Саясат

Аймақтық семинарда салмақты мәселелер сөз болды

Аймақтық семинарда салмақты мәселелер сөз болды

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында бағдарламалық құжаттарды іске асырудың партиялық мониторингі және халықпен жұмыс мәселелерін талқыланған семинар-кеңес өтті. Семинарға «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының әр департаментінің өкілдері, бейнебайланыс арқылы Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары мен аумақтық филиалдарының басшылары, қызметкерлері, депутаттық фракцияның мүшелері, сонымен қатар, үздік бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері мен «Жас Отан» белсенділері қатысты. 

Семинарда «Партияның аймақтық филиалдарының және бастауыш партия ұйымдары қызметінің тиімділігін арттыру құралдары: партия актілеріндегі өзгерістер мен толықтырулар», «Мемлекеттік, салалық және аймақтық бағдарламаларды, сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясының сайлауалды тұғырнамасын іске асыру барысындағы бақылау және партиялық мониторинг», «Аймақтағы партиялық ұйымдардың идеологиялық жұмыстарының негізгі бағыттары», «Заң жобалау қызметінің негізін жетілдіру», «Жергілікті орындарда партиялық тәртіп пен сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы іс-қимыл бойынша қоғамдық бақылау құралдарын жетілдіру мәселелері», «Партияның жаңа медиалық саясатының негізгі бағыттары» сынды бірқатар тақырыптар кеңінен талқыланды. Партия төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі Берік Уәлиұлы партияның жаңа бағыттағы жұмыстары мен медиа саясаты аясында атқарылатын жұмыстарды баяндады. Өңірлермен болған байланыста «Нұр Отан» партиясының облыстық мәслихатындағы депутаттық фракцияның мүшесі Бақтияр Алдашов депутаттық фракция жанынан құрылған комиссияның «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша бөлінген қаржының игерілуіне қатаң бақылау жасау күннен-күнге күшейіп келе жатқандығын және партияның рөлін айтып өтті. Сондай-ақ, семинар-кеңесте «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша Парламент мәжілісіндегі депутаттық фракция қызметін жетілдіру, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы мен «МИРАС» қоғамдық кеңесімен бірлесе аймақтардағы қоғамдық-саяси оқиғаларға талдау жүргізу, партия аймақтық филиалдарының жаңа нормативтік-құқықтық база бойынша жұмысын ұйымдастыру мәселелері түсіндірілді. Семинар соңында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Масат Берік және «Жамбыл облысының кәсіподақ орталығы» кәсіподақтардың аймақтық бірлестігінің төрайымы Бақыт Сапарбаева әріптестік және өзара әрекеттестік туралы меморандумға қол қойды. Меморандумға сәйкес, партия мен кәсіподақ ұйымы арасындағы байланыс күшейіп, Елбасының тапсырмалары мен мемлекеттік бағдарламаларды орындау үшін бірлесе жұмыс атқаратын болады.

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».