Путин: Біз дәл бүгінгідей қылмысқа ешқашан төзбейміз
Путин: Біз дәл бүгінгідей қылмысқа ешқашан төзбейміз
Ресей президенті Владимир Путин ресейлік Су-24 әскери ұшағының Түркия шекарасынан бір шақырымдай қашықтықта атып түсірілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, «бұл инцидент екі елдің қарым-қатынасына сызат түсірді».
Ресей президентінің айтуынша, ұшақ Сирия территориясында «Ислам мемлекеті» экстремистік тобымен күрес операциясын жүргізіп жатқан және Түркияға ешқандай қауіп келтірмеген.
«Әр елдің өз аймақтық мүддесі бар екенін түсінемін және оған біз әркез де құрметпен қараймыз. Бірақ біз дәл бүгінгідей қылмысқа ешқашан төзбейміз», – деді Путин 24 қарашадағы Сочиде Иордания королі Абдулла II-мен кездесуде.
Ресей қорғаныс министрлігі өкілінің хабарлауынша, Су-24 ұшағы атып түсірілген соң ресейлік әскери ведомство түрік әскери атташесін шақырған.
Бұған дейін Ресей қорғаныс министрлігі ресейлік Су-24 истребителінің Сирияда құлағанын растаған еді. Түрік баспасөзі Түркияның әскери қорғаныс күштері елдің әуе қорғанысы кеңістігіне алдын ала ескертуге қарамастан енген белгісіз ұшақты атып құлатқанын хабарлаған болатын.