Мәдениет

Өлкенің өткенінен сыр шертеді

Өлкенің өткенінен сыр шертеді

Байзақ аудандық музей өткені сырға толы өлкеміздің тарихынан жан-жақты хабар береді. Музейге кіреберіс археологиялық бөлімде жолға кілем төсеніш төселіп, қарсы қабырғада Байзақ датқа және Қосы батырлардың майлы бояумен жасалған бейнесі көрініс тапқан. Жоғары жағында Ұлы Жібек жолының панорамасы көздің жауын алады. Осы бөлімдегі арнайы орынға Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақ хандығының 550 жылдығына стенд жасалып, түрлі суреттер ілінген. Музейдің «Даңқ» бөлімінде Ұлы Жеңістің 70 жылдығына жоғары қабырғасына қазіргі таңда көзі тірі 11 соғыс ардагерінің саны жазылған баннер де тарихтан сыр төгеді. Музейдің ішінде біраз жәдігерлер жиналғаны өз алдына, әрбірі тарихи тағылым шертеді. Көрер көзге жинақылық байқалады. Ауданның Құрметті азаматтары мен еңбек ардагерлері музейге арнайы келіп, ежелгі құнды жәдігерлерді көріп өздерінің жақсы лебіздерін білдіруде. Сондай-ақ, аудан мектептерінің мұғалімдері мен оқушылары да музейге үзбей келіп ежелгі құнды тарихи жәдігерлерді көріп тамашалауда. Ауданымызға алыс, жақын елдерден қонақтар жиі бас сұғады. Соның бірі Түймекент ауылының тумасы, жерлесіміз Россияның Ленинград облысының губернаторы Дрозденко Александр Юрьевич әкесімен және өз отбасымен музейге 2014 жылы мамыр айында Жамбыл жеріне арнайы атбасын бұрғанда аудандық музейге де соғыпты. Сол кезде Александр Дрозденко осында жәдігер болып тұрған қорғасынан жасалған ләңгіні көріп, өзі балалық шағында ойнағандығын еске алып, қызығушылық танытыпты. Сондай-ақ, губернатор музей қызметкерлеріне жақсы лебізін білдіріп, қолтаңбасын қалдырған. Басқа да келушілердің музей жұмысына көңілдері толғанын талай көріп жүрміз. Себебі, біздің музейде ауданы­мыздың барлық тарихы, өрлеу жолы сайрап тұр.

Сейтхан Жаманғараев, ауданның Құрметті азаматы.

Байзақ ауданы.