Қыс - қатты, соғым - тәтті
Қыс - қатты, соғым - тәтті
Ет дегенде елең етпейтін қазақ жоқ. Ауа райын болжаушылар биыл қыс қатты болады дегенін естігелі тұрғындар алдымен соғымның жайын қамдай бастады. Қазанында ет асылмаса еңсесі түсетін қазақ үшін бұл – маңызды мәселе.
Мойынқұмдықтар килограмдап алған ет соғым болмайды дейді. Қысқа арнап жылқы, сиыр байлап соймайынша астың дәмі кірмейді деген пікірде олар. Денсаулықтың мықты болуы да дұрыс тамақтануға байланысты екенін айтады. Иә, қуатты ас адамның арқауы екеніне күмән жоқ. Соғым сою – қазақтың ертеден келе жатқан дәстүрінің бірі. Оған жылқы, түйе, сиыр сойылады. Сойылған малдың семіз әрі етінің дәмді болуы қалай байлауына байланысты. Соғым малын ертерек күтімге алатын ауыл жұртының мал байлау тәсілдері де әртүрлі. Мойынқұмдық Бауыржанның айтуынша, бордақыны қарашада сойған дұрыс екен. «Бұл уақытта мал семіріп, бағасы арзандайды. Сондықтан бұл айда мал сатқанша соғым қылып сойып алған дұрыс», – деді ол. Ал Нұржан есімді тұрғын: «Аталарымыз байланған мал бабына келгенше, қызылсырап қалмас үшін күн суыта күздік соғым сойған дейді. Күздік соғымға торпақ, тай, кәрі-құртаң мал сойылады. «Қараша – қауыс, кәрі-құртаңды тауыс» деп тегін мәтелдемеген», – деп соғым байлаудың өзіндік сырын ашты. Бақташы Айтбайдың пікірі басқаша. Ол соғымға жылқыны желтоқсан айының аяғында, қаңтар айының басында сою керек екенін айтады. Себебі, күн жылыда жылқы еті тез бұзылып кететін көрінеді. Ауылда байлаған малды жоңышқа, жүгері, қызылша, тіпті асқабақпен де жемдейтіндер бар. Малға асқабақ берсе, оның еті тәтті болады дейді ауыл қариялары. Соғым сойғанда еттен асап, көңілдері жасап қалатын қасапшылар қолы жүретін кез келгеніне қуанулы. Соғым соятын жігіттердің еңбекақысы да әртүрлі. Ертеректе мал соятын жігіттер «азапқа қарай арқа», «бейнетке қарай белдеме», «қолкесерге қабырға» деп өз қалаған жерінен ет кесіп әкететін болған. Мұны қазақта «соғым әзілі» деп атайды. Қазір бұл әзіл жүрмейді, әрине. Дегенмен, бұл дәстүрді бұзбай сақтап келе жатқан ауылдар бар әлі де. Нарықта ет бағасы жыл өткен сайын қымбаттай түсуде. Мал сатумен айналысатын ауыл тұрғыны Жарқынбек қазір мал базарда жылқы 250-300 мың теңгеден, сиыр 150-200 мыңға, тана 40-50 мыңға, қой 20-25 мың теңге аралығында сатылуда дейді. Бағасын келіссеңіз, соғымға мал алуға әлі кеш емес. Алдағы қыс қанша қатты болса да, соғымдарыңыз тәтті болсын!
Уалихан Жайлау, «Ақ жол».
Мойынқұм ауданы.