Қайран, Кітап!..
Қайран, Кітап!..
Қайран, кітаптарым-ай менің! Сендерді жер-көкке сыйғыза алсамшы! Араларыңда бала кезімде достарым сыйлағаны, асыққа айырбастап алғаным, туыстарымның үйінен «жымқырып» кеткенім де бар еді...
Ол бір... кітапқа деген құрмет ерекше, кең заман екен-ау! Әлде адамдарының оқуға деген ынтызарлығы зор ма? Әйтеуір, кітапсыз үй болмайтын. Түздегі малшының, тіпті трәктіршінің де қолында кітап, не журнал... Оның өзін бос уақыт болып жатса, оқырмын деп қоныштарына сала кететінін қайтерсің! Олардың және көпшілік жиналған жерлерде жаңа шыққан көркем әдебиеттерді талқылап «қызыл шеке» болатыны ше... Көзі ашық қоғам екен... Ал қазір... «кітап оқымайтын» қоғам қалыптасты. Кітап деген мұхитыңыз басқа арнасын тапты – компьютер, ғаламтор иіріміне жұтылып, «бір тарының қауызына» сыйып кетті. Ал ол «мұхит» екінің бірі үшін қолжетімді емес. Сиыр бүйрегіндей жықпылы да, жұмбағы да, сын-қатері де мол тылсым әлем. Ондағы «кітаптарды» бағзы кездегідей қонышыңа бүктеп сала алмайсың, іші-тысына сіңген баспахана бояуы иісін тұшына иіскеп, басыңа жастанып рахаттана оқи да алмайсың. Ондағы «кітаптар»... Сіз не десеңіз де мейлі, менің балалық шағымдағы кітаптарымды аңсап, кірпігіме жас ілінді. Одан-бұдан құрап, жеке кітапханамды жасақтауға кіріскенім есімде. Бұған сол кезде басшы қызметтегілердің төр үй жиһазын аузы-мұрнынан шығарып, тек сән үшін ғана қымбат кітаптар жинайтынының себі де тиді-ау. Сол кездегі басшылардың кітапты оқып емес, жиып үлгі көрсеткеніне де рахмет. Бұл да кітапқа құрмет екен. Кітаптан қадір кетпеген кез екен ол. Бәрі де есімде. Үйдегі кітаптарым көбейгеннен кейін мен де... өз қолыммен ағаштан қиып үлкен кітап сөресін жасадым. Ернеулерін оюлап, тұтас лакпен бояғаннан соң «жұтынып» шыға келді өзі де. Өйтіп-бүйтіп басын құраған бірнеше жүздеген кітапты сөрелерге қаттап жинап та қойдым. Сөйтсем, кітапты жию да, сақтау да ғазауат іс екен. Өзім әскерге кеткенімде кітаптарым «талан-таражға» түсіп, ішім удай ашығаны бар. «Жау» алыстан емес, ағайындарымның үйінен шықты. Кішкентай «кітапқұмарлар» да, баяғы. Кітап қадірін біле ме, біразының іші-тысына сурет салып, жарамсыз етіп тастапты. Ортайып қалған «кітапханамда» қалған-құтқандарын кейін келіншегім «бастық» болуы үшін ауыл кітапханасының атамзаманнан бері жинақталған қарызы өтеуіне беруге де көзім қимады. Ауылдастарымнан, туыс-ағайындарымнан жиналды кітаптар. Кейін... тоқсаныншы жылдары қазақ көркем әдебиетінің небір жауһарлары құны түсіп, болмашы тиын-тебенге өткерілуі кітап сөрелерімнің бүйірі қайта толуына септесіп еді. Кітапты сақтап, қорғау мәселесінде ұсынақтылық та қажет. Үйінің төрт қабырғасына сықастыра әлем әдебиеті жауһарларынан бастап сол тұста шығатын «Тамаша адамдар өмірі» топтамасына дейін қалтасынан ақша шығарып сатып алатын, тіпті пошта арқылы да алдыратын кітапқұмар ағаларым болды. Кітапқа келгенде ділі қатты еді олардың. Өздерінде жоқ болған соң, әлдебір кітаптарды сұрап барғанында, бір ағамыздың «Әйелімді сұрасаңдар, алыңдар, бірақ кітап бере алмаймын» дегенін естіп, жағаларын ұстап келген кітапханашыларды да білеміз. Екінші бір ағамыздың да өзінен оқи тұруға алған кітабымызды «қайтар да қайтар» деп, қыр соңымыздан қалмайтыны есімізде. Сөйтсек, олар өздерін сол жеке кітапханаларының «бас шырақшысы» сезінеді екен ғой. Қазір де кітапханашылардың денінің қандай да бір құжатыңды кепілге тастамасаң, қанша жерден оқуға емініп тұрсаң да кітап бере қоймайтыны, берген күнде де қашан қайтарасыз деп тықақтап сұрап, мазаңды алып бітетіні сол ағаларымды еске түсірері бар. Кітаптың қадіріне жетуді, міне, солардан үйренсек етті. Біздің «үй кітапханамыз» дегеніміз олардыкінің жанында ойыншық секілді, әрі кетсе бес жүздей ғана кітабы бар. Соның өзін жер-көкке сыйғыза алар емеспін. Неге дейсіз ғой... Айтайын. Қазақ болған соң үйден-үйге көшуге етің үйреніп кетеді екенсің. Айналасы он шақты жылдың ішінде төртінші рет көштік. Осыдан біраз жыл бұрын бір қаламдас бауырымның коттеджден көп қабатты үйге көшуі «салтанатына» куә болғаным бар. Ол бүкіл көш барысында сабақты инеге қол тигізбей, үйеме-төкпе кітаптарының ғана жайын күйттеп: «Әй, әнебіреусі түсіп қалмасын!» – деп, баласына нықтап тапсырумен жүрді. Оның бұл қылығы күлкімді де келтірген. «Күлме жасқа, келер басқа» деген. Ал мен... кітаптарымды сол бауырым секілді көшке тиеп, бірден алып кете де алмадым. Ескі жұртта бобырады да қалды. Балалардың айтуынша, қазіргі жаңа жобамен салынған үйлерде кітап қоятын жер қарастырылмаған әрі үйге кітап жинау сәннен қалып қойған секілді. Оған мысал келтіріп, бірқатар туыстарымыздың атын атады. Иә, олардың бірде-біреуінде емге кітап жоқ, әлдеқашан «кітап жинамайтын» отбасына айналған. Біздің де соларға ұқсауымыз керек, әйтпесе «ұят» болады екен. Жұбайым да тарақан деген пәлекеттің басқаға емес, тап осы кітап-қағазға үйір келетінін есіме салды сол жерде. Ойланып қалдым. Осылар менің кітап оқудан рахат табатынымды біле ме екен өзі? Жұмыс барысында өзіме қажет мәлімет, жазбаларды оқып ала қоюым үшін кітаптарымды ақтарыстырып қарауым да мүмкін ғой. Кітап шіркін, шабыт сыйлап, ойыңды да оятады емес пе? Айтпақшы, бір жылдары жоғары оқу орнында оқығанымда, ешбір кітапхана есігін ашпай-ақ, өзімде бар ғылыми, көркем әдебиеттерді ғана пайдаланып, бақылау жұмыстары мен емтихандардан сүрінбей өткенімді кім білер? Кітабы жоқ үйге көшкеннен кейін өне бойы өзіме бірдеңе жетіспейтін секілді сезіндім де жүрдім. Бірдеңені түртіп жазуым үшін де қажетті кітапты іздеп, ескі үйдегі «құжыра-кітапханама» әлденеше мәрте бардым. Үй иелерінен де ұят болды. Осындай-осындайдан ғой, кітаптарымды жаңа қонысқа түгел көшіріп алу мәселесін жиі қозғап, «жаңа жобада салынған үйлерде кітап жинаудың сәннен қалғанын» ұдайы есіме салудан танбайтын балаларым мен кемпіріме қарсы «күресімді» жыл бойы табандылықпен жалғастыра бердім. Ақыры, өзара бейбіт келісімге де келдік. Биыл жазда балконнан бірнеше ұясы бар қампиған дәу шкаф тұрғызғанбыз. Өкінішке қарай, кітаптарыма оның жоғарыдағы екі сөресі ғана бұйырды. Одан-бұдан жиған көр-жер дүниесі көп пәтерде тұратын қала қазақтарының бәрінің де жағдайы осындай. Амал не? Кітаптарымды қайта сұрыптап, буып-түюіме тура келді. Бірнеше тең болды өзі де. Бірін жергілікті кітапханаға өткіздім. Екіншісін ауылдағы ағамның үйіне апарып тастадым. Қаладағыдай құйттай құжыра емес, ауылдағы үйдің «етек-жеңі» кең ғой. Ағам бір-ақ күнде шағын кітапхана жасақтап, бала-шағасымен кітап ақтарып, қарық болды да қалды. Ал өзім қала пәтерінде кітап жинау «тәртібіне» көндіккен сыңайлымын. Өзіме керегі болады-ау дегендерімді жұмыс бөлмеме апарып, қаттап жинап қойдым. Керегі болса, сіз де алып оқыңыз. Құр тұрғанша, әжетке жарағаны жөн. Қайран, кітаптарым-ай менің! Сендерді жер-көкке сыйғыза алсамшы! Үрдей жаңаларың қаншама! Дегенмен, бағзы бір кездерде кітапты бас алмай оқитынымды біліп, болашағымнан үміт етіп, аға-іні, достарым: Тәңір, Тәжіхан, Мұрат, Марат, Жексен, Бейішбектер – берген, атаулы күндерде сыныптас қыздар сыйлаған, асыққа, ләңгіге айырбастап алған, балалық шағымда сырласым, серігім болған, жүз қаралы кітап, сендер бәрібір көзіме жылы ұшырайсыңдар да тұрасыңдар...
Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».
Тараз қаласы.