Экономика

Халықаралық көрме халқымызды танытады, туризмді дамытады

Халықаралық көрме халқымызды танытады, туризмді дамытады

Елордамыз Астана қаласында өтетін халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесінен халықтың күтері көп. Жасыл экономиканы басты бағдар еткен бұл шара еліміздің әлем алдындағы беделін көтеріп, абыройын асқақтатумен қатар, ішкі экономика мен туризм саласына келтірер пайдасы көп екенін айтады мамандар. Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстандағы туризмді дамыту мүмкіндіктері туралы арнайы брифинг өткізіліп, онда осы мәселе кеңінен талқыланған болатын. 

«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» акционерлік қоғамы президентінің кеңесшісі Роза Асанбаева, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Құрбанбаева және Қазақстан Туризм индустриясы одағының директоры Инна Рей қатысқан бұл жиында халықаралық көрме арқасында туризмнің дамитындығы да егжей-тегжейлі түсіндірілді. Көрменің өзі Астана қаласында өткенімен, шетелден келетін қонақтардың елдегі басқа да аймақтарға ат басын бұратыны айдан анық. Ал еліміздің бай тарихынан сыр шертіп, мың жылдық өткеніміздің нақты ескерткіштерін әлем халқына паш ететін бір өлке болса, ол – біздің Тараздың төрі, Жамбылдың жері. Тарихи тойы ЮНЕСКО көлемінде тойланған Қазақ хандығының алтын ордасы саналатын облысымыз бай тарихи жәдігерлерімен қатар, қонақжай халқымен ерекшеленеді. Сондықтан, біздің өңірімізде де халықаралық көрмеге дайындық жүргізілуде. Жалпы республикалық деңгейде бұл мақсатта атқарылып жатқан істерге қысқаша тоқтала кетсек. Қазір «Ұлттық компания» жүргізген кешенді талдау нәтижесінде туризм жолбағдарына жалпы бағыттар тізілімі әзірленуде. Бұл жолбағдарларға «Recommendedby EXPO» белгісі қойылатын болады және олар туралы ақпарат компания сайтында жарияланбақ. Сондай-ақ, «Recommendedby EXPO» тізіліміне енгізілген тур­пакеттерді ілгерілету және сату жөнінде tripadvisor және booking.com секілді ірі туристік порталдармен келіссөздер белсенді жүргізілуде. Инвестициялар және даму министрлігінің зерттеулері бойынша, көрмеге келеді деп күтіліп отырған қонақтардың саны 2 миллионнан асып жығылады деп күтілуде. Бірақ, елімізде бүгінде қызмет көрсетіп жатқан қонақүйлердің жалпы бөлмелер қоры 6,3 мың ғана екен. Сондықтан, 2017 жылға қарай қосымша тағы 73 қонақүй салынбақ. ЭКСПО брендінің қолдау көрсетуімен Жібек жолының қазақстандық бөлігі бойында «OrientExpress» санатына жататын пойызды іске қосу мәселесі қаралуда. Сондай-ақ, Астанаға дейінгі ұшақ билеттерінің ішіне «ЭКСПО-2017» көрмесіне барудың құнын кіргізу туралы «Эйр Астанамен» және шетелдік әуе компанияларымен келіссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді. Роза Асанбаева жергілікті туристік компаниялар және де шетелдік компаниялар тарапынан бұл жұмыстарға қызығушылық танытқандардың көп екенін айтады. Мәселен, бірнеше қазақстандық туроператорлар қазірдің өзінде туристік пакеттерге «ЭКСПО-2017» көрмесінің билетін қосу мүмкіндігін қолға алуда. «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясымен ынтымақтасуға әлемдегі ең ірі туроператор Tou­risticUnionInternational (TUI) да қызығушылық танытуда. Айта кетейік, аталған неміс операторы әлемнің 180 елінен жылына 30 миллионнан аса тұтынушыға қызмет көрсетеді. Еуропаның бір өзінде TUI компаниясына 1800-ден аса туристік агенттік тиесілі. Мамандар ЭКСПО көрмесі секілді ауқымды іс-шараларды өткізу туризм саласын ғана емес, экономиканың басқа да салаларын дамытуға ықпал етеді дейді. Статистика мәліметтеріне сүйенсек, 1 турист өзі келген ел аумағында 1,5 мың долларға жуық қаржыны жұмсайды екен. Сонымен қатар, ондай шара кезінде бірқатар жұмыс орындары ашылады. Яғни, «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу кезінде елдегі жүздеген азамат жұмыспен қамтылмақ.

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».