Ардагер атындағы турнир
Ардагер атындағы турнир
Облысымызда өңіріміздің өркендеуіне елеулі үлес қосқан қоғам қайраткері Сейілхан Аққозиев жайлы қанша айтсақ та артық емес. «Сәтті» мейрамханасының бильярд залында марқұмды еске алуға арналған ардагерлер арасында бильярдтан өткізілген турнирде азаматтың замандастары осылай деді.
Турнирге 12 ардагер қатысты. Бұл шараға марқұмның замандастарымен бірге қызмет істескен жолдастары да жиналды. «Марқұм Сейілхан Аққозиевпен қызметтес болып, қатар жүрдік. Ол кісі жұмыс үшін жаралған жан секілді көрінеді маған. Қайда болмасын жұмысты, халыққа қызмет етуді басты мақсат етіп қойды. Талай жауапты қызметтерде болып, биліктің биік тұтқасын ұстап, облыстың экономикалық дамуына, мәдениеттің өркендеп өсуіне зор үлесін қосқан беделді әрі абыройлы тұлға болғанын біздің ұрпақ жақсы біледі. Ол өзіне де, қарамағындағыларға да қатаң талап қоя білетін, әділ әрі кең ойлап, күрделі мәселелерді тура шешетін басшы ретінде танылды. Ең бастысы, талантты ұйымдастырушы, іскер басшы ретінде өзін көрсете білді. Ол туралы көп жазылды да, айтылды әрі айтыла бермек. Мәселен, менің «Жақсы адамдар шуағы» атты мемуарымның басты кейіпкерінің бірі Сейілхан болды», – деп облыстың Құрметті азаматы, ардагер журналист Баттал Жаңабаев замандасы туралы сыр шертті. Ал облыстың Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Жандар Кәрібаев Сейілхан Аққозиевтің адамгершілік қасиетіне айрықша тоқталды. Бильярдтың американдық пирамида түрі бойынша өткен жарыста жасы келсе де, қайраты мен қажыры, дәлдігі, бабы кетпеген ардагерлер топ-топқа бөлініп, өзара кім мықтыны анықтасты. Нәтижесінде, төртінші орын Саттар Жанәбіловке, үшінші орын Жандар Кәрібаевқа, екінші орын Әмірбек Дәуреновке бұйырды. Мергендігімен көзге түскен Шәріп Дәулетбаев чемпион атанды.
Наурызбек САРША, «Ақ жол».
Тараз қаласы.