Экономика

СУ ӨЛШЕУ ҚҰРАЛДАРЫ ЖЕТІЛДІРІЛУДЕ

СУ ӨЛШЕУ ҚҰРАЛДАРЫ ЖЕТІЛДІРІЛУДЕ

Ауыл шаруашылығы саласындағы технологиялардың жетілдірілмегендігі, өндірістің ұсақ тауарлы болуы, ауыл шаруашылығы саласындағы түрлі ресурстардың толық қуатында жұмыс істемеуі экологиялық талаптарды сақтауға мүмкіндік бермей отыр. Мұның өзі отандық аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. ДСҰ мен Кедендік одақта импорттың басым болуына, жергілікті өндірушілердің өткізу нарықтарынан ығыстырылуына әкеліп соғуы мүмкін.

Қазіргі таңда жаһандық климаттық өзгерістерге байланысты судың тапшылығы мен жер асты және жер беті суларының ластануы байқалуда. Республика аймағында ауа райы жағдайының қолайсыздығы мен трансшекаралық өзендердің су бөлінуін болжамдағанда 2040 жылдарға қарай жер бетінде ауызсу тапшылығы айрықша сезіледі. Болашақта су тұтынуға сұраныстың өсуі мен су қорларымен қамтамасыз етудің төмендеуіне байланысты 2030 жылдарға қарай елдегі 8 өзен алабының алтауында су қорларына деген тапшылық өсе түспек. Мемлекетаралық Шу, Талас, Аса өзендеріндегі су мөлшері жылдан-жылға азаюда. Осының салдарынан ауыл шаруашылығымен айналысатын, жерлерді күтіп-баптап, егін салатын диқандар зардап шегуде. Қолдағы бар судың өзін үнемдеп қолдану мүмкін болмай тұр. Кеңестік кезеңде салынған су өлшегіш құралдар ескірген, бұзылған және кей жерлерде тіпті талан-таражға түсіп қиратылған. Жаңа құралдармен қамтамасыз етілетін гидротехникалық құрылымдар өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы кеңшарлар мен ұжымшарлар тараған соң салынбай қалған. Сол себепті, су торабы бойына қойылатын өлшегіш құралдарын орнату мәселесі шешімін таппауда. Егін шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтар арасында су бөлісуде келіспеушіліктер туындауда. 2014 жылы қабылданған су қорларын басқарудың мемлекеттік бағдарламасының мақсаты – 2014-2040 жылдарда су қорларын басқару жүйесін дамыту. Бағдарламада су тораптары мен басқа да нысандарының су қорларын есепке алу, бөлу және басқаруды автоматтандыру үдерістерін жетілдіру көзделген. Қазіргі таңда суару кешендеріндегі гидротехникалық құрылымдарды автоматтандырудың жаңа заманауи үлгілері электр, радио және телеқұрылғыларды пайдалану арқылы жүргізілуде. Олардың көптеген түрлері бар және бұл салада шетелдегідей біздің мемлекетімізде де ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты біраз жылдан бері су өлшегіш құралдары мен жабдықтарын жетілдіру жұмыстарымен айналысуда. Осы құралдардың көмегімен су қорларын тиімді пайдалануға болады. Біздегі су өлшейтін құралдар дүниежүзілік технологияның дамуының нәтижесінде микроэлектрониканың соңғы жетістіктері ескеріле отырып құрастырылған. Құралдардың пайдаланылуы қарапайым әрі сенімді. Оның техникалық және бағдарламалық жүйесі жан-жақты болып табылады. Суару барысында суды пайдалану тиімділігін арттыруға және ирригацияның зиянды экологиялық салдарын азайтуға септігін тигізбек. Олардың қатарында «ПВУ-Д», «ПВУ-А», «ПВУ-П», «ДУВ» құралдары бар.

Нұрлан Бақбергенов, Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының «Су қорларын басқару» бөлімінің ғылыми қызметкері.