, үш ғасыр бодан болған елдің тізгінін Нұрекеңдей азаматтың ұстауы – Алланың халыққа берген сыйы еді. Қазақ халқы сан мың жылдар іздеген мұратына да, арманына да Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында жетті. Осы жылдарда біз Президентіміздің жарқылдаған келбетін, биік болмысын, кемел дарынын, ел басшысы ретіндегі көсем қасиеттерін айқын таныдық. Н.Назарбаев – ұлттық дәстүрде тәрбиеленген, халқының бар қадір-қасиетін бойына жиған, тілін, тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жетік білетін, ұлтын жан-тәнімен сүйетін, оның мәртебесін өсіріп келе жатқан, халқының үмітін, сенімін ақтап келе жатқан ұлтжанды Азаматы; қалың елдің жанашыры; мұңдасы, тағдырласы; қорыққанға – қорған, тарыққанға – пана, зарыққанға сана бола білген өз елінің шын перзенті; алдағыны болжай білетін, ертеңгісін де оза ойлай білетін көсемі; елінің жүгін көтеріп келе жатқан қара нары; халықаралық қауымдастыққа кеңінен танылған, өркениетті елдердің басшыларымен терезесі тең, сөйлескенде сөзі асатын, егескенде еңсесін басатын, елдескенде мейірімін шашатын аузы уәлі, сөзі дуалы саясаткері. Шынтуайтына келгенде, Нұрсұлтан Назарбаев – тарих толғатып туған ғасырдың тұлғасы, елінің жанын ұғатын, халқын замана көпірінен аман өткізіп келе жатқан қамқоршы; еліміздің дарынды ұйымдастырушысы, көреген басшысы, нарықтық экономиканың терең білгірі, аңқылдаған ақ көңіл; кекшіл емес, текшіл; жікшіл емес, көпшіл; жұртты сендіре де, иландыра да алатын, өз елім менің – өзегім дейтін Азамат. Біз бүгін ұлтымыздың абыройына, киесіне айналған Президентіміз үшін мақтана алатын халықпыз. Президентіміз үшін мақтанғанымыз – елдігіміз үшін мақтанғанымыз. Н.Назарбаев – Қазақстанның паспортына, символына айналған адам. Елбасының ендігі арманы – Ұлы Далада Мәңгілік Ел орнату. Ұлы Далада Мәңгілік Ел орнату идеясы бүгін ғана туа қалған жоқ, ықылым замандардан бері, ел орнап, билік пайда болғалы бері жалғасын үзбей келе жатқан әлемдік құбылыс. Адам баласы өмір бойы жұмақ жерді, жұмақ елді, бақытты, еркіндікті іздеумен, аңсаумен келеді. Ол – арман, татулығы жарасқан, береке-бірліктің елін орнатудың, Мәңгі Ел орнатудың идеясы. Назарбаев бұл идеяны халқының байырғыдан бері жалғасып келе жатқан байтақ тарихынан алып отыр. Ол – қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман, Түрк дүниетанымындағы Өтүкен, халқымыз армандаған Жиделі Байсын; Асанқайғы желмаяға мініп шарқ-ұрып іздеген Жерұйық, бақытты өмір, баянды тіршілік. Қытайлар өзін Аспанасты еліміз дейді, яғни аспан асты, жер үсті еліміз деп отыр, Жапондар өздерін Күншығыс еліміз дейді, біз – Ұлы Дала еліміз. Кез келген мемлекетті дамытатын, халықты арманына жетелейтін күш – идея, идеология. Идеология дегеніміз – сол елдің бағдаршамы, адастырмайтын компасы. Егер ол болмаса кеме – мұхитта, ұшақ – көкте, адам жерде адасады. Арғы-бергі тарихта елім мәңгі болмасын деген бірде-бір мемлекет жоқ. Бәрі де соны армандаған. Бірақ жете алмаған. Мұны Елбасы білмей отырған жоқ, біліп айтып отыр. Бізге елді адастырмайтын компас керек болып отыр, елдің ілгергі үміті керек болып отыр, арманға жетелейтін жарқын идея, мемлекеттік идеология керек болып отыр. Бұл идеяны Н.Назарбаев елінің тәуелсіздігін қорғау үшін, Тәуелсіз Қазақстанды дамыту үшін ұсынып отыр, бабалар жеткізе алмаған арманға елін жеткізсем деп отыр. – Егер сен Өтүкен қойнауында отырсаң, Мәңгі ел орнатар едің – деген сөзді «Күлтегін» жырынан оқимыз. Яғни, Мәңгі ел орнатуды бабаларымыз Бумын, Естеми қағандар жетінші ғасырда-ақ аңсаған. Өкініші, басараздық, алауыздықтың кесірінен қағанат құлап, олар арманына жете алмаған. Демек, Мәңгі ел орнату үшін алдымен жердің тұтастығы, елдің ынтымағы керек, ата тарихын ұрпақ санасына сіңіру керек, Ұлы Даланың тарихын сол Ұлы Даланың ұлы тұлғаларынан алып жазу керек. Мәңгілік Ел бір күнде орнай қалмайды. «Мәңгілік Ел» – өміршең, мәңгілік идея. Ол науқаншылықпен, жарлықпен, бұйрықпен орнамайды, ғасырлар бойы қалыптасады. Сол себепті, «Мәңгілік Ел» идеясын өткінші науқанға, еріккеннің ермегіне, жаяу жарысқа айналдырмау керек. Бұл идеяны ұлттың дүниетанымына, санасына сіңіру керек. Өйткені, ол – терең толғанатын, біліп, иінін қандырып жазатын, жылдар бойы тылсымы ашыла беретін ұлы құбылыс. Қазақ – осы Ұлы Далада туып, өсіп-өркендеп, талай ұлыс, талай қағанат орнатқан, көнеден келе жатқан байырғы халық. Ұлы Далада керегесін кең жайған, бүкіл әлемге әйгілі Сақ, Ғұн, Түрк қағанаты секілді іргелі ұлыстардың да аталуы әртүрлі болғанымен, солардың бәрінің тегі бір, заты қазақ еді. Біз данагөй, шежіре қариялардың соңын көре қалған ұрпақпыз. Олар «Сақ Ата заманында» деп байтақ әңгіме бастайтын, Сақтарды өзінің атасы санайтын, Сақтардың ұрпағымыз дейтін. Ұлы Дала мектебін, Ұлы Дала университетін, Ұлы Дала академиясын, Ұлы Даланың бұлжымайтын салт-дәстүрін, тозбайтын тағылымын, ғылымын, білімін, тәлімін қазақ мыңдаған жылдар бойы өзі қалыптастырған. Сөйтіп, ұрпақ санасына құйып отырған. Елбасы өзінің «Мәңгілік Ел» идеясын мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан даналықты да, шешендікті де, көсемдікті де қайта жаңғырту үшін ұсынып отыр. Халқымыздың шешендігі мен даналығын қайта жаңғырту үшін Астанадан алдымен Төле бидің шешендік мектебін, Абайдың даналық мектебін ашып, дарынды балаларды жинап, сонда оқыту керек. Келешек үшін игілікті істің басы осы болады. Ұлы Дала елі – талай өркениеттердің қауышқан-тоғысқан алтын құндағы. Мәңгілік Ел – Ұлы Далада керегесін кең жаятын ұлы құбылыс. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы Дала елі» – Мәңгілік Ел» идеясы күрделілігімен, сан қырлылығымен ерекшеленеді. Бұл идеяны жүзеге асыру үшін терең, байыпты концепция керек. Оның ең басты шарттары: 1) мемлекет территориясының тұтастығы; 2) мемлекеттің қорғаныс қабілеті, ұлт қауіпсіздігі; 3) мемлекеттің тілі; 4) діні; 5) ізгілік, даналық ілімі, ұлы эпостары; 6) ата дәстүр, атакәсіп; 7) халқының ынтымақ-бірлігі. Жуырда Парламент Мәжілісі «Мәңгілік Ел» идеясының заңнамалық негізін қабылдады. Ендігі міндет – осынау идеяның біртұтас жүйесін жасау. Ол жүйеде біздіңше халқымыздың өткеніне, бүгінгісіне қатысты тарихи-әлеуметтік, әдеби-мәдени, философиялық және экологиялық құндылықтардың қамтылғаны жөн. «Ұлы Дала елі – Мәңгілік Ел» идеясының кешенді тұжырымдамасын жасауды «Нұр Отан» партиясы қолға алуда. Бұл бәріміз жұмылып қолдайтын игілікті іс. Иә, сөйтіп, елімізде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған айтулы той өтті. «Мәңгілік Ел» театрландырылған қойылымы халықтың сүйіспеншілігіне бөленген, көпшіліктің көкейінен шыққан тамаша туынды болды. Ұлы Далада ата тарихымыз, ұлы хандарымыз қайта тіріліп, бүгінгі ұрпақпен қайта қауышты. Тағылымды, өнегелі тойдың алтын арқауы – Мәңгілік Ел идеясына ұласты. Мәңгілікке қарай қадам бастық, құтты болсын! Еліміз мәңгі болсын, Қазақстан қатарының алды болсын!
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ, Серік НЕГИМОВ.
(«Егемен Қазақстан», 26 қараша, 2015 жыл).