Әлеумет

Қарашірік – тамызыққа таптырмайтын отын

Қарашірік – тамызыққа таптырмайтын отын

Жылу бар үйде береке бар. Ауыл жұртының көпшілігі қарашада қара суық қыспайынша, отын түсіруді ойламайды. Не көп, айналаңда тамызыққа жарайтын отын көп. Бірақ, қоршаған ортаны қорғамасақ, ол тегін отын да таусылады. Әсіресе, сексеуіл. 

Үкіметтің 2010 жылғы 14 маусымдағы №568 қаулысы бойынша мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі сексеуіл екпелерінде басты және санитарлық мақсатта пайдалану үшін ағаш кесуге 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін тыйым салынған. Содан бері «Мойынқұм ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» бұл қаулының орындалуын қатаң бақылауға алған. Ал тамызық отынға жарамды қарашірік отынымен тегін қамтамасыз етіп келеді. Отын алу үшін ауылдық округ әкімінің атына өтініш жазып, тізімге тіркелсеңіз болғаны. Ауылдық округ әкімдері өтініш тізбесін орман шаруашылық мекемесіне тапсырады. Орман шаруашылық мекемесі, жергілікті халыққа қанша отын керектігін есептеп шығарып, отынды жинауға болатын орындарды белгілеп, жергілікті тұрғындарды онымен қамтамасыз етеді. Бірақ, отын жинауға берілетін рұқсат қағазы, яғни, ағаш кесу билетін әр адам өзінің жеке мұқтажына пайдалануы тиіс. Егер жеке тұлға өз билетін үшінші тұлғаға берген жағдайда, заң бойынша жазаға тартылады. Жалпы, сексеуіл ағашы құм көшкіні және топырақ эрозиясынан сақтайды. Сол үшін Мойынқұм ормандар және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі сексеуіл тұқымын сеуіп, сиреп бара жатқан өсімдікті қорғауға алған. Биыл аптап ыстыққа қарамастан, 300 гектар жерге сексеуіл ағашы көшеттелді. Оның орташа шығымдылығы 35 пайызды құрайды. Ал 2014 жылы 350 гектар алқапқа көшеттелген сексеуілдің орташа шығымдылығы 55 пайызды көрсеткен болатын. Мойынқұм ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің екпе ағаштар инженері Абай Тыныбаев: «Біз халықты қарашірік жинату арқылы отынмен қамтамасыз етіп келеміз. Қарашірік – тамызыққа таптырмайтын отын. Ол қалай пайда болады? 35-40 жыл жасаған ағаш табиғи түрде тамырынан бөлініп, сынады. Оған түрлі зиянкестер ұя салып, ауру ошақтарын туғызады. Сол үшін оны уақтылы тазалап тастау керек. Бізге тазалық, тұрғындарға отын керек. Бір күнде бір отбасына 4 текше метр отын беріледі. Аудан бойынша 750 отбасы қарашірік отынымен қамтамасыз етіледі. 7684 текше метр отынға сұраныс түскен, 3000 текше метрі таратылды. Отынды рұқсат қағазынсыз алғысы келетіндер де жоқ емес. Биыл 9 айдың ішінде 22 заң бұзушылықты анықтап, 22 хаттама толтырдық. Сол 22 адамның 15-іне 113 мың теңге айыппұл салынды. Он төртінен 107 мың теңге өндіріліп, жетеуіне ескерту берілді. Жалпы, 123,1 мың теңге зиян келтірілген», – дейді. Аталмыш мекеме жыл сайын аудан тұрғындарын қысқы отынмен қамтамасыз етіп келеді. 2012-2013 жылдары – 8417, 2013-2014 жылдары – 6538, ал биыл 7959 текше метр ағаш түбіртектері отынға босатылған. Осы жылы 27 қазаннан бастап Мойынқұм, Қылышбай, Қарабөгет, Ұланбел ауылдық округіндегі тұрғындарға шамамен 3000-ға жуық текше метр отын берілді. Бұл жұмыс әлі де жалғаса бермек. Жалпы, облысымыздың орман қоры жерлерінің 50479 гектары – Сарысу ауданында, 455846 гектары Мойынқұм ауданында орналасқаны белгілі. Бірақ, Мойынқұм орман шаруашылығы орман қорының жерлері 1995 және 2009 жылдардағы толықтырулар мен өзгерістерге сәйкес, 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап 865865 гектарға ұлғайған.

Уалихан ЖАЙЛАУ, «Ақ жол».

Мойынқұм ауданы.