Тілегенің... «Ақ жолдан», іздемей-ақ табылар
Тілегенің... «Ақ жолдан», іздемей-ақ табылар
Газеттің тірегі – оқырман. Көзі ашық, көкірегі ояу, ойлы оқырманы, 90 жылдан астам тарихы бар өңір баспасөзінің қара шаңырағы саналатын облыстық «Ақ жол» газеті елмен етене болуды баяғыдан-ақ дәстүрге айналдырған. Газет ұжымы оқырмандардың ой-пікірі мен талап-тілегін, ұсыныстары мен мұң-мұқтаждарын тыңдауға, басылым бетінде жария етуге әрқашан әзір. Осы мақсатта газетіміздің бас редакторының бірінші орынбасары Ақылжан Мамыт бастаған топ қойнауы қазынаға, төскейі төрт түлік мал мен егінге толы қасиетті Құлан жеріне арнайы ат басын бұрды.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Бейсенбек Әлпейісов ашып, жүргізді. Ол «Ақ жолдың» соңғы уақытта қамтитын тақырып ауқымының артып, мазмұны байып, ажары айшықтала түскеніне ерекше тоқталды. «Мұны газетке басшылыққа келген Көсемәлі Сәттібайұлының соны ой, терең талғампаздығы және тынымсыз ізденісінің нәтижесі деп білемін», – деді. Келесі кезекте сөз алған бас редактордың бірінші орынбасары Ақылжан Мамыт басылымда бүгінде қолға алынып, жүзеге асырылып жатқан қыруар шаруалар туралы әңгімеледі. – Облыс баспасөзінің қара шаңырағы билік пен халық арасын жақындата түсуге, өңірлердегі түрлі түйткілді мәселелерді көтеріп, қоғамдық ойды қозғауда өзіндік бет-бейнесін қалыптастырды. Бүгінде газет ұжымы жас мамандармен толығып, бәсекеге сай, оқырманға тартымды, мазмұнды мақалалар жариялау жолында барынша ізденіс үстінде, – деді ол өз сөзінде. Мұнан соң Ақылжан Қорғанбайұлы жиналған жұртшылықты ұсыныс-пікірлерін айтуға шақырды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов «Ақ жол» газетін жаздырып оқып келе жатқанына 40 жылдан асыпты. «Бір кездері бұл газет ұлтымыздың ұлы тұлғалары Дінмұхаммед Қонаев, Асанбай Асқаровтардың басына қиын-қыстау күн туғанда қылышынан қан тамған кеңестік кезеңнің сұсынан қаймықпай, ар таразысын биік қойып, атпал азаматтарымызды ақтап, дүркін-дүркін мақалалар жариялады. Осы батылдығымен, шыншылдығымен республикаға, одаққа әйгілі болды. Одан кейін де басылым облыстың шежіресі, тамыршысы және тарихы болды. Соңғы уақытта оқырмандарын мазмұнды мақалаларымен қуантуда. Бүгінгі бет-бейнесі, ұстанған ұстанымы 40 жылдан аса қол үзбей оқып келе жатқан біздің көңілімізден шығады», – деп ағынан ақтарылса, аудандық мұражайдың меңгерушісі Есназар Құрымбаев іздеген көп дүниені «Ақ жолдан» тауып отырғанын тілге тиек етті. Тіпті, газетіміздің бірінші бетінде жарияланатын «Даналық дәніне» ерекше тоқталып, «Еңбек ет те егін ек, жарымасаң маған кел, белді бу да бейнет қыл, байымасаң маған кел» деген сөзді кабинетінің төріне іліп қойғанын жеткізді. Сондай-ақ ол газетте «Аңыздың түбі – ақиқат» деген арнайы айдар ашылса деген ұсынысын айтты. Мұнан соң аудандық «Құлан таңы» газетінің бас редакторы Тұрсынхан Жаманбаев сөз алып, «Ақ жолдың» жолы әрқашан ақ болсын деп тілектестігін білдірді. Өз кезегінде басқа да оқырмандар сұрақтар қойып, пікірлерімен бөлісті. Жиыннан кейін шығармашылық топ аудандағы «Ақтоған», «Айдар», «Шәушен» шаруа қожалықтарында болып, өндіріс орындарын аралап, оқырмандардың ой-пікірлерін, ұсыныстарын тыңдады. Бұйырса, көз көріп, көңілге тоқыған жайттар жайында газетімізде дүркін-дүркін мақалалар жарияланатын болады.
Нұрболат Әлдибеков, «Ақ жол».
Т.Рысқұлов ауданы.