Айна қалай пайда болған?
Айна қалай пайда болған?
Жалпы, айна мен оның тылсым құпиялары туралы аңыз әңгімелер мен түрлі оқиғалар ел аузында көптеп кездеседі. Оның ерекшелігі ғылымы дамымаған ежелгі замандарда тіпті ерекше айтылатын болған. Грек мифінің кейіпкерлерінің бірі жас бозбала Нарцисс судағы өз бейнесіне сүйсініп қарағаны соншалық, Құдайлардың үкімімен қалай гүлге айналып кеткенін де байқамай қалған деседі. Ежелгі грек мифтерінің тағы бірінде Медуза есімді құбыжық өзіне тіке қараған кез-келген тіршілік иесін тасқа айналдырып жіберетіні, оны тек Персей есімді батыр өзінің қалқанына түскен Медузаның бейнесіне қарап отырып қана жеңгені айтылады. Жалпы, адам бейнесі мен оның айнаға қарауына қатысты әр елде әртүрлі аңыз әңгімелер мен тылсым құбылыстар жайлы көп айтылады. Ең алғашқы айна ретінде сутас, пирит және жанартаудан пайда болған шыны пайдаланылған. Ал археологтар осыдан 7,5 мың жыл бұрын жанартау шөгіндісінен жасалған айнаны Түркия жерінен тапқан. Энеолит және қола дәуірлерінде (б.з.б. IV-III ғ.ғ.) тастан өңделіп, жылтыратылып жасалған айналардың орнын темірден, қола, алтын мен күмістен жасалған айналар алмастырды. Оларды өңдеу тасты өңдеумен салыстырғанда анағұрлым оңай еді. Жалпы, түрлі металдардан жасалған қол айналар Египеттен ежелгі Грекияға, Үндістаннан Қытайға дейінгі көптеген елдерге мәлім болған. Бастапқыда айна өте қымбат бағаланатын және оны кез-келген адам ала алмайтын. Ежелгі грек пәлсапашысы Сократ жас жігіттерге айнаға көп қарауға кеңес берген. Ол сол арқылы түр-түсі келіспегендер өзін рухани байытуды, ал келістілері кесірліктен сақтану керектігін айтқан. Жалпы, металл айналарды жасау мен қолдану оңай болғанымен, оның бұзылуы да тез болды. Өйткені, оны тиісінше күтіп ұстамау мен ауадағы түрлі қосындылармен тат басып немесе қарайып кететін. Сөйтіп, біздің заманымыздың I ғасырында, Римде алғашқы шыны айна пайда болды. Әрине, айнаны жасау 3 мың жыл бұрын пайда болғанымен, адамдар оны жасауды тек біздің заманымызда ғана қолға алды. Орта ғасырларда айна Еуропа елдерінде мейлінше жоғалып кетті. Өйткені, шіркеу қызметкерлері айнаға қарау арқылы адам өзінің ішкі жан дүниесінің тазалығын жоғалтады және өзіне деген тоқмейілсу пайда болады деген шешім қабылдаған. Ал кейбір сенім иелерін айнаның арғы жағынан әзірейілдің өзі қарап тұрады деп қорқытқан. Орта ғасырларда емшілер айна арқылы адамдарда кездесетін шешек, өкпе ауруларын, психологиялық ауытқуларды емдеуге тырысқан. XIII ғасырдың аяғында францискандық монах Джон Пекам бүгінгі қолданыстағы айнаның алғашқы нұсқасын қалай жасау керектігін жариялайды. Сөйтіп, айнаның пайда болуы 1279 жыл, ал оны алғаш жасаушы Джон Пекам болып қабылданды. Қалыптасқан көзқарас бойынша айнаның Отаны болып Венеция табылады. Алайда, оның бастауында фламандтықтар мен голландтықтар тұрды. Фламандтық айналарды Караваджоның «Марфа және Мария Магдалина» және Ян ван Эйктің «Чета Ар-нольфини» атты картиналарынан көруге болады. Тек жүздеген жылдардан соң айна жасау өндірісі венециялық шеберлерге ауысты. 1291 жылы Венецияның айна жасаушылары Мурано аралына көшірілді. Онда айна өте қиын технологиямен жасалатын. Венеция басқарушылары айна жасау ісіне асқан қызғанышпен қарап, оны қызғыштай қорғайтын болған. Тіпті, 1454 жылы айна жасаушылар елден шықпауы керектігі туралы шешім шығарылып, шетелге кеткендері қайтарылған, оралмағандарының соңына қарақшыларды жіберіп, өлтіріп отырған. Венециялық айналар өте қымбат бағаланған және ел экономикасына айтарлықтай пайда келтірген. Қанша тырысқанымен, Муранодағы шеберлердің ісін өзге елде дамытушылар пайда болып, XIV Людовик кезінде Нормандияда алғашқы айна жасау өнеркәсібі іске қосылды. Ал 1688 жылы француздық шеберлердің бірі айнаны үлкен көлемде жасап шығарған. Сөйтіп, жылдар өте бұл іс түрлі жаңалықтармен толыға түсті. Келесі революциялық жаңалық 1855-1856 жылдары неміс химигі Юстус фон Либихтің айнаны күмістендіру технологиясын енгізуі еді. Бұл жаңалық күні бүгінге дейін өз құндылығын жоғалтқан жоқ. Өйткені, нақ осы технология бүгінгі айна өндірісінде кеңінен қолданылады. Ал Ресейде айна өндірісі Петр біріншінің кезінде, 1851 жылы, қаланған болатын. Жалпы, айнаның пайда болуы, оның адамдар арасында тудырған түрлі көзқарасы мен қызықты деректер өте көп. Біз солардың тек негізгілеріне тоқталып өттік. Бүгінде айна жасау мен оны қолдану арқылы түрлі технологиялар ойлап табу ісі жалғасуда. Мысалы, голландиялық «Nedap» компаниясы киім дүкендеріндегі киім өлшейтін бөлмелер үшін арнайы айна жасап шығарған. Оның көмегімен киімді сатып алушы онлайн режімде достарына киіп тұрған киімін көрсетіп, талқылай алады. Сондай-ақ, онда орнатылған «Tweet Mirror» гаджетіндегі HD-камера арқылы сол мезетте суретке түсіп, өз суретін Twitter секілді әлеуметтік желілерге жүктей алады.
Әзірлеген Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».