Денсаулық

Елімізде ипотекалық несие беру азайтылмақ

Елімізде ипотекалық несие беру азайтылмақ

Елімізде ипотекалық несие беру азайтылмақ

Бұдан былай елімізде ипотекалық несиелер беру біраз азайтылуы мүмкін. Себебі, екінші деңгейлі банктерде қайтарылмай жүрген ипотекалық несиелер көлемі артып кеткен. Осыған орай Қайрат Келімбетов қатерлі депозиттерді азайта алмай отырған банктерге қатаң шара қолданғалы отыр. Алдағы екі жылда борышкерлердің санын азайта алмаса қаржылық институттар тіпті лицензияларынан да айырылуы мүмкін. Ұлттық банк төрағасы екінші деңгейлі банктер проблемалық кредиттердің көлемін азайтпаса, оларды қатаң жазалмақшы. Себебі, қазақстандық қаржылық институттарда қатерлі депозиттер көлемі артып кеткен. Қатерлі депозит дегеніміз бұл - ипотекалық несиелердің үш айдан артық төленбеуі. Осыдан кейін банк кепілдегі жылжымайтын мүлікті сатуға қояды. "Қайтарылмай отырған несиелердің көрсеткішін 2016 жылдың 1 қаңтарында дейін 10 пайыз деңгейінде ұстап тұруды жоспарлап отырмыз. Егер банктер қойылған талапты орындамаса, біз лицензияларын қайтарып алуға дейін барамыз", - деді Ұлттық банк төрағасы.

Екінші деңгейлі банк басшылары да қатерлі депозиттердің болып тұратынын жақсы біледі. Солардың бірінде ипотеканы алып, төлей алмай қалған борышкерлердің саны сегіз пайызды құрап отыр.

Баспана - банк үшін негізгі өнім болса, мыңдаған, тіпті миллиондаған тұрғын үшін қол жетпес арман. Мұны бас қалаға алты жыл бұрын көшіп келген Бижановтар отбасы да жақсы түсінеді. "Төрт баламен әркімнің босағасында жүруден әбден қажыдық", - дейді олар. Ал есепшот ашып, ақша жинайын десе, тапқан-таянғандары тамақтарынан артылар емес. "80 000 пәтер жалдауға кетсе, 40-45 000 тамаққа, садигіміз бар. Айлығымыз соған кетеді. Жинауға мүмкіндік жоқ", - дейді тұрғындардың бірі Динара Бижанова. Дегенмен, қолбайлау болып отырған тағы бір кедергі бар. Ол әрине ырыққа бағынбай бара жатқан баға. Ал бағаны аспандатып тұрған шетелден тасымалданатын құрылыс материалдары.

Тәуелсіз институттар жүргізген зерттеу нәтижесіне қарағанда, бүгінде әрбір оныншы қазақстандықтың тоғызы пәтер жалдап тұрады екен. Әрине, бұл мақтанарлық көрсеткіш емес.

Есесіне елімізде жыл сайын 6 млн шаршы метр тұрғын-үй салынады. Бірақ сонда да тұрғын үйге деген тапшылық жойылар емес. Экономист Жангелді Шымшықов "қарапайым халықтың қолын жеке баспанаға жеткізудің бірден-бір амалы - пәтерді жалға берушілерді салық төлеуге міндеттеу қажет", - дейді. "Есепке алынбай келе жатқан көлеңкелі экономиканың бірі - пәтерді жалға беру. Егер барлық артық пәтерлерді есепке алса, қатаң тексеріс жүргізсе, оларға белгілі деңгейде салық салатын болса, бұл пәтерақы бағасын да, тұрғын үй бағасын да төмендетуі мүмкін", - дейді экономист Жангелді Шымшықов. Ал отандық сарапшылар ипотекалық несие арқылы баспанаға қол жеткізу үшін қандай тәуекелге бару қажеттігін салыстырмалы түрде есептеп қойыпты. Сондай зертеудің біріне сенсек, орташа тұрмыстағы Алматы тұрғыны үй алу үшін жалақысының 98 пайызын, Астана тұрғыны 92 пайызын ипотекаға жұмсауы керек екен. Ал, шет елде басқаша. Нью-Йорк азаматы жалақысының - 18, Берлин жұрты - 16, Лос-Анжелес тұрғыны жалақысының 13 пайызын ипотекаға жаратады екен. Келімбетовтің ескертуінен кейін екінші деңгейлі банктерге тықыр таянды. Лицензияларынан айырылып қалмас үшін енді олардың кім болса соған несие бере қоюы екіталай. Мұнымен қоса, Ұлттық банктің 1-сәуірден бастап күшіне енген жаңа қаулысына сәйкес, борышкердің ай сайын несиеге төлейтін ақысы жалақысының 50 пайызынан аспауы тиіс.