Тағдырдың сынағына сынбаған
Тағдырдың сынағына сынбаған
Кейде тағдырдың қатал сынағына сынбаған, қиындыққа мойымайтын жандарға қарап, жігерленесің. Мүмкіндігі шектеулі болғанымен, олардың мұқалмас ерік-жігері, күш-қайраты бар. Сондай жанның бірі – меркілік Амангелді Сәрсенбаев. Қаймағы бұзылмаған ауылда туып-өскен Амангелді Сәрсенбаевтың өмір жолы өзі қатарлы жастар секілді ретімен өрбіп жатты. 1980 жылы Ақтоған ауылындағы Тілеміс батыр атындағы орта мектепті бітіреді. Қордай ауданындағы техникумға оқуға түсіп, мал дәрігері мамандығын алады. Еңбек жолы да туған ауылында басталады. Бірақ... Оны алда тағдырдың тосын сыйы күтіп тұр еді. 1990 жылы қос жанарынан айырылған ол І топтағы мүгедектер қатарына қосылып, амалсыз үйде отырып қалады. Алайда, бұл қиындық Амангелді Сәрсенбаевты мойыта алмаған еді. Амангелді Сәрсенбаев мектепте оқып жүргенінде ішкі сырын ақ қағазға ақтарып, өлең жазатын. Қауырсын қаламынан туған тырнақалды туындысының бірі – «Келді көктемі» Фариза Оңғарсынова басқаратын республикалық «Қазақстан пионері» газетінде жарық көрген. Жанары суалып, лажсыздан адымы қысқарғанда ол қаламымен қайта достасты. 2013 жылы аудандық «Меркі тынысы» газетіне оның «Туған елім», «Мерейлі Меркі – мекенім» атты жырлары, «Балалар әлемі» журналына «Асыл мұра», «Балаларға базарлық» атты өлеңдері жарияланады. Жаны таза жанды 2010 жылы «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» атты өңірлік байқауда жеңімпаз атанғаны қайта шабыттандырған болуы керек. Осыдан кейін Амангелді Сәрсенбаев ақ параққа сыр ақтаратын сәттері көбейе түсті. 2013 жылы облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының шығармашылық орталығы мен облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы ұйымдастырған «Мен әлемді жүрегіммен сеземін» фестивалінде жеңіске жетеді. Бұл жеңісі оның табысты шығармашылығының сәтті жалғасы болды. 2014 жылы облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының 45 жылдығына орай өткізілген «Үміт қанатында» атты фестивальда «Жүректен шыққан жырларым» өлеңін оқып, тағы да биіктен көрінеді. Айтулы жарыста ол тек қана ақындығымен ғана емес, сазгерлік қырымен де танылды. Амангелді Сәрсенбаев 2011 жылдан бері Меркі ауданындағы қазақ соқырлар қоғамының төрағасы қызметін атқаруда. Сөйтіп, тағдырлас жандардың қамқоршысына айналды. Тағдырдың сынағына сынбаған азаматтың қаламынан туған отты жырлар өз оқырмандарын табуда.
Әлия Елтүзерова, облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының әдіскері.
Меркі ауданы.