Экономика

Есептегіш құралдары жоқ үйлер әлі де бар

Есептегіш құралдары жоқ үйлер әлі де бар

Отын-энергетика ресурстарын үнемдеу бүгінгі күнде барлық салаларда өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Энергия үнемдеу саясатындағы басты мәселелердің бірі – отын-энергетика ресурстары шығындарын бақылау мен есептеу құралдарын орнатуды ұйымдастыру. Аталмыш есептеу және бақылау құралдарынсыз келесі сатыға, яғни шығындарды азайту кезеңіне өту мүмкін емес. Дегенмен, сол үшін мемлекет әрбір пәтерде қанша жылу нақты жұмсалатынын анықтай алатын есептеу аспаптарын бірлесіп енгізуді қолға алып отыр. Бүгінде, сол арқылы тұтынушы нақты тұтынған реттеліп көрсетілетін коммуналдық қызметтер үшін ақыны есепке алу аспаптарының көрсеткіштері немесе тұтыну нормалары бойынша төлеуге мүмкіндік туып отыр. Ал тұтыну нормалары бойынша төлесе, пайдаланбаған қызметтер үшін шығындалады.

Бүгінде облыс бойынша тұрғын үйлер ортақ жылу энергиясын есептеу аспаптарымен 67,5 пайызға жабдықталған. Ал жалпы қажеттілік 1309 дананы құрайды екен. Орнатылған есептеу аспаптарының саны – 883 дана. Оның ішінде Тараз қаласы бойынша қажеттілік – 1172-ні құраса, 746 тұтынушының сұранысы өтелген. Яғни, есептегіш құралдары жоқ үйлер әлі де бар. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті облыс бойынша департаментінің мамандары талдау жүргізіп, жылу энергиясын есептеу аспабы орнатылған жағдайда тұтынушы үшін жылу энергиясының құны орта есеппен алғанда 25 пайызға төмендейтіндігін анықтаған. Есептеу аспабын орнатудан берілетін үнемдеу нәтижесі тұтас алғанда 10-нан 50 пайызға дейінгі аралықта. Бірақ, өкінішке қарай, көптеген тұтынушылар үйге ортақ жылу энергиясын есепке алу аспаптарының үнемдеу тиімділігін түсінбестен, оны орнатудан бас тартады. Осыған байланысты тұтынушылар реттеліп көрсетілетін коммуналдық қызметтерді есепке алу аспаптарын орнату мәселесін жан-жақты қарастыруы қажет. Себебі, тұтынушылар есептеу аспаптарын сатып алу және орнату жұмыстарын жүзеге асыра отырып, еліміздің экономикасының бұдан әрі өсуіне бағытталған энергия үнемдеу жөніндегі республикалық бағдарламаны орындайды.

Наурызбек САРША, «Ақ жол».