Экономика

Жұмыссыздар саны азайып келеді

Жұмыссыздар саны азайып келеді

Елімізде былтырғы жылдың 1 шілдесінен бастап «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бұл жобаның басты мақсаты – жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтуға жәрдемдесу арқылы халықтың табысын арттыру. Жалпы, аталған бағдарламаны іске асыру бірінші кезекте оқытуға, жұмысқа орналастыруға, тұрғылықты жері бойынша өзінің жеке ісін ашуды ұйымдастыруға, ал мұндай мүмкіндіктер болмаған жағдайда, экономикалық өсу орталықтарына өз еркімен көшуіне жәрдемдесуге бағытталған.

Бүгінде осынау бағдарлама аясында «екі қолға бір күрек« тапқан қазақстандықтардың қатары әжептәуір артты. Бұл ретте Меркі аудандық жұмыспен қамту орталығы үш бағытта жұмыс жүргізеді. Мәселен, бірінші бағыт - инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету. Осы бағыт бойынша өткен жылы аудандағы 6 нысанға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған болатын. Айталық, «Жұлдыз» балалар лагері, Ақтоған ауылының Мәдениет үйі, аудандық орталық кітапхана ғимараты, А.Асқаров атындағы орталық стадион, Сарымолдаев ауылдық округіндегі балабақша және В.Савва атындағы мектеп-интернатының жылыту қазандықтарына күрделі жөндеу жүргізу көзделген. Оған жалпы сомасы 545 миллион 500 мың теңге көлемінде қаржы бөлінді. Бүгінгі таңда бөлінген қаражат толығымен игеріліп, барлық нысандар бойынша жөндеу жұмыстары аяқталды. Ашылған уақытша жұмыс орындарының саны 239-ды құрады. Осы орайда, жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен 120 адам «екі қолға бір күрек» ұстап, жұмыспен қамтылғанын тілге тиек еткеніміз жөн. Енді екінші бағыт жөнінде тарқатып айтсақ. Бұл бағыттың мақсаты – ауылды жерлерде кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру және тірек ауылдарды дамыту болып табылады. Осы орайда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» ақционерлік қоғамы облыстық филиалы арқылы 89 азамат жалпы сомасы 192 миллион теңге көлемінде несие алып, өз ісін дөңгелетіп отыр. Одан бөлек 6 кәсіпкер қосымша қаржыландыру бойынша 11 миллион 700 мың теңге көлемінде несие алып, кәсіпкерлігін ұлғайту үстінде. Ал үшінші бағыт – жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу. Бұл бағытта жыл басынан бері әлеуметтік жұмыс орындарына 12 мекемемен келісімшарт жасалынып, 86 адам жолдамамен жіберілген болатын. Қазіргі таңда келісімшарттың мерзімі аяқталған 74 азамат тұрақты жұмыс орнына орналасты. Одан бөлек, «Жастар тәжірибесі» бойынша 48 келісімшарт жасалынып, 96 адам тиісті мекемелерге жолдамамен жіберілді. Ал қайта даярлау оқу курстарынан 15 адам өтіп, барлығы тұрақты жұмысқа тұрды. Сонымен қатар, біліктілігін арттыру курстарынан өткен 10 адамның да тиісті сертификаттарын алып, тұрақты жұмысқа орналасқанын айта кетейік. Осы орайда ерекше атап өтерлігі, мемлекеттік қолдау көрсету шараларынан бөлек, жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен де 924 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Осы жұмыстар өз жалғасын таба берсе, болашақта елімізде жұмыссыздар саны сирейді деген сенімдемін.

Шорман Әбілқасымов, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы.

Меркі ауданы.