Экономика

Болашақтың қуаты – жасыл экономика

Болашақтың қуаты – жасыл экономика

«EXPO-2017» халықаралық көрмесін Астанада өткізу – Қазақстанның ірі жеңісі. Мұндай ауқымды шараны еліміздің астанасында ұйымдастыру туралы бастаманың авторы – Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев.

2011 жылғы 10 маусымда Париждегі Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) Бас хатшысы Винсенте Гонсалес Лоссерталеске ресми түрде Қазақстан өтінімі тапсырылды. 2012 жылғы 12 маусымда Париждегі Халықаралық көрмелер бюросының Бас Ассамблеясының 151-ші отырысында Астананың ресми таныстырылымы болып өтті. Жиынның басында делегаттарға Қазақстан Президентінің арнайы бейнеүндеуі жолданды. Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде Астана жеңіп шыққан жағдайда, жобаның табысты жүзеге асырылуы үшін барынша күш-жігерін жұмсайтынына кепілдік берді. Біздің Астана ұсынған көрменің тақырыбы – «Болашақтың қуаты» деп аталады, ол баламалы энергия көздеріне және «жасыл» технологияға арналған. Бірінші кезекте Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу Қазақстанға әлемдік танымалдылыққа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мысалы, Оңтүстік Африка Республикасы әлемдік футбол чемпионатын өткізгеннен кейін танымал болғаны белгілі. Екіншіден, Еуразия құрлығының ортасында Қазақстанның тиімді орналасуы шетелдік қонақтардың қызығушылығын тудырады. Себебі, әрбір адам жаңа елдерді танып, білгісі келеді және ЭКСПО-ны өткізетін Астана географиялық жағынан бүкіл әлем туристерінің назарын өзіне аудартады. Үшіншіден, тәжірибелік жағынан сәйкес инфрақұрылымдық жобалардың рөлін атап өткен жөн. Қонақ үй, мейрамхана, ойын-сауық нысандарын салу, туризм мен бизнесті дамытуды ынталандыру керек. Сондай-ақ, кең ауқымды көрмені өткізу жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жергілікті индустрияны, әсіресе шағын бизнесті дамытуға мүмкіндік береді. Сондықтан, екі нәрсені атап өткен жөн: бірінші – әлемдік бренд, екінші – коммерциялық жағынан пайда көру. Астанада ЭКСПО-ны сәтті өткізу Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттыруға, экономикамызды қарқынды дамытуға мүмкіндік береді.

Қанат Тілепберген, «Ақ жол».