Ердоған Су-24М ұшағына қатысты оқиғаны талқылау үшін Назарбаевқа хабарласты
Ердоған Су-24М ұшағына қатысты оқиғаны талқылау үшін Назарбаевқа хабарласты
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркия президенті Режеп Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесті деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Телефон арқылы сөйлесуге түрік жағы бастамашылық етті.
Мемлекеттер басшылары екіжақты қарым-қатынастардың ахуалы мен келешегін, сондай-ақ бірқатар өңірлік және халықаралық өзекті мәселелерді талқылады.
Тараптар Сириядағы дағдарысты жағдай мен ресейлік Су-24М ұшағына қатысты оқиға төңірегінде пікір алмасты.
Қазақстан президенті болған оқиғаға байланысты өкініш білдіріп, ресей-түркия қарым-қатынасының нашарлауына алаңдаушылығын жеткізді. Мемлекет басшысы бұл байланыстар ұзақ жылдар бойы қалыптасқандықтан, тараптар оны сақтап қалу үшін жауапкершілік танытуы қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты оқиғаны анықтап, қалыптасқан жағдайдан шығу үшін екіжақты комиссия құру ұсынылды.
Режеп Ердоған өз кезегінде Ресей президенті Владимир Путинмен таяу арада кездесуге дайын екенін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев жағдайды ушықтырмау үшін тараптар мүмкін болатын барлық шараны пайдаланатынына үміт білдірді.