Депутаттар Ұлттық банк төрағасынан теңгелік депозиттің пайызын Ресеймен теңестіруді сұрады
Депутаттар Ұлттық банк төрағасынан теңгелік депозиттің пайызын Ресеймен теңестіруді сұрады
Депутаттар Ұлттық банк төрағасынан теңгелік депозиттің пайызын Ресеймен теңестіруді сұрады деп хабарлайды КТК арнасы.
Өйткені, көршілеріміз рубль құнсызданғанда банктердегі депозиттік ставканы 15-20 пайызға дейін көтерген екен.
“Біз енді теңгені еркін айналымға жібердік, сондықтан депозиттік ставкаларды еркін айналымға, доллардан құтылу үшін 16-18 пайызға жеткізуге мүмкіндік бар ма?”, – дейді сенат депутаты Мұрат Бахтиярұлы.
Ақышев депутаттардың қолын қайтармады. Егер инфляция өссе, теңгемен салынған депозиттің де пайызын арттырмақ.
“Біз бұл мәселені банктердің қаржылық жағдайына және инфляция көлеміне байланысты қарастырайық. Қазір елімізде инфляция 9,4 пайыз. Ал депозиттің ставкасы 10 пайыз. Яғни, макроэкономикалық көрсеткіштерге сәйкес”, – дейді Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев.
Сенаторлардың Ауыл шаруашылығы министрлігіне де көңілі толмайды екен. Бөлінген қыруар қаржы құмға сіңген судай жоқ болады. Шенеуніктер әр тиынды тиімді игердік деп есеп бергенімен нәтиже жоқ деп бас агрономды сынады.
“Ауылды қолдаудың бірінші жылында 100 миллиард теңге бөлінген еді. Бірақ нәтиже жоқ. 2004-2010 жылдар арасында бидай экспортын 32 миллион тоннаға жеткізу туралы мақсатқа да қол жетпеді”, – дейді сенат депутаты Дулат Құсдәулетов.
Осылай ашуға енді міне бастаған депутаттарды Кәрім Мәсімовтің өзі райынан қайтарды. Премьер егер нақтыланған бюджетті қолдап, тезірек Ақордаға жіберсеңіздер, үкімет дағдарысқа қарсы жойқын бағдарламаны қабылдайды деді.
“Қаралып жатқан бюджетті бекітсеңіздер, алдағы үш жылға арналған дағдарысқа қарсы бағдарламаны қабылдаймыз. 2014-2015-2016 жылдарға бағытталған бағдарламаларды топтастырамыз. Екіншісі, жұмыспен қамту бағдарламасы”, – деді премьер-министр Кәрім Мәсімов.
Бұны естіген сенаторлар бюджетті бірден бекітіп берді. Тіпті депутаттар алдарындағы құжатты толық қарамаған да сынды. Заңға дауыс берген халық қалаулыларының арасында келесі жылғы бюджеттің қанша теңгеге қысқарғанын білмейтіндер де бар екен.
Дағдарысқа байланысты, кейбір мемлекеттік шығындар қысқартылып, келер жылғы бюджет 850 миллиардтан астам теңгеге үнемделген болатын. Жаңадан салынатын нысандардың құрылысы тоқтатылады және кейбір мемлекеттік бағдарламалар да кейінге қалдырылмақ. Ал әлеуметтік төлемдер мен жалақыға керісінше, жаңа жылға қаржы көп бөлінбек. Сенат бекіткен үшжылдық бюджет енді президенттің қол қоюына жіберілді.