Мәжіліс бағалы металдар мен асыл тастар туралы заң жобасын мақұлдады
Мәжіліс бағалы металдар мен асыл тастар туралы заң жобасын мақұлдады
Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.
Заң жобасының мақсаты бағалы металдар мен асыл тастарды өндіру және олардың айналымы, бағалы металдармен және асыл тастармен операцияларды мемлекеттік реттеу және бақылау болып табылады. Бұдан бөлек, Қазақстанда зергерлік өнеркәсіпті дамытуға жағдай жасалып, осы бағытта туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеудің бірыңғай заңнамалық негізі қалыптасады.
Сонымен қатар заң жобасында Үкіметтің, Ұлттық банктің, бағалы металдар мен асыл тастар айналымы саласындағы уәкілетті органның құзыретін айқындап, осы саладағы заңнаманы бұзғандарға жауаптылық белгіленеді.
Ұлттық банк бағалы металдар активтерін толықтыру үшін, бағалы металдар өндірісі субъектілерімен және қайта өңдеу нәтижесінде меншік иелері болған тұлғалармен аффинирленген алтынды сатып алу жөнінде мәмілелер жасасуға мемлекеттің басым құқығы белгіленеді. Сонымен қатар құжатта Қазақстанның аумағында өндірілген және өткізілетін бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды сынамалау, оларды таңбалау міндеті қарастырылады. Ондай атаулы таңбалар уәкілетті ұйымда тіркелуге міндетті болады.
Мәжіліс мақұлдаған құжат енді Парламент Сенатының жалпы отырысына шығарылады.