Әлеумет

Сенім телефоны сенімді ме?

Сенім телефоны сенімді ме?

Сенім телефонына азаматтар тығырыққа тірелгенде, жеке басына қатысты мәселе бойынша немесе құқығы тапталып, тиісті орындардың көмегіне жүгінуді құп көргенде, не болмаса, сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша хабарласады. Сондай-ақ, күйзеліске ұшыраған адамдар рухани қолдау, психологиялық көмекке мұқтаж болғандықтан қоңырау шалуы мүмкін. Себебі, сенім телефонына хабарласқандарға психологиялық, медициналық, педагогикалық, құқықтық және ақпараттық көмек көрсетілуі тиіс. Әлеуметтік қызметтің бір түрі саналатын осы сенім телефондары ел қажетін қаншалықты өтеуде? Осы сауалдың жауабын іздеп, біз облысымызда сенім телефоны орнатылған мемлекеттік органдар, мемлекеттік мекемелер мен үкіметтік емес ұйымдар ішінен «Нұр Отан» партиясының облыстағы филиалына хабарласқан едік. 

Қаңтар-қазан айы аралығында партияның облыстық және аумақтық филиалдарына түскен 4546 өтініштің 894-і облыстық филиалға тиесілі екен. «Электрондық партия» жүйесіне тіркелген аталмыш өтініштердің 30 пайызынан астамы оң шешімін тауыпты. Мәселен, еңбекақысын өндіру бойынша «Дос-Нар», «Дәмдес» сауда үйлері қызметкерлерінің өтініштері қаралып, шешімін тапқан. Байзақ, Қордай, Меркі аудандық филиалдарында да телефонмен жазылып алынған осындай мәселелер оң шешілген. Тіпті, тұрғын үй-коммуналдық мәселелер бойынша да түскен өтініштердің (үлесі 12.7 пайыз) басым бөлігі телефон арқылы көтерілген екен. «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің облыстағы филиалы ғимаратының жылу жүйелері 40 жыл бойы жөндеу көрмегенін, соның салдарынан су атқылап, Брайль әдісімен жазылған соқырларға арналған кітап қорының бұзылғаны жөнінде шағым түскен соң, жылу жүйесі жаңғыртылыпты. Зағиптар да көтерілген мәселенің бір қоңырау шалумен шешілгеніне дән риза. Негізінен сенім телефоны немесе басқа да келіп түсетін өтініштердегі басым мәселелер азаматтардың әлеуметтік қамсыздандырылуы, жұмыспен қамту және (оның ішінде жұмысқа орналасу, еңбекақысын өндіру), денсаулық сақтау, білім және ғылым саласына қатысты», – дейді «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімшесінің меңгерушісі Бақыт Төлемісова. «Сенім телефоны» – азаматтардың мемлекеттік органдар және мемлекеттік мекеме, ұйымдармен байланысу түрі. Нақтырақ айтсақ, мемлекеттік мекеменің қызметін жетілдіру, тексеру комиссиясының лауазымды тұлғалары тарапынан сыбайлас жемқорлық фактілеріне, мүдделер қақтығысы барысында туындаған жағдайларға жедел ден қою үшін, сондай-ақ, азаматтардың, ұйымдардың, бақылау нысандарының құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ету үшін құрылған. Мұндай байланыс денсаулық саласында да қамтамасыз етілген. Облыстық ауруханада 97-04-98 пациенттерге қолдау көрсету қызметі мен облыстық аймақтық СаІІ-орталығы қызметінің 555-160 телефоны орналасқан. Көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын жетілдіру және арттыру мақсатында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің 58-бабына сәйкес пациенттерге қолдау көрсету қызметі және ішкі бақылау құрылған.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».