Әкімшілік кедергілер көп
Әкімшілік кедергілер көп
кәсіпкерліктің кең қанат жаюына сол тежеу болуда
Облыстық кәсіпкерлер палатасы ағымдағы жылы атқарған жұмыстары жайлы кәсіпкерлер алдында есеп берді. Жиынды облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков ашып берді. Бекболат Серікбекұлы кәсіпкерлер палатасының шағын және орта бизнестің дамуына айрықша үлес қосып келе жатқанын, атқарушы органдар мен кәсіпкерлер арасында байланыстырушы болып отырғанын айтып өтті. Жиында облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова жыл басынан бері атқарылған жұмыстармен қатар, кәсіпкерлікті дамытуға кедергі болып отырған өзекті мәселелерге де тоқталып, көкейде жүрген көп сауалға жауап берді.
– Есепті мерзімде кәсіпкерлік субъектілерінен 240 арыз-шағым түсті. Оның 59-ы кәсіпкерлер құқығына қатысты. 28 мәселе оңтайлы шешімін тапты. Мәселен, Жуалы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті «Ауыл Мұнай» жеке кәсіпкерлігіне қатысты «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 213-бабы бойынша әкімшілік іс қозғаған екен. Кәсіпкерлер палатасының араласуымен кәсіпкер құқы қорғалды. Сонымен қатар, жеке кәсіпкер А. Шыныбекова мен жеке тұлғалар арасындағы даудың соңғы нүктесі қойылып, 1,5 миллиард теңгеден астам көлемдегі айыппұлдан босатылды. Кәсіпкерлікті дамытуға әкімшілік кедергілер де көп кесірін тигізуде. Біз облысымызда шағын және орта бизнестің дамуына тежеу болып отырған 27 әкімшілік кедергіні анықтадық, – деді Қ.Аралбекова. Директордың айтуынша, кәсіпкерлер палатасы былтырдан бастап «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында іс жүзіндегі бизнеске бағытталған Сервистік қолдау көрсету жобасын қолға алған. Нақтырақ айтсақ, кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік бағдарлама аясында қаржылық және бухгалтерлік, кедендік және сыртқы экономикалық қызмет, менеджмент жүйелерін енгізу, заңгерлік кеңестер беру, маркетинг, IT-технологиялар, мемлекеттік сатып алулар, менеджментті жүргізу бойынша тегін қызметтер көрсетуде. Жоспар бойынша 1508 кәсіпкерге Сервистік қызмет көрсету қажет болса, бүгінге дейін 1938 азаматқа көмек көрсетіліп, жоспар 94 пайызға орындалған. – Биыл аудандарда кәсіпкерлікті қолдау орталықтары ашылғаны белгілі. Есепті мерзімде осы орталықтарға 4036 адам қайырылып, оларға 14 603 кеңес беру қызметтері көрсетілген. Менеджерлер көмегімен кәсіпкерлер ұсынған 304 жобаның 162-сі мақұлданды. 71 кәсіпкерге тегін бизнес-жоба жазып берілді, – деді есеп беру жиынында Қарлығаш Аралбекова. Өңірлік палата басшысының айтуынша, кәсіпкерлер палатасы білім мен тәжірибені қатар ұштастыру, облысымыздағы кәсіпорындарды қажетті мамандармен қамту ісін де назардан тыс қалдырмапты. Палата құрылған алғашқы күндерден бастап қолға алынған шаралардың бірі дуальды оқытуды жандандыру болған. Атап айтқанда, жыл басынан бері дуальды оқытудың Жол картасына 27 колледж енгізілген. 1464 білім алушы 132 кәсіпорынмен жасалынған 179 келісімшарт негізінде 9 бағыт бойынша білім-білігін жетілдірген. Кәсіпорындарда дуальды оқытуды енгізу және оқу-өндірістік тәжірибені ұйымдастыру мақсатында 87 тәлімгер бекітіліп, 6 кәсіпорын мен колледждерді қамқорлыққа алу бойынша келісімге қол қойылған. Колледжді корпоративтік (бірлесе) басқару туралы «Казфосфат» ЖШС, Тараз химия-технология колледжі, кәсіпкерлер палатасы және облыстық білім басқармасы арасында 4 жақты келісімшарт жасалынған. Дуальды оқыту бойынша ҰКП бірлескен Халықаралық жоба аясында Трир қаласының Өнеркәсіп палатасы (Германия) және кәсіпорындармен 6 келісімшарт жасалынып, 14 тәлімгер бекітіліпті.
Наурызбек САРША, «Ақ жол».