Есірткі саудагерлеріне аяушылық жоқ
Есірткі саудагерлеріне аяушылық жоқ
Қазақстанда есірткі бизнесіне қатысты заң барынша күшейтілген. Әйтсе де қылмыстың осы түрімен айналысатын адамдардың саны бұл күнде азайды дей алмаймыз.
Себебі, базбіреулер үшін есірткі саудасы әлі де қас пен көздің арасында қомақты қаражатқа кенелтіп, мол пайдаға батыратын табыс көзіне айналып отыр. Сондықтан, заңға қайшы болса да, оңай олжа табудың осы түрі қылмыстық топтар арасында тоқтаған жоқ. Тіпті, мұндай мол қаржыдан заң адамдарының өзі де бас тарта алмай қалатын сәттері де кездесетіні жасырын емес. Ондай жағдайда ол қызметкер де заң тарапынан қатаң жазаланады. Есірткі саудалайтын орындарды жасырып, қылмыскерлердің өз ойын жүзеге асыруына, көпе-көрінеу олардың есірткі саудасымен айналысуына жол беру – есірткіге тәуелділер санының көбеюіне әкеліп соғатынын ескерсек, бұл – өте ауыр қылмыс. Есірткіні қолданған адамдардың бәрі оған психикалық және физикалық тұрғыда тәуелді болады. Сондықтан, адам санасын улап, көңіл күйін, мінезін, қоршаған ортаны қабылдауын, жүріс-тұрысын өзгертетін заттарды қолдануға заң арқылы қатаң тыйым салынған. Негізі есірткі заттарының арнайы тізімі болады. Осы заттарды заңсыз түрде сақтап, қолданған немесе сатқан адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Осындай есірткіге тәуелді болып, қылмыс әлеміне бой алдырғандар жөнінде бір мысал келтірсек, жуырда аудандық сот төрағасы Б.Серғазиев есірткіге есі кеткен С.Абдранбековтің ісін қарады. Қылмыстық іс ауданға қарасты Күйік асуында орын алған. Асудың оңтүстік бөктерінен ірі көлемде қурай жапырақтарын жинап, оны танысы Е.Сауранбаевтың жүргізуіндегі 241 АНА 04 сериялы «Тойота-Камри» автокөлігінің жүк салғыш қорабына спорттық сөмкеге салып жасырған. Сол күні кешкі сағат 18.30 шамасында облыстық ІІД-нің жол полиция қызметкерлері Е.Сауранбаевтың жүргізуіндегі көлікті тоқтатады. Тексеру барысында көліктің жүк салғыш қорабындағы спорттық сөмкеден 2 дана полиэтилен пакетке оралған және автокөліктің салоны ішіндегі жолаушы орындығы үстінен 1 дана газет қағазына оралған өсімдік тәріздес өткір иісті заттар табылады. Ал жолаушы С.Абдранбеков қашып кетеді. Іс бойынша сот сараптама институты жүргізген сараптама қорытындысында Е.Сауранбаевтың жүргізуіндегі автокөлік ішінен тауып алынған өсімдік тәрізді заттардың жалпы салмағы 970,250 грамм кептірілген марихуана екендігі белгілі болды. Ал автокөліктен табылған есірткі зат күдікті С.Абдранбековке тиесілі екендігі анықталған. Сотталушы С.Абдранбеков ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 3-бөлігінде көрсетілгендей, қылмыстық іс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 198 мың 200 теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ, сотталушы С.Абдранбековтен мемлекет пайдасына 8 мың 586 теңге 37 тиын процестік шығын өндіріледі. Заттай дәлелдеме ретінде танылған есірткі заты жалпы салмағы 996,750 грамм кептірілген марихуана үкім күшіне енгеннен кейін жойылды. Есірткіге есі кетіп, баюды мақсат еткен қылмыскер жазасын алды. Осы іс өзгелерге сабақ болса деймін.
Эльдар БАЙМЕШОВ, аудандық прокуратураның аға прокуроры.
Жамбыл ауданы.