Медициналық қызмет сапалы болсын
Медициналық қызмет сапалы болсын
Стационарды алмастыратын технологияларды дамыту мәселесі өңірімізде өз шешімін тауып келеді. Мәселен, 2014 жылы облыс бойынша ауруханаларда 162210 науқас емделген болса, бұл көрсеткіш 2015 жылы 26277 адамға азайған. Есесіне, күндізгі стационарда ем алушылардың саны өскен. Ал тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде тегін дәрілік заттармен 2014 жылы 297781 науқас қамтылса, 2015 жылы 310000 тұрғынға осындай көмек көрсетілген. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының отырысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Масалимов осыны мәлімдеді. Партияның Сайлауалды тұғырнамасын іске асыру жөніндегі 2012-2017 жылдарға арналған аймақтық жоспардағы медицина қызметтеріне азаматтардың тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесі қаралған комиссия отырысында комиссия тарапынан жүргізілген арнайы тексеру барысында анықталған облыс орталығы мен кейбір аудандардағы емдеу мекемелерінде кемшіліктер мен партия облыстық филиалының қоғамдық бақылауына келіп түскен шағымдар және тұрғындар арасында жүргізген сауалнама қорытындысы бойынша азаматтардың дәрігерлік қызметке қолжетімділігін қамтамасыз етуде және тегін медициналық көмек алуда орын алған олқылықтар сөз болды. Мәліметке сүйенсек, 9 айдың қорытындысы бойынша қоғамдық қабылдауға 172 шағым түсіпті. Оның 85-і – медицина қызметінің сапасына, 37-сі – портал қызметіне,14-і – тегін дәрі-дәрмек алу мәселесіне, 33-і – дәрігерлердің уақтылы көмек көрсетпей, атүсті диагноз қоюына байланысты түскен шағымдар екен. Тегін медициналық көмек көрсетуге қатысты жүргізілген сауалнама бойынша респондентердің 60,26 пайызы медициналық көмек көрсетуге қанағаттанбайтынын, кейбір медицина мекемелерінде сала қызметкерлері өздерінің кәсіптік міндеттеріне салғырт қарайтынын айтқан. Заң бойынша бір жасқа дейінгі балаларға нейросонография сараптамасы тегін жүргізілуі тиіс. Алайда, бұл заң емдеу мекемелері тарапынан бұзылған. «Осы жылдың соңғы үш айында Жамбыл ауданынан 10, Байзақ ауданынан 24, Сарысу ауданынан 5, Тараз қаласынан 14, Меркі ауданынан 5, облыс бойынша жалпы саны 75 нәрестенің ақылы негізде тексеруден өткені – осының дәлелі. Бұдан бөлек, диагноздары, ауыртпалығы бірдей бола тұра науқастың біреуіне жатып емделуге жағдай туғызылса, екіншілерін шеттету фактілері де кездесті. Тексеріс барысында тегін көрсетілген медициналық көмекті емхана басшыларының заңсыз ұйғаруымен ақылы негізде көрсетілген деректер де анықталды. Тізе берсе, осы тектес олқылықтар көп», – деді комиссия мүшесі, облыстың Құрметті азаматы Жандар Кәрібайұлы. Комиссия төрағасы Асаубай Майлыбаев жүргізген жиында күн тәртібіндегі мәселелер толығымен қаралып, тиісті қаулы қабылданды.
Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».