Әлеумет

Жүзден жүйрік сотников

Жүзден жүйрік сотников

Мемлекеттік  тілді  жетік  меңгерген  орыс  ұлы республикалық  байқауда  бағын  сынамақ

Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылғандай, әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді 2017 жылы 80 пайыз, 2020 жылдары 95 пайызға меңгеруге тиісті. Бүгінгі таңда облысымызда бұл бағытта нақты жұмыстар атқарылуда. Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен облыстық мемлекеттік тілді оқыту орталығының мәжіліс залында өткен орыс жастары арасындағы қазақ тілі білгірлерінің «Тіл – парасат» атты облыстық байқауы да жоғарыда аталған мақсаттардың орындалуын көздейді. Байқауды облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқарма­сының басшысы Ғалия Боранбаева ашып, Тараз қаласынан және барлық аудандардан келген үміткерлердің қадамына сәттілік тіледі. Келесі сәтте байқау «Менің туған өлкем» (әр үміткер өзінің туып-өскен ауылын қазақ тілінде бейнероликтер арқылы таныстыру) аталымымен басталып кетті. Байзақтық Евгений Кровчук «Төл теңгенің құрдасымын» деп өзін әдемі таныстырса, жуалылық үміткер Зинаида Тимошинаның отбасындағы сегіз адамның барлығы қазақ тілін жақсы меңгергенін айтқанда, көпшілік еріксіз қол соқты. Құландық байқауға қатысушы Юлия Кругликованың сахнаға қазақ қызының ұлттық киім үлгісімен шыққанына да сүйсініп қалдық. Екінші аталымда әр талапкерге қазақ тілінде эссе жазу және берілген тақырып бойынша жұптасып, төл тілімізде диалог құрау міндеттелді. Үшінші аталымда байқауға қатысушылар қазақ тілінде ән айтып, би биледі, поэмалардан жатқа үзінді оқыды. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Жамбыл политехникалық колледжінің студенті Арнур Сотников иеленіп, Алматы қаласында өтетін республикалық байқауға жолдама алды. Жүлделі бірінші орынға байзақтық Евгений Кровчук лайық деп танылса, жуалылық Зинаида Тимошинаға екінші орын берілді. Жүлделі үшінші орын меркілік Игорь Париевке бұйырды. Байқауды қазылар алқасының төрайымы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Майра Әлімбетова қорытындылап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді диплом және бағалы сыйлықтармен марапаттады.

«Ақ жол-Ақпарат».

Тараз қаласы.