Денсаулық

Таразда «Мәңгілік Ел» орталығы ашылды

Таразда «Мәңгілік Ел» орталығы ашылды

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында жас ұрпақққа өнегелік, тәлім-тәрбиелік маңызы зор «Мәңгілік Ел» аудиториясы ашылды. Аудитория Тұңғыш Президент күніне орайластырып пайдалануға беріліп отыр. Бұл туралы аталған білім ордасынан хабарлады.

Онда ұлттық тарихымыздан сыр шертетін жәдігерлер мен бұйымдар қойылған. 3D форматындағы аудиторияда кең дала, жайлау және киіз үй бейнеленген. «Елбасының кезекті «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауының басты мақсаты - Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Бұл үшін тұңғыш мемлекеттік ресми идеология, яғни «Мәңгілік Ел» идеясының жарияланғанын да білеміз. Бұл - Қазақстан Республикасының ұлттық идеясынан келген түйін-тұжырым. Мәңгілік Ел отандастардың бірегей тарихи мақсаты мен қаһармандық ұраны десек қателеспейміз. Аталған идея қазақ елінің ғасырлар бойы армандаған мақсаты ғана емес, Тәуелсіздік жолындағы жанқиярлық еңбегі мен тынымсыз шығармашылығының нәтижелері арқылы қол жеткен асу. Сондықтан да аталған аудитория өскелең жас ұрпақтың төл тарихын терең білуіне өз септігін тигізетіні рас», - деді институт ректоры Дария Қожамжарова. Оқу ордасының шәкірттері Ұлы Дала елі туралы барлық мәліметті осы аудиториядан ала алады. Сонымен қатар мұнда арнайы сабақтар өтетін болады.