Саясат

Жаңа кодекстің жаңалығы қандай?

Жаңа кодекстің жаңалығы қандай?

ол қазақстандық құқықтық тәжірибені әлемдік стандарттармен теңестіреді

Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарындағы сот ісін жетілдіруге қатысты тапсырмаларына сәйкес Азаматтық процестік кодексі әзірленген болатын. Мемлекет басшысы бұл құжатқа қазан айының соңында жариялы түрде қол қойды.

Кодекс мемлекетіміздің құқықтық кеңістігін түбегейлі жақсартуға арналған. Бұл құжат бес институттық реформадағы көзделген осы мәселелер кешенді шаралардың жүзеге асырылуына мүмкіндік береді. Осыған орай облыстық соттың мәжіліс залында «Жаңа басылымдағы Азаматтық процестік кодексті ұлт жоспары аясында тәжірибелік іске асыру» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Жиын барысында облыс­тық соттың судьялары Гүлнар Сыздықова, Динара Нұрлыбаева, Дінмұхамед Әзіретқұлов, Тараз қалалық сотының судьясы Жанна Абаева, облыстық сот кеңсесінің басшысы Әбдіжами Құлдүйсенов аталған жаңа кодекстің мән-маңызын түсіндірді. Олардың айтуынша, Жоғары сот әзірлеген Азаматтық процестік кодекске шетелдің заңнамалары зерделеніп, жекелеген нормалары назарға алына отырып, өзгерістер енгізілген. «Кодекстің негізгі мақсаты – азаматтардың, заңды тұлғалардың конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сотта тиімді қорғау, дауларды қарау мен шешудің жеделдігін арттыру, сот актілерінің сапасын қамтамасыз ету», – дейді судьялар. Жиында сондай-ақ, мамандар істі сот талқылауына дайындау, дауларды реттеудің баламалы тәсілдері, татуластыру рәсімдері, жеңілдетілген іс, сот талқылауы, апелляциялық және кассациялық саты туралы кеңінен түсінік берді. – Ұлт жоспарының 16-қадамын іске асыру мақсатында азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот төрелігі жүйесін үш сатылы жүйеге көшіру көзделген. Үш буынды сот жүйесінің бірінші сатысы – аудандық, қалалық соттар. Екінші апелляциялық саты – облыстық сот, ал кассациялық саты – Жоғарғы Сот. Апелляциялық саты – сот актілерін толық көлемде қайта қарауды жүзеге асырады. Бірінші сатыдағы соттың жіберген ағаттықтарын толықтырады. Кассациялық сатыдағы сот актілерін құқық бойынша тексеру жүзеге асырылып, кассациялық өтініш хат беру мерзімі алты айға дейін қысқартылған. Құжатта 23-қадамды іске асыру үшін инвестициялық дауларды бірінші сатыдағы соттың ережелері бойынша Астана қалалық сотының, ірі инвесторлардың қатысуымен инвестициялық дауларды Жоғарғы Соттың мамандандырылған алқасының қарауы көзделген. Сонымен қатар, 26-қадамда көрсетілген азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі сот істерін қарауға прокурордың қатысуын қысқарту мәселесі де осы кодекс шеңберінде іске асырылады. Сондай-ақ, 20-қадамдағы міндетті Жоғарғы Сот электронды сот төрелігін дамыту арқылы орындамақ, – деді Д.Әзіретқұлов. Жаңа кодекс заң үстемдігін қамтамасыз етуге зор үлес қосатынына сенім мол. Заң күшіне енгенде барлық заманауи негізгі институттар сақталып қана қоймай, қазақстандық құқықтық тәжірибені әлемдік озық стандарттарға жеткізетін өзгерістер орын алады деп күтілуде.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».