Лавров: Ресей Түркияға соғыс ашпайды
Лавров: Ресей Түркияға соғыс ашпайды
Мәскеу Су-24-пен болған жайт үшін Анкараның кешірім сұрауын күтіп отыр. Әзірге Ресей мен Түркия арасында жоғары деңгейде талқылаулар болған жоқ, алайда жақын арада Ресей президенті Владимир Путинге Түркиямен алдағы қарым-қатынастары жайында ұсыныстар келіп түседі.
Ресейлік бомбалаушы Су-24-ті түркиялық F-16 жойғышы құлатып түсіргеннен кейін Кремль Түркиямен жоғары деңгейде талқылаулар жүргізілмегенін мәлімдеді. Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров сәрсенбі күні телефон арқылы түркиялық әріптесі Мевлют Чавушоглумен сөйлесіп, бірнеше рет кездесуге шақыртуын кері қайтарды деп хабарлайды РИА Новости.
Мәскеу Анкарадан әскери ұшақ құлатылғаны үшін ресми кешірім күтіп отырғанын ашық байқатты. Дегенмен ресейлік елшіні Түркиядан кері қайтару туралы да әңгіме көтерілмеді. Ал жақын арада Ресей СІМ-і Түркияға алдағы қарым-қатынастарына қатысты ұсыныстар жолдайтын болады.
Сейсенбі күні ресейлік ұшақты түркиялықтардың құлатуын Ресей президенті Владимир Путин “ту сыртынан пышақ сұғу” деп қабылдады.
Мәскеу кешірім сұрауды күтуде
“Ол (екі ел арасындағы диалог) қазір ешқандай көрініс таппауда, ол мүлдем жоқ. Жоғары деңгейдегі талқылаулар болған емес”, – дейді Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмиртий Песков.
Ал Ресейдің ФК спикері Валентина Матвиенко болса, ресейлік тарап Түркияның кешірім сұрағанын күтуде екенін алға тартты.
“Біз Түркияның кешірім сұрауын күтіп отырмыз. Олар өз істерінің заңсыз екенін мойындап, Ресейге келтірген нұқсанды өтеулері тиіс және қаза болған офицерлердің жақындарына да нұқсанды өтеуі қажет”, – деп мәлімдеді ол.
Матвиенко болған жайт екі елдің қарым-қатынасына қатты әсер ететінін айтты.
“Қылмыс жазасыз қалмайды, бұл Түркиямен ара-қатынасымызға әсер ететіні сөзсіз”, – дейді Матвиенко.
Ал ресейлік СІМ басшысы Сергей Лавров болса, Түркияға бару жоспарларында жоқтығын жасырмады.
“Біз Түркияға баруды немесе оларды өз елімізде қабылдауды еш жоспарлап отырған жоқпыз”, – деді ол.