Елбасы әкімдерге нақты тапсырма берді
Елбасы әкімдерге нақты тапсырма берді
Елбасы облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдерімен кездесу өткізді. Мемлекет басшысы бүгін жарияланған Жолдауда әкімдер алдына нақты міндеттер қойылғанын атап өтті. – Үкіметпен және Президент Әкімшілігімен бірлесіп жұмыс жүргізетін бірқатар бағыттар бар. Реформаларды жүзеге асыру үшін қажетті негізгі заңдар қабылданды. Егер жыл басынан сол заңдар бойынша жұмыс басталмаса, олар қағаз жүзінде қалып кетеді, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев биыл қиындықтарға қарамастан, өңірлер, экономикасынан күтілетін өсім 2% мөлшерінен аз болмайтынын айтты. – Шикізат секторындағы төмендеудің есесін біз шикізаттық емес салалар есебінен толтырдық. Қызмет көрсету саласында өңдеуші кәсіпорынның өсімі қамтамасыз етілді. Биыл егін жақсы жиналды – 22 миллион тонна астық және майлы дақыл алынды. 7 миллион шаршы метрлік баспана пайдалануға берілді, барлық облыста жаңа әлеуметтік нысандар тапсырылды. Осының бәрі өңірлерде де сіздердің Үкіметпен бірлесіп жүзеге асырған жұмыстарыңыздың нәтижесі. Қолда бар резервті пайдалана отырып, әрбір облыста жұмысы тоқтап қалған кәсіпорындарды іске қосқан жөн, олардың сатылымының көлемін ұлғайту керек, – деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті автомобиль жолдарын, әлеуметтік нысандарды салу ісінде мемлекет-жекеменшік серіктестігі тетіктерін белсене қолдануды тапсырды. Мемлекет басшысы тартылған жеке инвестициялардың көлемі мен ашылған жұмыс орындарының саны әкімдер жұмысын бағалаудың критерийінің бірі болатынын атап өтті. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев қоғамдық-саяси тұрақтылық, халықтың қажеттілігін ескеру, еңбекақының, зейнетақының және жәрдемақының уақтылы төленуі, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының мониторингі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының үздіксіз жұмысын және құқық қорғау ісі деңгейін ойдағыдай қамтамасыз ету аса маңызды екеніне назар аударды. Қазақстан Президенті еліміздің Тәуелсіздігінің алдағы 25 жылдығын артық бюджет шығынынсыз атап өткен жөн екеніне тоқталды. Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді.