Болашаққа бастаған 100 қадам
Болашаққа бастаған 100 қадам
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және жаңа тарихи жағдайларда ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамы облыс әкімдігінің мәжіліс залында өткен алқа жиналысында кеңінен талқыланды.
Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов төрағалық еткен жиында аталған реформаны іске асыру бойынша ұлттық комиссия және арнайы ақпараттық топтар құрылып, жоспарлы жұмыстар қолға алынғаны сөз болды. Жалпы, қазан айында Қазақстан Республикасы мемлекеттік хатшысының «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының негізінде № 8, 9, 10 өкімдері шыққаны мәлім. Оған «Болашаққа 100 қадам» медиажоспары, «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» идеясын ілгерілету бойынша іс-шаралар жоспары және «Болашағы біртұтас ел» жалпыұлттық ақпараттық науқанының республикалық іс-шаралар жоспары еніп отыр. Облыс активінің жиналысында осы «Ұлт жоспары» жобаларын іске асырудың тетіктері қарастырылды.
Жалпы, реформаның басты міндеттерінің бірі – еліміздегі экономикалық бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуын және мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру, кәсіби мемлекеттік аппарат құру. Бұл туралы 15 қадамда нақты көрсетілген. Мемлекеттік қызметтің сапасын көтеру үшін жаңа Заң қабылдануы керек еді. Елбасы тапсырмасына сай, жуырда «ҚР Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заң қабылданды. Бұл – мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың барлық талаптарға сай және халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істей алатындай болуын қамтамасыз ету үшін жасалған қадам. Жиында аталған бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатқанын және жаңа Заң талаптарына сай нендей өзгерістер енгізілгенін облыс бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Ғалым Тұрсынбаев баяндап берді.
Ұлт жоспарында Заңның үстемдігін қамтамасыз ету мәселесі 9-қадамда көрініс тапқан болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар жайлы облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Нүркен Бөлесбай айтып берді. Сондай-ақ, облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және ішкі саясат басқармаларының аталған реформа аясында атқарып жатқан жұмыстарының есебі тыңдалып, жұмыс жоспарлары талқыланды. Алқа отырысы барысында тыңдалған барлық баяндамалар бес институционалдық реформаның жүзеге асуына ат салысатын ақпараттық топ мүшелері үшін анықтама материалы ретінде әзірленіп берілетін болды. Айта кету керек, облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасы жоғарыда қабылданған жобалар аясында түрлі іс-қимыл жоспарын құрыпты.
Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».