Ел тәуелсіздігін мансұқ еткенді кім дейміз?
Ел тәуелсіздігін мансұқ еткенді кім дейміз?
Және ол өзін Төле би, Абай, Ыбырай, Шоқанмен теңмін дейді
Қазақтардың 80 пайызы, ал қазақстандықтардың 90-95 пайызы Ресейдің құрамына кіруді жақтайды деп, егер Қазақстан Ресейге қосылар болса, ол өзін жаңа империяның идеологі немесе Қазақстанның губернаторы ретінде көргісі келетінін мәлімдеп, әлеуметтік желілер арқылы аты бүкіл қазаққа, тіпті халықаралық саяси аренада әлемге «мәшһүр болған (хатында айыпталушының өзі осылай көрсетеді) Ермек Тайчибеков облыстық «Ақ жол» газетін оқып тұрады екен. Қазіргі уақытта Қордай аудандық сотында ісі қаралып жатқан айыпталушы соттың кезекті отырысының бірінде біздің басылымға қатысты хат түсірді. Алайда, сот бұл хатты іске тіркеуден бас тартып, редакцияға жолдапты. Тайчибеков хатында не жазған? Айыпталушы 20 мың таралыммен шығатын облыстық «Ақ жол» газеті өзінің имиджіне нұқсан келтіретін 5 көлемді мақала жариялағанынан бастапты. «Осы арқылы оқырмандарға мені «халық жауы» ретінде көрсеткілерің келе ме?» деп сауал қояды. Ары қарай газеттің жекеменшік басылым емес екенін тілге тиек етеді. Тайчибековтің хат арқылы не айтқысы келгені түсініктірек болуы үшін үзінді келтіре кетейік. «Менің білуімше, «Ақ жол» газетін облыстық әкімдік қаржыландырады. Сіздер, ертең мені облыс әкімі болады деп қорықпайсыздар ма?!. Ақиқаты осы. Мұндай мақалаларға тапсырыс беруші кім? Мен қоғамға танымал геосаясат, саясат, экономика және қаржы сарапшысымын. Менің ой-пікірім көрсетілген жазбаларым Болгария, Венгрия, Түркия, Германия, Нидерландия және ТМД аумағындағы барлық елдерде жарияланып тұрады. Ал сіздердің «Ақ жол» газеттеріңіз облыс аумағынан тыс жерде кімге қызықты? Мен Қазақстан мен Орталық Азиядағы жалғыз халықаралық сарапшымын. Халықаралық саясат туралы жазбаларым тәуелсіз басылымдар тарапынан үлкен сұранысқа ие. Ал сіздер, бейнелеп айтсам, қоқыстың арасынан мен туралы өсек іздеп, таратасыздар. Мен осы уақытқа дейін балалар үйлеріне, қарттар үйіне, онкологиялық аурумен ауырған науқастардың еміне, оқу озаттары мен спортшыларға, тұрмысы төмен жандарға, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 200 мың доллар қаржы көлемінде қайырымдылық көрсеттім. Ал сіздердің басылымдарыңыз не істеді?» – дейді Тайчибеков. Ол осы хат арқылы өзінің мықты тұлға екенін айтып, сес те көрсеткен. Бірақ, ол сонымен бірге ел тәуелсіздігіне қарсы ұстанымын алға тартуды ұмытпапты. «А то, что 80% казахов желают воссоединение Казахстана и Российской Федерации в единое государство, так будьте любезны, сами без меня проведите опрос. Настоящий объективный опрос. Я за последние 4 года посетил абсолютно все города, все железнодорожные станций, около 200 аулов. В каждом населенном пункте старался переночевать. Я опросил мнение около 10 000 казахов. А вы?» Тайчибековтің бұл сөзіне біздің 20 мың оқырманымыз не дер екен?! Тайчибеков мұнымен де тоқтамайды. Ол хатында өзінің саяси көзқарасын Төле би, Абай, Ыбырай, Шоқанның даналығымен тең екенін айтады. «Халқымыз осынау тұлғаларды құрметтеп, ескерткіш орнатып, көше, мектептерге есімдерін берді. Ал мені қоғамнан оқшаулап, түрмеге жапты (По своему идеологическому наполнению я особенно и ничем не отличаюсь от Толе Би, Абая Кунанбаева, Ибрая Алтынсарина и Шокана Валиханова. Мои политические взгляды абсолютно идентичны им. Только вот им возводят памятники, именуют улицы и школы, а меня изолировали от общества. Держат в тюрьме. Судят. Парадокс)» дейді ол. Иә, қазақта Абайдай ақын, Шоқандай ғалым болғысы келгендер көп шығар. Бірақ, олар Тайчибеков сияқты туған елінің тәуелсіз саясатына қарсы сөз айтыпты деп естіген де, көрген де емеспіз.
Саясат бөлімі.