Аграрлық саладағы жаңғырту алға жетелейді
Аграрлық саладағы жаңғырту алға жетелейді
Агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің облыстық кеңесі Тараз қалалық Мәдениет үйінде өтті. Жиынға бірқатар басқарма басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, саяси партия өкілдері, Тараз қаласы және аудан әкімдері, аудан әкімінің орынбасарлары, ауыл шаруашылық құрылымдардың жетекшілері, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен шаруа қожалық төрағалары және еңбеккерлер шақырылды.
Ауыл шаруашылығы саласы өкілдерінің қорытынды жиынына облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қатысып, сөз сөйледі. – Сіздерді ауыл шаруашылығы қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын, Ауыл шаруашылығы саласы – еліміздегі ең негізгі сала. Елбасымыздың тікелей назар аударуымен аграрлық салада жаңғырту жүргізілуде. Дихандарымыз суды үнемдеу технологияларын меңгере бастады. Жыл басынан бергі ауыл шаруашылығында өндірілген өнім көлемі 146,5 миллиард теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік көлемі ұлғайды. Масақты дәнді дақылдардан былтырғы жылмен салыстырғанда екі есе артық өнімге қол жеткізіп, 183 тонна астықты артық жинадық. Әр гектарға 16 центнерден өнім жиналды. Сүдігер дайындау, дәндік жүгері өсіруде де еңбеккерлер алдыңғы қатардан көрінді. 2020 жылға дейін жаңбырлатып және тамшылатып суару технологиясын алты есеге ұлғайту міндеті тұр. Қант қызылшасын өсіруде байзақтық Фазыл Маутов пен меркілік Қанат Шайхиевтың еңбегін ерекше айтқанымыз жөн. Олар басқаратын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер гектарына 315 центнерден тәтті түбір жинады. Бұл – өзгелерге үлгі боларлық көрсеткіш. Қытай және Белоруссия мемлекеттерімен тығыз байланыс жасау арқылы облыс ауыл шаруашылығын, өнеркәсібін өркендетуді көздеп отырмыз. Белоруссиямен бірлесіп, Шу қаласынан ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын зауыт ашуға қол жеткізбекшіміз. 2020 жылға дейін Малайзия мемлекетінен біздің облысқа 1 миллиард 500 миллион теңге инвестиция тартылатын болады. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығын өркендеткен шаруашылықтар арасынан «Луговой жылқы зауыты», «Шәушен», «Қақпатас-Қордай», «Сейсенбай-Бапыш» және «Гамбург» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерін ерекше атап өткім келеді. Ауыл шаруашылығы қызметкерлері мерекесімен баршаларыңызды құттықтап, еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға береке тілеймін! – деді Кәрім Нәсбекұлы. Сондай-ақ, облыс әкімі ауыл шаруашылығы саласындағы озат шаруашылықтарды, аграрлық салаға еңбегі сіңген ғалымдар мен журналистерді марапаттады. Егін шаруашылығы саласы бойынша Т.Рысқұлов ауданындағы «Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Халит Базаралиев жеңімпаз атанып, «Беларусь-80» тракторының кілтіне ие болды. Жүлделі екінші орынмен Меркі ауданы «Меркі» жеміс-жидек жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Бақыт Сауранбаев марапатталып, жаңа «Нива» көлігіне қол жеткізді. Үшінші орынға лайық болған Қордай ауданы «Самғау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Евгений Трубников КРНВ жүйекаралық жер қопсытқыш ауыл шаруашылық техникасын жеңіп алды. Мал шаруашылығы бойынша Т.Рысқұлов ауданы «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы Мейрамбай Дөненбаев жеңімпаз атанып, «Уаз» автокөлігінің кілтіне ие болды. Екінші орынға лайық деп танылған Мойынқұм ауданы «Үркер» шаруа қожалығының төрағасы Бәкір Исабековке «Нива» автокөлігі сыйлыққа берілді. Үшінші орынмен марапатталған Талас ауданы «Ақай» шаруа қожалығының жетекшісі Жанат Ақаевке жер қопсытқыш ауыл шаруашылығы техникасы берілді. Облыс ауыл шаруашылығына ғылыми тұрғыда қосқан үлесі үшін ғалым Ерлан Құлкеев, ТарМУ-дың доценті Кенжеғали Шилібеков және ғалым Юрий Цхай марапатталды. Облыстық БАҚ өкілдері де марапаттан құр қалған жоқ. Облыстық «Қазақстан-Тараз» телеарнасының редакторы Айбол Қараш теледидар, облыстық «Знамя труда» газетінің тілшісі Дархан Байтуов планшет, облыстық «Арай» газетінің бөлім меңгерушісі Саят Сатылғанов фотоаппаратқа ие болды. Жиын соңы облыстық филармония ұжымының өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.
Есет Досалы, «Ақ жол».
Суреттерді түсірген Алтынбек Қартабай.